Қаз   Рус  Eng

18.06.2015 Есеп комитетінің Төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин Ресей Федерациясы Есеп палатасының Төрайымы Татьяна Голиковамен кездесті

Петербург халықаралық экономикалық форумының шеңберінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршиннің Ресей Федерациясы Есеп палатасының Төрайымы Татьяна Голиковамен екіжақты кездесу болды. Қозыкөрпеш Жаңбыршин форум бағдарламасына алғаш рет енгізілген арнайы аудиторлық панельдің сессиясына қатысу үшін РФ солтүстік астанасына келді.

Кездесуге қатысушылар Ресей мен Қазақстанның жоғары қаржы бақылау органдары (ЖҚБО) ынтымақтастығының екіжақты негізде де, халықаралық ұйымдар бағыты бойынша да жоғары деңгейде екенін атап өтті. Бұл ретте тараптар қазіргі кезде екі елдің бақылау ведомстволарының өзара іс-қимылы көбінесе еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестердің даму серпінімен айқындалатынына ерекше тоқталды.

Кездесу барысында Татьяна Голикова: «Бүгінгі таңда біз Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына және еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың барынша жоғары деңгейіне өтуге байланысты аса маңызды, тарихи сәтті өткеріп жатырмыз. Біздің мемлекеттеріміз қазір мүлдем жаңа шарттарда өзара іс-қимыл жасап жатыр. Ол экономикалық өсудің кең перспективасын және тұрақты, теңгерімді дамуға мүмкіндіктер ашатын болады», - деп мәлімдеді.

Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы уәкілетті органдарының Кеден одағында кедендік әкелу баждарын есепке алудың және бөлудің тәртібін белгілеу мен қолдану туралы келісімді сақтауын бақылау атты Ресей, Қазақстан және Белоруссия ЖҚБО-ларының бірлескен үшжақты бақылау іс-шарасының кезекті кезеңін өткізуге байланысты мәселелер кездесудің жеке тақырыбына айналды.

Тараптардың талқылауы барысында атап өтілгендей, аталған бірлескен аудит Еуразиялық экономикалық одақ форматында жұмыс істеуге көшу кезеңіндегі соңғы аудит болып табылады. Бұдан кейін кедендік әкелу баждары сомаларын есепке алудың және бөлудің тәртібін сақтауы мәселелері бойынша тексерулер басқа құқықтық шеңберде және Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа мүшелері – Арменияның, сосын Қырғыз Республикасының қатысуымен жүргізілетін болады.

Татьяна Голикова: «Аталған бақылау іс-шарасын үш тарапты форматта өткізу бойынша жинақтаған тәжірибеміз аудитке қатысушы барлық тараптар үшін пайдалы болатынына және алға қарай кеңейтілген құрамдағы бірлескен жұмысымызды жолға қойған кезде пайдаланатынымызға сенімдімін.»,- деп атап өтті.

Kazinform