Қаз   Рус  Eng

24.06.2015 Есеп комитеті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметші күніне арналған веложарыс өткізді

Есеп комитеті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметші күніне арналған веложарыс өткізді

Спорттық іс-шараға Есеп комитетінің және «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК-нің қызметкерлері қатысты.

Әйелдер арасындағы жарыста Есеп комитетінің бөлім меңгерушісі Қарлығаш Қасымова, инспекторлар Әйгерім Батталова және Еркежан Баймұратова озық шықты.

Ер адамдар арасында «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК-нің бөлім меңгерушісі Асқар Болатов, Есеп комитетінің бас консультанттары Ален Асқаров, Қайырбек Әлімбаев, сектор меңгерушісі Талғат Мүсілімов, бөлім меңгерушісі Рүстем Нұрпейісов және Есеп комитетінің мүшесі Константин Плотников жарыста үздік деп танылды.

Жеңімпаздар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі

18.06.2015 Есеп комитетінің Төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин Ресей Федерациясы Есеп палатасының Төрайымы Татьяна Голиковамен кездесті

Петербург халықаралық экономикалық форумының шеңберінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршиннің Ресей Федерациясы Есеп палатасының Төрайымы Татьяна Голиковамен екіжақты кездесу болды. Қозыкөрпеш Жаңбыршин форум бағдарламасына алғаш рет енгізілген арнайы аудиторлық панельдің сессиясына қатысу үшін РФ солтүстік астанасына келді.

Кездесуге қатысушылар Ресей мен Қазақстанның жоғары қаржы бақылау органдары (ЖҚБО) ынтымақтастығының екіжақты негізде де, халықаралық ұйымдар бағыты бойынша да жоғары деңгейде екенін атап өтті. Бұл ретте тараптар қазіргі кезде екі елдің бақылау ведомстволарының өзара іс-қимылы көбінесе еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестердің даму серпінімен айқындалатынына ерекше тоқталды.

Кездесу барысында Татьяна Голикова: «Бүгінгі таңда біз Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына және еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың барынша жоғары деңгейіне өтуге байланысты аса маңызды, тарихи сәтті өткеріп жатырмыз. Біздің мемлекеттеріміз қазір мүлдем жаңа шарттарда өзара іс-қимыл жасап жатыр. Ол экономикалық өсудің кең перспективасын және тұрақты, теңгерімді дамуға мүмкіндіктер ашатын болады», - деп мәлімдеді.

Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы уәкілетті органдарының Кеден одағында кедендік әкелу баждарын есепке алудың және бөлудің тәртібін белгілеу мен қолдану туралы келісімді сақтауын бақылау атты Ресей, Қазақстан және Белоруссия ЖҚБО-ларының бірлескен үшжақты бақылау іс-шарасының кезекті кезеңін өткізуге байланысты мәселелер кездесудің жеке тақырыбына айналды.

Тараптардың талқылауы барысында атап өтілгендей, аталған бірлескен аудит Еуразиялық экономикалық одақ форматында жұмыс істеуге көшу кезеңіндегі соңғы аудит болып табылады. Бұдан кейін кедендік әкелу баждары сомаларын есепке алудың және бөлудің тәртібін сақтауы мәселелері бойынша тексерулер басқа құқықтық шеңберде және Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа мүшелері – Арменияның, сосын Қырғыз Республикасының қатысуымен жүргізілетін болады.

Татьяна Голикова: «Аталған бақылау іс-шарасын үш тарапты форматта өткізу бойынша жинақтаған тәжірибеміз аудитке қатысушы барлық тараптар үшін пайдалы болатынына және алға қарай кеңейтілген құрамдағы бірлескен жұмысымызды жолға қойған кезде пайдаланатынымызға сенімдімін.»,- деп атап өтті.

Kazinform

Сенатта Үкіметтің және Есеп комитетінің есептері таныстырылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің таныстырылымы болды.

Депутаттардың алдында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин және Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары Олег Смолояков баяндама жасады.

Қаржы министрі Б.Сұлтанов жыл қорытындысы бойынша қаржылық нәтижелер теңгерімделгенін және бюджет түсімдері 5 989 миллиард теңге немесе түзетілген жоспарға қарағанда 99,4 пайызға немесе нақтыланған жоспарға 98,1 пайыз болып қалыптасқанын атап өтті. Кірістер 5 909 миллиард теңге сомасында немесе түзетілген бюджетке қарағанда 99,3 пайыз немесе нақтыланған бюджетке 97,9 пайыз түсті. Республикалық бюджеттің 2014 жылға арналған шығыстары 7 070 миллиард теңгені немесе жоспардың 99,4 пайызын құрады. Тапшылық бекітілген деңгейде – 1 081 миллиард теңге. 39,9 миллиард теңге пайдаланылмай қалды.

Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы негізгі қорытындыны айта отырып, 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын бағалау бюджет жүйесі нәтижелілігінің негізгі принциптерінің сақталуына жүргізілгеніне тоқталды. Үкіметтің есебіне сай, шығындар бойынша игерілмеген қаражат сомасы 18,6 миллиард теңгені құрады. Үкіметтің 7,8 миллиард теңге мөлшерінде бөлінбеген резерві қалды.

Әлемдік дағдарыстың теріс салдарлары, экспорттық өнімге әлемдік бағалардың төмендеуі, нәтижесінде, кәсіпорындардың экономикалық белсенділігінің төмендеуі бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуына әсер еткен.

Сонымен бірге, салықтық және кедендік әкімшілік ету сапасының тиісті дәрежеде болмағаны, шаруашылық жүргізуші субъектілердің салық тәртібінің төмендегені анықталды. 2014 жылы салықтық түсімдер бойынша бересі 2013 жылмен салыстырғанда 33,7 миллиард теңгеге немесе 2 есеге жуық ұлғайып, 78 миллиард теңгені құрады.

Бюджеттік сыныптаманың 28 кодына сай, республикалық бюджетке түсетін түсімдер бойынша 98,7 миллиард теңгенің жоспарлы көрсеткіштері орындалмаған.

Сонымен қатар, Есеп комитетінің бақылауы барысында мемлекеттік кіріс органдарының салық төлеушілерге банкротқа ұшырау мәртебесін негізсіз беруі арқылы бересі бойынша деректердің төмендетілгені анықталды.

Республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер бойынша аванс төлемдерінің артық төленген сомасы ұлғайғаны байқалады. Мәселен, 2015 жылғы 1 қаңтарға артық төлем 1,7 триллион теңгені құрады. Бұл – 2014 жылғы барлық салықтық түсімдердің жартысына жуығы (46%). Тек корпоративтік табыс салығы бойынша артық төлем 2013 жылға қарағанда, 28,4 миллиард теңгеге ұлғая отырып, 105,9 миллиард теңгені құрады.

Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары О.Смолояков өз баяндамасында ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде Ұлттық Банк ақша-кредит саласындағы міндеттерді айқындай отырып, ішкі және әлемдік экономикада қалыптасып жатқан алғышарттарға икемді және жедел әсер ету арқылы елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.

Бұл мақсатта Ұлттық Банктің Басқармасы 2015 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Ақша-кредит саясатын мақұлдады, онда орта мерзімді келешекте инфляциялық таргеттеуді енгізу болжанады. Бұл құжатта модельдеу жүйесін жетілдіру, ақша-кредит саясатының құралдарын кеңейту, шешімдер қабылдау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ коммуникациялық саясаттың тиімділігін арттыру көзделеді, себебі Ұлттық Банк саясатының транспаренттілігі және оның айқындылығы инфляциялық таргеттеудің маңызды элементі болып табылады.

2015 жылғы 8 мамырда Ұлттық Банк банктердің теңгедегі өтімділікке қолжетімділігін ұлғайту мақсатында ақша-кредит саясатының құралдары бойынша кепілмен қамтамасыз ету тізбесін кеңейту туралы шешім қабылдады.

Есеп құжаттарының таныстырылымы барысында сенаторлар бюджеттердің кіріс базасын одан әрі жетілдіру, мемлекет активтерін басқару тетіктері, атқарушылық тәртіптері бұзғаны үшін жауаптылық, қаржы мониторингі жүйесінің пәрменділігі, салық және кеден әкімшілендірулерінің тиімділігін жетілдіру, жұмыс орындарын ұлғайту мәселелерін көтерді.

Есептерді талқылау Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов жетекшілік ететін жұмыс топтарында жалғасатын болды.

14.05.2015

Мәжілісте Үкіметінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі таныстырылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың жетекшілігінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі таныстырылды. Құжат бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

Республикалық бюджетке 2014 жылда 5 988,5 млрд.теңге, яғни жоспарға 99,4% түскен. Негізгі бөлік немесе түсімдердің жалпы көлемінде 98,7% кірістерге тура келді, ол 5 908,8 млрд. теңгені құрады (жоспарға 99,3%), оның ішінде салықтық түсімдер 3 666,1 млрд. теңге немесе 98,2%, салықтық емес түсімдер – 131,7 млрд.теңге немесе 110,4%, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 7,7 млрд.теңге немесе 99,1% және трансферттер 2 103,3 млрд.теңге немесе 100,5% түсті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтері 2014 жылы 5 459,6 млрд.теңгеге толықтырылды және 2015 жылғы 1 қаңтарда 16 522,1 млрд. теңгені құрады, оның ішінде инвестициялық кіріс 1 955,0 млрд. теңге сомасында болды. Негізгі үлесті (63,5 %) мұнай секторынан түсетін тікелей салықтар құрады. 2014 жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 99,3%-ға немесе 7 069,7 млрд. теңге сомада атқарылды. 2013 жылмен салыстырғанда шығыстар 1 079,2 млрд. теңгеге өскен.

Шығыстар саласында бюджет саясатының басымдығы әлеуметтік міндеттемелерді бірінші кезекте қаржыландыру болды. 2014 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген зейнетақыларды, әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне жалақы төлеу уақтылы және толық көлемде қаржыландырылды.

Әлеуметтік салаға арналған шығыстар 2 680,2 млрд.теңгені құрады. 2014 жылы олардың көлемі жалпы ішкі өнімге 6,9%-ға жетті, ол тұрақты әлеуметтік климаттың сақталуына ықпал етеді. Бұл ретте 2014 жылы білім беруге 466,3 млрд. теңге, денсаулық сақтауға – 645,3 млрд. теңге, әлеуметтік көмекке – 1 462,3 млрд. теңге, мәдениетке, спортқа, туризм мен ақпараттық кеңістікке – 106,3 млрд. теңге жұмсалды.

Әлеуметтік шығыстармен қатар бюджет шығындарының жоғары деңгейі инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларға, ауыл шаруашылығын дамытуға тура келеді. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 316,5 млрд.теңге, отын-энергетика кешеніне және жер қойнауын пайдалануға – 95,0 млрд.теңге, ауыл, су, орман, балық шаруашылығына және қоршаған ортаны қорғауға – 233,8 млрд.теңге, өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне – 22,3 млрд.теңге, көлік және коммуникацияға – 493,6 млрд.теңге жұмсалды.

Республикалық бюджет тапшылығы 1 081,2 млрд.теңгені құрады.

Республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша депутаттарға Есеп комитетінің мүшесі Жансейіт Сәрсенқұлов республикалық бюджетті атқарудың 2014 жылы қалыптасқан макроэкономикалық жағдайларына, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына, сондай-ақ «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы баптарының орындалуына жасалған талдау ұсынды.

Есеп комитетінің бағалауынша, жалпы алғанда, Үкімет республикалық бюджет түсімдерінің нақтыланған параметрлерін, сондай-ақ шығыстар бойынша алынған міндеттемелерді іске асырған. Сонымен бірге 2014 жылғы республикалық бюджеттің қалыптастырылуы мен атқарылуы мәселелерінде бірқатар проблемалар мен кемшіліктер анықталды.

Республикалық бюджеттің параметрлері бірнеше мәрте нақтыланып, түзетілгеніне қарамастан, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері республикалық бюджет қаражатын жеткілікті дәрежеде тиімді пайдаланбаған.

Бюджет жүйесінің нәтижелілік принципі орындалмаған қаражат сомасы 378,5 млрд. теңгені құрады. Республикалық бюджеттің атқарылуын талдау салықтық және кедендік әкімшілік етудің жеткілікті дәрежеде тиімді емес екендігін, салық тәртібінің төмендегенін және республикалық бюджетке түсетін түсімдер шығынының орын алғанын көрсетеді.

Екі мемлекеттік және он бес салалық бағдарламаның іске асырылуын бағалау олардың тиісінше орындалуы қамтамасыз етілмегенін көрсетті, орталық және жергілікті деңгейлердегі орындаушылар өзара тиімді іс-қимыл жасамаған.

Бағдарламаларды іске асыру кезінде жол берілген бюджет және өзге де заңнама бұзушылықтарының жалпы сомасы 127,7 млрд. теңгені құрады, 56 млрд.теңге тиімсіз пайдаланылған. Жергілікті бюджеттерге түсетін кірістердің негізгі көзі, бұрынғысынша, трансферттер болып отырғаны байқалады.

2014 жылы нысаналы трансферттерді қалыптастыру және пайдалану кезінде жол берілген, анықталған қаржылық бұзушылықтардың сомасы 2013 жылмен салыстырғанда 40%-ға ұлғайып, 243,1 млрд. теңгені құрады.

Инвестициялық жобалар оларды уақтылы қаржыландырмау, конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімдерінің созылуы, жобалау-сметалық құжаттаманы және техникалық-экономикалық негіздемені сапасыз әзірлеу жағдайында іске асырылды.

Бұл жобалардың қымбаттауына, оларды іске асырудың тоқтатылуына, объектілердің пайдалануға уақтылы берілмеуіне алып келді.

Орталық мемлекеттік органдар инвестициялық жобаларды іске асырған кезде жалпы сомасы 34,3 млрд. теңгенің, соның ішінде 2014 жылғы республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде – 8,6 млрд. теңгенің бұзушылықтарына жол беріп, 8,1 млрд. теңгені игермеген. Жергілікті атқарушы органдар жол берген бұзушылықтардың жалпы сомасы 174,1 млрд. теңгені құрады, 2,2 млрд.теңгені игермеген.

Есепте Есеп комитетінің бюджет және өзге де заңнама талаптарын жетілдіруге, қаржы тәртібін күшейтуге, сондай-ақ республикалық бюджетті атқару және мемлекет активтерін пайдалану кезінде бұзушылықтардың алдын алуға және оларға жол бермеуге бағытталған ұсынымдары берілді. Бюджет кодексінің 141-бабына сәйкес, Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Парламентіне ағымдағы жылдың 15 мамырынан кешіктірмей, өзінің мазмұны бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті есебіне қорытынды болып табылатын, есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін ұсынды.

Баяндамашыларға Мәжіліс депутаттары Н.Сабильянов, З.Балиева, Е.Никитинская, Р.Халмұрадов, Ш.Мырзахметов, Г.Исимбаева, С.Романовская және Ә.Бимендина сұрақ қойды. Заң жобасы бойынша жұмыс тобаның жетекшісі Құттықожа Ыдырысов отырысты қорытып, алда болатын жұмыс тобы отырысының уақытын хабарлады.

ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне аккредиттеу жүргізу туралы хабарлама

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне аккредиттеу жүргізу туралы хабарлама

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті(бұдан әрі – Есеп комитеті) Үкіметтің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 477 қаулысымен бекітілген Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне аккредиттеу жүргізу ережесіне (бұдан әрі – Ереже) сәйкес, кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сараптамалық кеңестiң қызметi шеңберiнде жеке кәсiпкерлiк субъектілерініңмүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргiзу құқығын тану үшін жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiне аккредиттеу жүргізетіні туралы хабарлайды.
Аккредиттеу алу үшiн қажетті құжаттар тізімі:
1) Ережеге 1-қосымшаға сәйкес өтiнiш;
2) салыстыру үшін түпнұсқаны ұсынбаған жағдайда, құрылтай құжаттардың, бiрлестiктi заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы куәлiктiң немесе анықтаманың нотариалды куәландырылған көшiрмелерi;
3) бiрлестiк мүшелерiнiң тiзiмi.
Аккредиттеу алу үшін құжаттарды қабылдау мерзімі – 2015 жылғы 1 маусымға дейін.
Аккредиттеуге қатысу үшін толық құжаттар топтамасы: Астана қ., «Министрліктер үйі» ғимараты, 10-кіреберіс (кеңсе) мекенжайы бойынша Есеп комитетіне ұсынылады.
Қосымша ақпарат алу үшін 706951, 706976 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.

30.04.2015 2015 жылғы 30 сәуірде Есеп комитетінiң кезекті отырысы өтті

Күн тәртібіне сәйкес отырыста 2 мәселе қаралды:

1. Жалпыұлттық статистиканы жүргізу, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бақылау-талдамалық іс-шарасыныңқорытындысы шығарылды.

Уәкілетті органдардың қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде анық статистикалық ақпаратта, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуде бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берілгені атап өтілді.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің және Қаржы министрлігінің жұмыс істемей тұрған және қызметі уақытша тоқтатылған кәсіпорындардың саны туралы ақпаратында алшақтықтар анықталды. Атырау облысының статистика департаменті анық емес статистикалық зерттеулер үшін интервьюерлерге 6,2 млн. теңге төлеген.

Интервьюерлердің құқықтық мәртебесі, шекті саны, оларға еңбекақы төлеу мөлшері және статистикалық байқаулардың сапасы және анықтығы үшін олардың жауаптылығы заңнамада регламенттелмеген.

Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарының статистика департаменттері уәкілетті органға хабарламай, жалпы сомасы 22,9 млн. теңгеге құрылыс-монтаж жұмыстарын орындаған, соның ішінде 20,5 млн.теңгенің жұмыстары бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сай жүргізілмеген, 7,0 млн.теңгенің жұмыстары бойынша авторлық қадағалау болмаған.

Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласы 2013 жылы нысаналы трансферттер бойынша келісімдердің тікелей нәтижелеріне қол жеткізбесе де, 2014 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бойынша жобаларды аяқтауға республикалық бюджеттен жалпы сомасы 44 7 млрд.теңгеге қосымша қаражат бөлінген. 2013 жылы 219 сумен жабдықтау және су бұру объектісі жоспарланып, тек 182 объекті ғана пайдалануға енгізілген, 2014 жылы 46 объекті жоспарланып, 33 объекті енгізілген.

Санитариялық-эпидемиологиялықбақылау ұйымдары қызметінің жекелеген сегменттері бойынша бірқатар көрсеткіштердің төмендегені анықталды. 2014 жылы тамақтан жаппай ауру болған 20 оқиға тіркелді, бұл 2013 жылғы көрсеткішке қарағанда 2,5 есе көп.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарымен жасасқан шарттарда көрсетілген лабораториялық зерттеулер құны «Көрсетілетін қызметтер тарификаторы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде белгіленген тарифтерге сәйкес келмейді.

Есеп комитеті анықтаған бюджет және өзге де заңнама бұзушылықтарының жалпы сомасы 53,7 млрд. теңгені құрады, 1,3 млрд. теңге тиімсіз пайдаланылған. Бухгалтерлік есеп жүргізужәне қаржылық есептілікті жасау бұзушылықтарының жалпы сомасы 696,6 млн. теңгені құрады.

Отырыстың қорытындысы бойыншаҚазақстан Республикасы Үкіметіне статистикалық зерттеулер жүргізу үшін интервьюерлердің құқықтық мәртебесін, олардың шекті санының нормативтерін және көрсетілетін қызмет төлемдерінің мөлшерін айқындау мәселелері бойынша бюджет заңнамасына өзгерістер енгізу ұсынылды.

Ұлттық экономика министрлігінеанықталған кемшіліктерді, оларға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Бақылаудың жекелеген материалдары процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілетін болады.

2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бақылау қорытындысы шығарылды.

Есеп комитетінің бағалауынша, еліміздегі отын-энергетикалық кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру жеткілікті дәрежеде тиімді жүзеге асырылмауда.

Атап айтқанда, жер қойнауын пайдалануға арналған экспортқа бағытталған келісімшарттар үлесінің жоғары екендігі, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың уақтылы орындалмауы, ішкі нарықта көмірсутегі отынының тапшылығы және республика аумағын газдандырудың төмен деңгейі атап өтілді.
Республикалық бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың 19 тікелей және 15 түпкілікті нәтижелер көрсеткішінің ішінде 4 көрсеткішке толық көлемде қол жеткізілмеген.

Энергетика министрлігінің бірқатар бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік өтінімдерді жасау кезінде жалпы сомасы 1,0 млрд.-тан астам теңгеге есеп-қисаптардың толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етпегені анықталды.

Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті мұнай-газ кешеніндегі заңнаманы бұзушыларға ықпал ету бойынша тиімді шаралар қабылдамаған, мемлекеттік экологиялық бақылау тиісінше жүзеге асырылмаған.

Тексеру нәтижелерін ресімдеу кезінде жіберілген бұзушылықтарға байланысты экологиялық залалды өтеу бойынша жалпы сомасы 803,7 млрд.теңге мөлшерінде салынған әкімшілік айыппұлдар мен талап-арыздар бойынша сот шешімдерімен 620,3 млрд.теңге сомасындағы айыппұлдар мен талап-арыздардың немесе 77,2 пайызының күші жойылған.

Бюджетке арнайы төлемдерді төлеу бойынша келісімшарттық міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушылардың орындауына толыққанды мониторинг жасалмаған. Осы мәселелер бойынша Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен өзара іс-қимыл тиісінше қамтамасыз етілмеген.

Бақылаумен қамтылған 3391,2 млн.теңге мөлшеріндегі қаражаттың жалпы сомасынан 1 438,5 млн.теңгеге бюджет және өзге де заңнама бұзушылықтары, 899,4 млн.теңгеге республикалық бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Үкіметке Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің тиімсіз қызметіне назар аудару, сондай-ақ жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы жетілдіру мәселелерін қарау ұсынылды.

Энергетика министрлігіне анықталған кемшіліктерді, оларға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол берген лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі

19.03.2015 Есеп комитетінде Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен кездесу болды

Кездесу барысында сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің мемлекеттік аудитке көшуіне жәрдемдесу бойынша жобаны іске асыру үшін Дүниежүзілік банктің грантын алуға Есеп комитетінің өтінімін қарауға байланысты мәселелер талқыланды.

Жобада техникалық аудит саласындағы әдіснамалық құжаттарды әзірлеу шеңберінде техникалық көмек көрсету, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлар даярлау және Есеп комитеті қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қарастырылған.

кездесудің соңында Тараптар Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудиттің біртұтас жүйесін құру, бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығын арттыру, қаржылық бұзушылықтардың алдын алу және жемқорлықтық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін факторларды болдырмау мақсатында бірлескен жұмыстар жүргізуге қызығушылық білдірді.

Дүниежүзілік банк - дүние жүзі бойынша дамушы елдерге қаржылық және техникалық көмек көрсету үшін 1944 жылы құрылған халықаралық қаржы институты.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі

04.03.2015 Есеп комитетінің Төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин «2015 жылдан кейінгі БҰҰ-ның даму күн тәртібі: орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін жоғары қаржы бақылау органдарының рөлі» деген тақырыппен 2015 жылғы 2-4 наурыз аралығында Вена қаласында (Австрия)

Аталған іс-шара БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасары Ву Хонгбоның, әлемнің 75 елінің, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Қазақстан, Оңтүстік Африка Республикасы, БАӘ, Оңтүстік Корея жоғары қаржы бақылау органдары басшыларының, сондай-ақ БҰҰ және бірқатар басқа да беделді халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Симпозиум отырысын Австрияның Федералды Президенті Хайнц Фишер ашты.

Қатысушылар мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында бюджет қаражатының тиімді және ашық пайдаланылуын қамтамасыз етудегі жоғарғы қаржы бақылау органдарының (ЖҚБО) рөлін талқылады.

2015 жылдан кейінгі БҰҰ-ның Даму күн тәртібін және БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын дайындау шеңберінде ЖҚБО-лардың мемлекеттік басқарудағы ашықтықты және тиімділікті қамтамасыз ету мәселелеріне неғұрлым белсенді қатысу маңыздылығы атап өтілді.

ЖҚБО-лар қызметінің тиімділігін арттыру жолдары, аудиторлық қорытындылар мен ұсынымдарды дайындау әдістемелерін жетілдіру мәселелері қаралды.

ЖҚБО-лардың әлеуетін арттыру, мемлекет қаржысының тиісті деңгейде басқарылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану кезінде сыбайлас жемқорлыққа және алаяқтыққа қарсы тұру мақсатында мемлекеттік аудиттің маңызды теориялық мәселелерін бірлесіп әзірлеу бойынша ИНТОСАИ-ға қатысушы елдер ЖҚБО-ларының өзара іс-қимылын дамыту қажеттігі атап өтілді.

Жұмыс қорытындысы бойынша орнықты дамуды қамтамасыз етудегі жоғары қаржы бақылау органдарының рөлін күшейту бойынша нақты келісілген ұсыныстар жасалды.

Симпозиум шеңберінде Қозы-Көрпеш Жаңбыршин Әзірбайжан, Белорусь, Үндістан, Индонезия және Нидерланды жоғары қаржы бақылау органдарының басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар екіжақты тарап негізінде, сол сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде де ынтымақтастықты реттеуге және дамытуға қызығушылық білдірді. Нидерланды Есеп сотының вице-президенті Арно Виссермен әңгімелесу барысында Есеп комитеті қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және халықаралық аудит стандарттарын қолдану тәжірибесімен алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

БҰҰ/ИНТОСАИ СимпозиумыБҰҰ-ның қолдауымен 1971 жылдан бастап, екі жылда бір рет өткізіледі. Іс-шараның ұйымдастырушы – ИНТОСАИ-дың Бас Хатшылығы.

БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау және нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған халықаралық ұйым.

ИНТОСАИ - 190 елдің жоғары аудит органдарының халықаралық ұйымы, Есеп комитеті оның құрамына 2000 жылғы мамырда қабылданды.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі

02.03.2015 Ағымдағы жылдың 26-27 ақпанында Мәскеу қаласында Есеп комитетінің Төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин Ресей Федерациясы Есеп палатасының өкілдерімен жұмыс бабында кездесулер өткізді

Осы кездесулерге қазақстандық тараптан Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің жауапты қызметкерлері, Ресей тарапынан - Есеп палатасының аудиторы Сергей Штогрин, аппарат басшысының орынбасары Елена Шипилева, әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наталья Кузнецова және сыртқы байланыстар департаментінің басшысы Николай Парузин қатысты.

Кездесулер барысында екі елдің жоғары қаржы бақылау органдарының ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, энергетика саласындағы қазақстандық-ресейлік жобалардың іске асырылуын, сондай-ақ кедендік әкелу баждарын есепке жатқызу және бөлу тәртібін бағалау жөніндегі 2014 жылы жүргізілген бірлескен бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша анықталған, өзара іс-қимыл саласын шектеп отырған проблемаларды шешудің жолдары нақтыланды.

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарт шеңберінде ынтымақтастық мәселелеріне, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ЖҚБО өкілдерінен құралған жұмыс тобы тарапынан бірлескен қызметтің тиімділігін арттыруға қажетті сыртқы аудиттің нормативтік және әдіснамалық құжаттарын әзірлеу барысына баса назар аударылды.

Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимылының жай-күйі және оны жетілдірудің перспективалары, сондай-ақ мемлекеттік аудитке көшу кезінде олардың қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесі қаралды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыстарды одан әрі жандандыру, соның ішінде пайдалы тәжірибемен алмасу, сондай-ақ ортақ қызығушылық тудыратын бірлескен, қосарлас бақылау және сараптау-талдау іс-шараларын жүргізу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізді.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі

16.02.2015 Есеп комитетінің мүшесі Константин Плотников 2015 жылғы 10-13 ақпанда Куала-Лумпур қаласында (Малайзия) өткен ASOSAI-дың (Азия жоғары қаржы бақылау органдары ұйымы) XIII Ассамблеясының жұмысына қатысты

Ассамблея жұмысына ASOSAI-ға мүше39 елдің өкілдері қатысты. Ұйымның үш жылдық қызметінің қорытындысы шығарылды.

ASOSAI-дың орта мерзімді перспективаға арналған саясаты айқындалып, 2016-2021 жылдарға арналған стратегиялық жұмыс жоспары қаралды.

ASOSAI Басқарма кеңесінің және Аудит жөніндегі комитеттің 2015-2018 жылдарға жаңа мүшелері сайланды. Үндістанның Бас аудиторы Шаши Канта Шарма мырзадан Малайзияның Бас аудиторы Амбрин Бин Буанг мырзаға Ұйым Төрағасының өкілеттігін беру рәсімі өткізілді.

ASOSAI-дың 6-шы симпозиумы аясында жоғары қаржы бақылау органдарының қызметінде технологияларды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. IT-аудитін өткізудің тиімділігін арттыру проблемаларына баса назар аударылды.

ASOSAI мүшелері мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу, сондай-ақ алаяқтық және сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау және олардың алдын алу бойынша озық тәжірибелерімен бөлісті.

ASOSAI (Азия жоғары қаржы бақылау органдарының ұйымы) – осы ұйымның құрамына Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 46 елдің жоғары қаржы бақылау органдары кіреді. Ұйым 1979 жылы құрылған. ASOSAI-дың жоғары органы Ассамблея болып табылады, ол 3 жыл сайын өткізіледі.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі