Қаз   Рус  Eng

Атырау облысына бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген сыртқы аудит қорытындылары

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің отырысында Атырау облысына бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындылары жасалды.

Атырау облысы – мұнай-газ секторы дамыған, өнеркәсіптік өнімнің 88% үлесі бар өндірістік өңір. Өңір елімізде мұнай өндіру және экспорттау бойынша көш бастап тұр. Облыс аумағында елімізде мұнай өңдеу саласында бірінші зауыт Атырау мұнай өңдеу зауыты орналасқан.

Аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 10,9 млрд. теңгені құрайды, рәсімдік сипаттағы 223 бұзушылық, 5 жүйелі кемшілік анықталды, 22,7 млрд. теңгені тиімсіз жоспарлау, 7,8 млрд. теңгені тиімсіз пайдалану, 0,2 млрд. теңгеге ықтимал шығасылар мен жіберілген пайда анықталды.

Жүргізілген аудит облыс бюджетінің кіріс бөлігін 5,4 млрд. теңгеге артық орындауды және 1,2 млрд. теңге сомасына қаражаттың игерілмеуін көрсететін сапасыз болжауды анықтады, бұл 2019 жылдың соңында 6,7 млрд. теңге сомасына бос қалдықтардың пайда болуына әкеп соқты.

2016-2020 жылдарға арналған Атырау облысының аумақтарды дамыту бағдарламасының орындалмаған нысаналы индикаторларының үлесі жыл сайын артуда (14,8%-ден 28,3%-ге дейін), бұл ретте мемлекеттік бағдарламалар нысаналы индикаторларының 58,4% осы Бағдарламада көрсетілмеген. Сондай-ақ облыстың жергілікті атқарушы органының меморандумы түйінді нысаналы индикаторларының орындалмауына жол берілген, 2018-2020 жылдарда орта есеппен 24%.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ «COVID-19»-бен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы жұмылдырылған жұмыскерлерге жалпы сомасы 105,9 млн. теңгеге негізсіз қосымша ақы төлеген.

Өңірде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру балабақшалардағы кезек, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер проблемаларын шешуді қамтамасыз етпеген. Осылайша, балабақшалардағы орын санын арттыру бойынша қабылданған шаралар 28,0 мың орындық тапшылықты қамти алмады.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы мен сапасының жай-күйі туралы есептік деректерді анық көрсетпеуі 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық күйдегі автожолдарды 95% көрсеткішке жеткізу бойынша Үкімет тапсырмасының орындалмау қаупін тудырады.

16,2 млрд. теңге сомасына 4 жоба бойынша әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым құрылыс объектілерінің уақтылы аяқталмауы халықтың өмір сапасына теріс әсер етеді.

Доссор кентіндегі кәріз желілерін салу бойынша жобаны жоспарлау және 95% нақты аяқталуы кезінде ағын су бағыты бойынша шешімдер пысықталмаған. Сонымен бірге жоспарланып отырған Мақат ауылы бағытындағы ұзындығы 35 км кәріздік ағын сулар бағыты экономикалық негізделмеген және 3,9 млрд. теңге сомасына артық бюджет шығындарына әкеледі.

Қалалық құрылыс бөлімі аз қамтылған көп балалы отбасыларға арналған жалпы құны 1,4 млрд. теңге болатын, ауданы 60 ш.м. кем 173 пәтер сатып алды. Оның құны 1,3 млрд. теңге болатын 160 бірлік пәтері жергілікті атқарушы орган кезегінде тұрғандар арасында таратылмаған (21 айдан артық).

Аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке заңнаманы жетілдіру жөнідегі тиісті ұсынымдар берді. Атырау облысының әкіміне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылдауға және қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарауға тапсырма берілді.

Әкімшілік істерді қарауға уәкілетті органдарға 40 бұзушылық фактілері бойынша материал жіберілді.

Источник: https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/294167?lang=kk

2 желтоқсанда Сенат Спикері М. Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті

Сенаторлар «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қарап, қабылдады. Осы заң бойынша онша ауыр емес қылмыс жасаған азаматтарға рақымшылық жасалады. Сондай-ақ рақымшылық теріс мінез-құлқы жоқ және жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аспайтын ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарды да қамтиды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы қабылданған заң неғұрлым қауіпті қылмысқа барған адамдарға рақымшылық жасауға тыйым салатынын жеткізді. Бұл криминогендік жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеу үшін маңызды.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.

Заң жобасында көрнекі ақпаратты, оның ішінде жарнаманы, хабарландыруларды, мәзірді және тағы басқаларын мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс немесе басқа да тілдерде міндетті түрде орналастыру көзделген.

Талқылау барысында сенаторлар заң жобасына бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, олар дінге деген көзқарасқа байланысты заңды тұлғалардың азаматтық құқықтарын қорғауға қатысты норманы алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ сенаторлар діни ғимараттардан тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы хабарлау тәртібін айқындайтын бапқа нақтылау сипатындағы өзгерістер енгізді.

Осылайша, сенаторлар заң жобасының негізгі нормаларын қолдай отырып, оған түзетулер енгізіп Мәжіліске қайтарды.

Сонымен бірге отырыс барысында бірқатар депутаттық сауал жолданды. А. Шәкіров пен С. Ершов халықтың және ел аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік нысандарды жекешелендіру мәселесін көтерді. Н. Нұрсипатов өңірлер бойынша ішкі ресурстар есебінен халықтың теңгерімін қалпына келтіруге арналған «Серпін» бағдарламасын іске асырудағы проблемаларды тілге тиек етті.

Өз кезегінде М. Жұмағазиев Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтын Ауыл шаруашылығы министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне берудің қаншалықты орынды екенін қайта зерделеуді сұрады. Қ. Сафинов құқықтық реттеу деңгейлері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Р. Әбдікеров Балқаш көлінің таяздану қаупіне назар аударды. А. Күрішбаев жоғары оқу орындарындағы тәрбие процесінің жай-күйіне сыни талдау жүргізуді және осы жұмысты сапалы жаңа деңгейге шығару бойынша қажетті шаралар қабылдау керектігін айтты, ал Д. Мусин ауылдық жерлерде төртінші деңгейдегі бюджетті енгізудің проблемалық мәселелерін сөз етті.

Источник: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5689

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары үйлестіру кеңесінің IX отырысы

2021 жылғы 30 қарашада Есеп комитетінің басшысы Н. Годунованың төрағалық етуімен бейнеконференция байланысы режимінде Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары үйлестіру кеңесінің IX отырысы өтті.

Іс-шараға Қаржы министрлігінің, Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің өкілдері, Өңірлік тексеру комиссияларының төрағалары, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің және Қарағанды облысы әкімі аппаратының ішкі аудит қызметінің басшылары қатысты.

Отырыс барысында Есеп комитетінің мүшесі Ю. Энгель және Костанай облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Д. Костюков республикалық және жергілікті бюджеттердің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне жүргізілген аудит нәтижелері туралы хабардар етті. Сонымен бірге бір қатар тексеру комиссияларының себептері мен проблемалары аталды, солардың салдарынан жергілікті деңгейде шоғырландырылған қаржылық есептілікке аудиттер жүргізілмеген.

Сондай-ақ Есеп комитенің аппарат басшысы К. Плотников отырыс қатысушыларын Есеп комитетінің 2021-2025 арналған даму стратегиясымен және мемлекеттік аудит органдары жүйесін дамытудағы алдағы бағдарлар, мақсаттар және міндеттермен таныстырды.

Үйлестіру кеңесінің ережелері шеңберінде Есеп комитетінің мүшесі Р. Ахметов Кеңестің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары жобасымен таныстырды, онда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимылының өзекті мәселелері қамтылды. Оның ішінде мемлекеттік аудит органдары қызметінің тиімділігін арттыру, олардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шаралары, мемлекеттік аудиторлардың кадрлық әлеуетін және мәртебесін арттыру, электрондық аудитті енгізу.

Отырыс қорытындысында тексеру комиссияларына 2022 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілері тізбелерінде және жергілікті бюджеттердің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізу бойынша іс-шараларды ескеру, сондай-ақ Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне оның аумақтық департаменттері жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық есептілік аудитімен қамтуын талдауды жүргізу ұсынылды.

Есеп комитетінің аппаратына Есеп комитетінің 2021-2025 арналған даму стратегиясында көзделген міндеттерге сәйкес 2022 арналған операциялық жоспарды қалыптастыру, сондай-ақ 2022 арналған Үйлестіру кеңесінің жұмыс жоспарын бекітуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Источник: https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/293178?lang=kk

30 қарашада Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті

Отырыста елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралды. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі М. Шоранов баяндады.

Үкімет басшысы мемлекеттік шекарада санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді, ел ішіндегі жағдайды үнемі бақылауда ұстауды, ғимараттар мен көліктерде бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау тәжірибесін одан әрі жалғастыруды, халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыру мақсатында вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, Энергетика министрі М. Мырзағалиев, Ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ә. Мұхамеджанов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндама жасады.

Премьер-Министр биылғы 10 желтоқсанға дейін Үкіметке Индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасының 2025 жылға дейінгі өзектендірілген жобасын, 2022 жылғы 1 наурызға дейін өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, моноқалаларда іске асыру үшін «зәкірлік» индустриялық жобалар топтамасын әзірлеуді, 2022 жылғы 1 наурызға дейін кәсіпорындарда цифрлық шешімдерді енгізуді ынталандыру бойынша қажетті нормативтік құқықтық базаны қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/sessions/kr-ukimetinin-otyrysy30112021-301022

«Сәйкестік аудиті» ішкі мемлекеттік аудиттің рәсімдік стандартының жобасы әзірленді

2021 жылғы 29 қарашада ҚР Қаржы министрлігі «Ашық НҚА» порталында жария талқылау үшін «Сәйкестік аудиті» ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау рәсімдік стандартын бекіту туралы» бұйрықтың жобасын орналастырды.

Бұйрықтың жобасы 2021 жылғы 2 ақпандағы №2-2-Н Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің нұсқамасына сәйкес әзірленді.

Рәсімдік стандарт ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүзеге асыратын сәйкестік аудитін жүргізудің мақсатын, міндеттерін, негізгі кезеңдерін, рәсімдерін, әдістерін, сондай-ақ оларға қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды.

Сәйкестік аудитінің мақсаты мемлекеттік аудит объектісінің қызмет саласын реттейтін ҚР заңнамасының нормаларына, сондай-ақ оларды іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілерін мемлекеттік аудит объектісінің сақтауы туралы негізделген пікір білдіру болып табылады.

Дереккөз:
https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/292936?lang=kk 
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=13475987 

Президент Швейцарияда өткен Инвестициялық дөңгелек үстел отырысына қатысты

2021 жылғы 29 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін дөңгелек үстелдің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Швейцария Конфедерациясы ұзақ жылдан бері Қазақстанның негізгі стратегиялық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып саналады.

Мемлекет басшысы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі және экономикасы жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі екенін атап өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде 370 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. Әлемнің 180 елімен сауда-сатық жүргізілуде.

Президент Шетелдік инвесторлар кеңесін жеке өзі басқаратынын, ал Премьер-министрдің жетекшілігімен инвестициялық омбудсмен басшылығымен жұмыс істейтінін атап өтті.

– Қазақстанда қызметі ағылшын құқығы базасына негізделген тәуелсіз соты бар әрі Орталық Азия аймағы бойынша жалғыз «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді. АХҚО құрылымында сот ісін қараудың жедел баламалы түрін қамтамасыз ететін Халықаралық арбитраж орталығы құрылған. Қаржылық қызмет көрсететін Орталықтың қатысушылары 2066 жылға дейін корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығынан босатылған. Шетел валютасына, визалар мен жұмыс күшіне қатысты талаптар оңтайландырылған. Біздің биржалық алаңымызда әлемнің 59 елінен 1000-нан астам компания бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті швейцариялық инвесторларға елімізде экономиканың басым салаларында 37 арнайы экономикалық және индустриялық аймақтың құрылғанын айтты.

Соңғы жылдары Қазақстан күшті көлік-логистикалық база құрып, еліміздің жаһандық көлік дәлізіне қосылуын қамтамасыз етті. Біздің еліміздің аумағы арқылы Қытайды, Орталық Азияны, ТМД елдерін, Парсы шығанағы мен Еуропа арасын байланыстыратын ондаған халықаралық көлік бағыттары өтеді.

Инвестициялық дөңгелек үстел отырысы барысында Economisuisse Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі швейцариялық кәсіпорындар ассоциациясының вице-президенті Ян Аттесландер, Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің тең төрағалары: Stadler Rail AG компаниясының бас атқарушы директоры Петер Шпулер, «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев, ABB Switzerland компаниясының бас директоры Роберт Ичнер, Ammann Group компаниясының бас атқарушы директоры Ханс-Кристиан Шнайдер, KS Genetics компаниясының президенті Филиппо Ломбарди, Glencore жаһандық мыс-мырыш департаментінің басшысы Никола Попович, Inoks Capital компаниясының бас атқарушы директоры Набиль Абдул-Массих, Basel Euro Airport компаниясының даму жөніндегі директоры Михаэль Швин, m-3 Groupe компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Абдалла Шатила, Polymetrix AG компаниясының бас атқарушы директоры Мартин Мюллер, Clariant жаһандық әрі маңызды тұтынушылармен жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Йарле Шолд сөз сөйледі.

Швейцариялық кәсіпкерлердің сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, екі ел іскер топтарының өзара тиімді жемісті ынтымақтастығына сенім білдірді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Stadler компаниясының «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының стратегиялық серіктесі екенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл шешім Қазақстан мен Швейцарияның өзара іс-қимылына іс жүзіндегі қосымша серпін береді.

Жиынға «Roche Holding», «Philip Morris International», «Caviar House & Prunier», «Swiss Choice Holding», «Bühler AG», «Economisuisse», «Swissgrow» және басқа да компаниялардың басшылары қатысты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша 301 млн доллар сомасына алты коммерциялық келісімге және он коммерциялық емес құжатқа қол қойылды.

Дереккөз: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-investiciyalyk-dongelek-ustel-otyrysyna-katysty-29103743 

25 қарашада Сенат Спикері М. Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті

Сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, құжатты қабылдады. Бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашыл болды.

Заңның басты мақсаты – азаматтар мен бизнесті қолдау. Соған байланысты құжатқа жеке тұлғаның жалғыз баспанасын кепіл ретінде қабылдауға шектеу қоятын норма енгізілді. Бұдан басқа, жеке салық төлеушілерге алдағы төлемдер мен салық берешегі туралы, оның ішінде банктердің мобильді қосымшалары және «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ арқылы хабарлау міндетті болады.

«Бүгін қабылданған заң Мемлекет басшысының Жолдауда жарияланған жекелеген бастамаларын іске асыруға арналған. Соған сәйкес, енді ең төменгі жалақыны салықтық есептік көрсеткіш ретінде қолдану жүргізілмейді. Сонымен қатар, құжатта экспорттаушыларды валюталық табысты ішкі валюта нарығына сату үшін ынталандыруға бағытталған ережелер көзделген. Жалпы, қабылданған Заң қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді және отандық тауар өндірушілерді қолдайды. Сондай-ақ, жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін салықтар мен төлемдер төлеуді жеңілдетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар көрші мемлекеттерге әскери көмек беру жөніндегі екі Келісімді ратификациялады. Олар – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар.

Бұл Келісімдер қырғыз және тәжік тараптарына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілер мен арнайы жабдықтарды бір реттік беруді көздейді. Сондай-ақ отырыста әскери мүлікті Қырғызстан мен Тәжікстанға беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетіне әсер етпейтіні атап өтілді.

Бұдан басқа, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралып, қабылданды.

Источник: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5657

24 қарашада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті

Мәжіліс Спикері Н. Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы тауар биржалары қызметінің талаптарын және ашықтығын арттыруға, биржалық сауданы дамыту үшін бәсекелес орта мен жағдайлар жасауға, сондай-ақ биржалық сауда көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Құжатты талқылау барысында депутаттар бірқатар заңнамалық нормаларға атап айтқанда, Сауда және интеграция министрлігінің сауда-саттыққа қатысушылардан биржалық алымның ең төменгі мөлшерін шектеу құқығын көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе көтерді. Депутаттардың пікірінше, бұл норма биржалардың кәсіпкер – клиенттеріне теріс әсер етуі мүмкін. Палата Спикері атап өткендей, биржалық алым мөлшеріне қатысты демпинг түріндегі биржалардың жауапкеркершіліктен тыс әрекеттеріне келетін болсақ, онда бұл жерде заң жобасында көрсетілген басқа да тәсілдер жеткілікті.

Сонымен қатар, отырыста Н. Нығматулин депутаттарға «көміртегі бірліктері» сату үшін арнайы биржалардың жеке түрін бөлу туралы ұсыныс айтып, ағымдағы жылдың басында Экологиялық Кодекс қабылданғанын, онда көміртегі бірліктерін сату мүмкіндігі қарастырылғанын айтты. Бүгінде барлық елдер шамадан тыс шығарындылармен белсенді күрес жүргізе бастады, Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, осыған байланысты бізде де өнеркәсіп кәсіпорындарына «тегін» квоталар кезең-кезеңімен қысқаратын болады.

Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін өзгертулер енгізіп, қажет болған жағдайда нормаларды экологиялық кодекспен сәйкестендіруді ұсынды.

Жалпы отырыс барысында депутаттар заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Келісім сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және ынтымақтастықтың өзге салаларындағы техникалық кедергілерді жоюға, сондай-ақ мемлекеттердің заттар мен материалдардың стандартты үлгілеріне қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Келісім осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде қосымша сынақтар жүргізбестен ұлттық және мемлекетаралық стандартты үлгілерді жасау мен қолдануды, сондай-ақ мемлекетаралық стандартты үлгілерді қолдануды көздейді.

Отырыста Палата депутаттары кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу және бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

Бюджет саясатының және бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану процесінің тиімділігін арттыру мақсатында заң жобасында бюджет шығыстарының қайтарымдылығын арттыруға бағытталған бюджет процесін жетілдіру көзделеді.

Заң жобасы Мемлекет басшысының екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын жетілдіру, бағалау қызметін және атқарушылық іс жүргізуді реттеу бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында осы заң жобасы шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер енгізілді және онда: жеке тұлғаның тұрғын үймен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздар бойынша мерзімі өткен міндеттемені кепілге салынған мүліктің болмашы және мөлшерлес емес құнына жатқызу үшін орындалмаған міндеттеме сомасын 10%-дан 15%-ға дейін және мерзімді өткізіп алу кезеңін 3 айдан 6 айға дейін арттыру көзделеді, бұл мүлікке өндіріп алуды қолданудан бас тарту үшін негіз болады.

Сонымен қатар, кепіл берушінің кепілге салынған мүлікті соттан тыс, сондай-ақ сот арқылы өткізу кезінде өз бетінше өткізу рәсімінің міндеттілігін белгілеу; егер сауда-саттықтың екінші қатысушысы кредитордың қызметкері немесе үлестес тұлғасы болып табылса, егер сауда-саттыққа қатысушылар жұбайлары, жақын туыстары болып табылса, кредитордың, оның қызметкерлерінің және үлестес тұлғаларының, заңды тұлғаның сауда-саттыққа қатысуына тыйым салуды енгізу; тараптардың келісімі бойынша ипотеканы соттан тыс тәртіппен өткізу кезінде сенім білдірілген адамды айқындау (қазіргі уақытта кепіл ұстаушы айқындайды); ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша кепілге берілген жылжымайтын мүлік сот тәртібімен сатылған жағдайда, борышкер-жеке тұлғада ең төменгі жалақының 2 еселенген мөлшерінен (қазіргі уақытта – 1 ЕТЖ) асатын өндіріп алу қолданылуы мүмкін өзге мүлік немесе табыстар болмаған кезде ипотеканы тоқтату.

Сонымен қатар, жиында депутаттар 2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Е.Смайлов, Д.Еспаева, Е.Саиров, Ж.Сүлейменова, Ж.Омарбекова, Е.Барлыбаев, Д.Тұрғанов, С.Нақпаев.

Источник: https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id49112/1/1

Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді

Бейнеконференция байланысы режимінде өткен отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері, «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттардағы партия фракциясының депутаттары, өңір басшылары, «Jas Otan» жастар қанатының көшбасшылары қатысты.

Жиынды ашқан Елбасы отыз жыл ішіндегі еліміздің даму жетістіктеріне тоқталып, мұның барлығы бірлесе атқарылған жұмыстың, маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалардың жемісі екенін атап өтті.

Отырыста Премьер-Министр, партия Саяси кеңесінің Бюро мүшесі А.Маминнің, Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия фракциясының басшысы Н.Нығматулиннің, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы Өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Ю.Кучинскаяның, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы М.Әйтеновтің, «Nur Otan» партиясы Павлодар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Nur Otan» партиясының аудандық мәслихаттағы фракциясының басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі В.Гейнцтің, «Nur Otan» партиясының мүшесі, Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауылдық округының әкімі Ә.Зарифовтың баяндамалары тыңдалды.

Елбасы Премьер-Министр мен Парламент Мәжілісі Төрағасының баяндамаларынан соң биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда үйлесімді жұмыс істегенін ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің алдында тұрған сын-қатерлерге, сондай-ақ партияның келешек стратегиялық мақсаттарына жан-жақты тоқталды.

– Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басуда. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауапты шешімдерге толы кезең болары анық. Қазірдің өзінде пандемияны тоқтату қиынға соғуда. Бүгінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Оған ақпараттық технологиялар мен жасыл энергетиканың қарқынды енгізілуі де әсер етуде, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерлерді атап өтті. Соның ішінде жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің күшеюіне, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, сондай-ақ қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруінен саяси алауыздық белең алатынына назар аударды.

Елбасы партия фракциясы депутаттарының пандемия кезіндегі тиімді жұмысына тоқталып, барша қазақстандықтар Президенттің мемлекеттік бағдарын қолдап, соның аясында жұмылуы маңызды екеніне баса мән берді.

– Мен партиямыздың негізін қалап, оған осы жылдар ішінде басшылық еттім. «Nur Otan» партиясын ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды екенін жақсы білемін. Бұған дейін де солай болды. Біз партия Жарғысына сүйене отырып, шешім қабылдауымыз керек. Бұл – біздің бірлігімізді көрсететін қадам, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Елбасы атап өткендей, ол үшін «Nur Otan» партиясы үнемі жаңғырып отыруға, заман талабына сай әрі өзгерістерге дайын болуға, халық мүддесін басшылыққа алуға, алдына айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын табуға, билік органдарының, қоғамдық институттардың тиімді ықпалдастығын қамтамасыз етуге тиіс, сондай-ақ қоғамды партия құндылықтары төңірегіне біріктіруі керек.

Жиында Елбасы жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.

– Біз Тәуелсіздігімізді нығайтып, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды қолдап, ұлттық мәдениетімізді насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қою арқылы жасампаз ел боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дереккөз: https://elbasy.kz/kk/news/2021-11/nursultan-nazarbaevtyn-toragalygymen-nur-otan-partiyasy-sayasi-kenesinin-keneytilgen   

 

«Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы» арнайы шығарылымы

23 қарашада Мемлекет басшысы Премьер-Министр А. Маминді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар, инвестиция тарту және өзге де әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде есеп берілді.

Премьер-Министр А. Мамин эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғанын және COVID-19 індетін жұқтыру көрсеткішінің төмендегенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы айда коронавирус жұқтырғандар саны 2,4 есеге, стационарларда ем алып жатқандар 1,4 есеге, амбулаториялық жағдайда емделушілер 1,8 есеге азайған.

Халыққа вакцина салу жөніндегі жоспарлы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 8,7 миллионға жуық адам екпе алған. 22 қарашадан бастап бүкіл өңірде қайта вакциналау жұмыстары басталды.

Президентке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және Инфляцияға қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру жұмыстары туралы мәлімет берілді.

Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығының басым бағыттарын іске асыру барысы жөнінде баяндады. Атап айтқанда, өзара тиімді кооперациялық жобаларды дамыту, сауда-саттық саласындағы кедергілерді жою, көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайту, цифрлық технологияны енгізу, сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту жөніндегі бірлескен жұмыстар жанданды.

Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілердің 80 пайызы жойылған. Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы биылғы 9 айда 32,5 пайызға артып, 52 миллиард долларға жетті, ал үшінші елдермен арадағы сауда 32,7 пайызға ұлғайып, 596 миллиард долларды құрады.

Дереккөз: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-premer-ministr-askar-mamindi-kabyldady-2310385