Қаз   Рус  Eng

14.05.2015

Мәжілісте Үкіметінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі таныстырылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың жетекшілігінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі таныстырылды. Құжат бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

Республикалық бюджетке 2014 жылда 5 988,5 млрд.теңге, яғни жоспарға 99,4% түскен. Негізгі бөлік немесе түсімдердің жалпы көлемінде 98,7% кірістерге тура келді, ол 5 908,8 млрд. теңгені құрады (жоспарға 99,3%), оның ішінде салықтық түсімдер 3 666,1 млрд. теңге немесе 98,2%, салықтық емес түсімдер – 131,7 млрд.теңге немесе 110,4%, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 7,7 млрд.теңге немесе 99,1% және трансферттер 2 103,3 млрд.теңге немесе 100,5% түсті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтері 2014 жылы 5 459,6 млрд.теңгеге толықтырылды және 2015 жылғы 1 қаңтарда 16 522,1 млрд. теңгені құрады, оның ішінде инвестициялық кіріс 1 955,0 млрд. теңге сомасында болды. Негізгі үлесті (63,5 %) мұнай секторынан түсетін тікелей салықтар құрады. 2014 жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 99,3%-ға немесе 7 069,7 млрд. теңге сомада атқарылды. 2013 жылмен салыстырғанда шығыстар 1 079,2 млрд. теңгеге өскен.

Шығыстар саласында бюджет саясатының басымдығы әлеуметтік міндеттемелерді бірінші кезекте қаржыландыру болды. 2014 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген зейнетақыларды, әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне жалақы төлеу уақтылы және толық көлемде қаржыландырылды.

Әлеуметтік салаға арналған шығыстар 2 680,2 млрд.теңгені құрады. 2014 жылы олардың көлемі жалпы ішкі өнімге 6,9%-ға жетті, ол тұрақты әлеуметтік климаттың сақталуына ықпал етеді. Бұл ретте 2014 жылы білім беруге 466,3 млрд. теңге, денсаулық сақтауға – 645,3 млрд. теңге, әлеуметтік көмекке – 1 462,3 млрд. теңге, мәдениетке, спортқа, туризм мен ақпараттық кеңістікке – 106,3 млрд. теңге жұмсалды.

Әлеуметтік шығыстармен қатар бюджет шығындарының жоғары деңгейі инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларға, ауыл шаруашылығын дамытуға тура келеді. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 316,5 млрд.теңге, отын-энергетика кешеніне және жер қойнауын пайдалануға – 95,0 млрд.теңге, ауыл, су, орман, балық шаруашылығына және қоршаған ортаны қорғауға – 233,8 млрд.теңге, өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне – 22,3 млрд.теңге, көлік және коммуникацияға – 493,6 млрд.теңге жұмсалды.

Республикалық бюджет тапшылығы 1 081,2 млрд.теңгені құрады.

Республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша депутаттарға Есеп комитетінің мүшесі Жансейіт Сәрсенқұлов республикалық бюджетті атқарудың 2014 жылы қалыптасқан макроэкономикалық жағдайларына, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына, сондай-ақ «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы баптарының орындалуына жасалған талдау ұсынды.

Есеп комитетінің бағалауынша, жалпы алғанда, Үкімет республикалық бюджет түсімдерінің нақтыланған параметрлерін, сондай-ақ шығыстар бойынша алынған міндеттемелерді іске асырған. Сонымен бірге 2014 жылғы республикалық бюджеттің қалыптастырылуы мен атқарылуы мәселелерінде бірқатар проблемалар мен кемшіліктер анықталды.

Республикалық бюджеттің параметрлері бірнеше мәрте нақтыланып, түзетілгеніне қарамастан, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері республикалық бюджет қаражатын жеткілікті дәрежеде тиімді пайдаланбаған.

Бюджет жүйесінің нәтижелілік принципі орындалмаған қаражат сомасы 378,5 млрд. теңгені құрады. Республикалық бюджеттің атқарылуын талдау салықтық және кедендік әкімшілік етудің жеткілікті дәрежеде тиімді емес екендігін, салық тәртібінің төмендегенін және республикалық бюджетке түсетін түсімдер шығынының орын алғанын көрсетеді.

Екі мемлекеттік және он бес салалық бағдарламаның іске асырылуын бағалау олардың тиісінше орындалуы қамтамасыз етілмегенін көрсетті, орталық және жергілікті деңгейлердегі орындаушылар өзара тиімді іс-қимыл жасамаған.

Бағдарламаларды іске асыру кезінде жол берілген бюджет және өзге де заңнама бұзушылықтарының жалпы сомасы 127,7 млрд. теңгені құрады, 56 млрд.теңге тиімсіз пайдаланылған. Жергілікті бюджеттерге түсетін кірістердің негізгі көзі, бұрынғысынша, трансферттер болып отырғаны байқалады.

2014 жылы нысаналы трансферттерді қалыптастыру және пайдалану кезінде жол берілген, анықталған қаржылық бұзушылықтардың сомасы 2013 жылмен салыстырғанда 40%-ға ұлғайып, 243,1 млрд. теңгені құрады.

Инвестициялық жобалар оларды уақтылы қаржыландырмау, конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімдерінің созылуы, жобалау-сметалық құжаттаманы және техникалық-экономикалық негіздемені сапасыз әзірлеу жағдайында іске асырылды.

Бұл жобалардың қымбаттауына, оларды іске асырудың тоқтатылуына, объектілердің пайдалануға уақтылы берілмеуіне алып келді.

Орталық мемлекеттік органдар инвестициялық жобаларды іске асырған кезде жалпы сомасы 34,3 млрд. теңгенің, соның ішінде 2014 жылғы республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде – 8,6 млрд. теңгенің бұзушылықтарына жол беріп, 8,1 млрд. теңгені игермеген. Жергілікті атқарушы органдар жол берген бұзушылықтардың жалпы сомасы 174,1 млрд. теңгені құрады, 2,2 млрд.теңгені игермеген.

Есепте Есеп комитетінің бюджет және өзге де заңнама талаптарын жетілдіруге, қаржы тәртібін күшейтуге, сондай-ақ республикалық бюджетті атқару және мемлекет активтерін пайдалану кезінде бұзушылықтардың алдын алуға және оларға жол бермеуге бағытталған ұсынымдары берілді. Бюджет кодексінің 141-бабына сәйкес, Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Парламентіне ағымдағы жылдың 15 мамырынан кешіктірмей, өзінің мазмұны бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті есебіне қорытынды болып табылатын, есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін ұсынды.

Баяндамашыларға Мәжіліс депутаттары Н.Сабильянов, З.Балиева, Е.Никитинская, Р.Халмұрадов, Ш.Мырзахметов, Г.Исимбаева, С.Романовская және Ә.Бимендина сұрақ қойды. Заң жобасы бойынша жұмыс тобаның жетекшісі Құттықожа Ыдырысов отырысты қорытып, алда болатын жұмыс тобы отырысының уақытын хабарлады.

ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі