Сенатта Үкіметтің және Есеп комитетінің есептері таныстырылды
- Толығырақ
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің таныстырылымы болды.
Депутаттардың алдында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин және Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары Олег Смолояков баяндама жасады.
Қаржы министрі Б.Сұлтанов жыл қорытындысы бойынша қаржылық нәтижелер теңгерімделгенін және бюджет түсімдері 5 989 миллиард теңге немесе түзетілген жоспарға қарағанда 99,4 пайызға немесе нақтыланған жоспарға 98,1 пайыз болып қалыптасқанын атап өтті. Кірістер 5 909 миллиард теңге сомасында немесе түзетілген бюджетке қарағанда 99,3 пайыз немесе нақтыланған бюджетке 97,9 пайыз түсті. Республикалық бюджеттің 2014 жылға арналған шығыстары 7 070 миллиард теңгені немесе жоспардың 99,4 пайызын құрады. Тапшылық бекітілген деңгейде – 1 081 миллиард теңге. 39,9 миллиард теңге пайдаланылмай қалды.
Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы негізгі қорытындыны айта отырып, 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын бағалау бюджет жүйесі нәтижелілігінің негізгі принциптерінің сақталуына жүргізілгеніне тоқталды. Үкіметтің есебіне сай, шығындар бойынша игерілмеген қаражат сомасы 18,6 миллиард теңгені құрады. Үкіметтің 7,8 миллиард теңге мөлшерінде бөлінбеген резерві қалды.
Әлемдік дағдарыстың теріс салдарлары, экспорттық өнімге әлемдік бағалардың төмендеуі, нәтижесінде, кәсіпорындардың экономикалық белсенділігінің төмендеуі бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуына әсер еткен.
Сонымен бірге, салықтық және кедендік әкімшілік ету сапасының тиісті дәрежеде болмағаны, шаруашылық жүргізуші субъектілердің салық тәртібінің төмендегені анықталды. 2014 жылы салықтық түсімдер бойынша бересі 2013 жылмен салыстырғанда 33,7 миллиард теңгеге немесе 2 есеге жуық ұлғайып, 78 миллиард теңгені құрады.
Бюджеттік сыныптаманың 28 кодына сай, республикалық бюджетке түсетін түсімдер бойынша 98,7 миллиард теңгенің жоспарлы көрсеткіштері орындалмаған.
Сонымен қатар, Есеп комитетінің бақылауы барысында мемлекеттік кіріс органдарының салық төлеушілерге банкротқа ұшырау мәртебесін негізсіз беруі арқылы бересі бойынша деректердің төмендетілгені анықталды.
Республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер бойынша аванс төлемдерінің артық төленген сомасы ұлғайғаны байқалады. Мәселен, 2015 жылғы 1 қаңтарға артық төлем 1,7 триллион теңгені құрады. Бұл – 2014 жылғы барлық салықтық түсімдердің жартысына жуығы (46%). Тек корпоративтік табыс салығы бойынша артық төлем 2013 жылға қарағанда, 28,4 миллиард теңгеге ұлғая отырып, 105,9 миллиард теңгені құрады.
Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары О.Смолояков өз баяндамасында ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде Ұлттық Банк ақша-кредит саласындағы міндеттерді айқындай отырып, ішкі және әлемдік экономикада қалыптасып жатқан алғышарттарға икемді және жедел әсер ету арқылы елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.
Бұл мақсатта Ұлттық Банктің Басқармасы 2015 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Ақша-кредит саясатын мақұлдады, онда орта мерзімді келешекте инфляциялық таргеттеуді енгізу болжанады. Бұл құжатта модельдеу жүйесін жетілдіру, ақша-кредит саясатының құралдарын кеңейту, шешімдер қабылдау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ коммуникациялық саясаттың тиімділігін арттыру көзделеді, себебі Ұлттық Банк саясатының транспаренттілігі және оның айқындылығы инфляциялық таргеттеудің маңызды элементі болып табылады.
2015 жылғы 8 мамырда Ұлттық Банк банктердің теңгедегі өтімділікке қолжетімділігін ұлғайту мақсатында ақша-кредит саясатының құралдары бойынша кепілмен қамтамасыз ету тізбесін кеңейту туралы шешім қабылдады.
Есеп құжаттарының таныстырылымы барысында сенаторлар бюджеттердің кіріс базасын одан әрі жетілдіру, мемлекет активтерін басқару тетіктері, атқарушылық тәртіптері бұзғаны үшін жауаптылық, қаржы мониторингі жүйесінің пәрменділігі, салық және кеден әкімшілендірулерінің тиімділігін жетілдіру, жұмыс орындарын ұлғайту мәселелерін көтерді.
Есептерді талқылау Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов жетекшілік ететін жұмыс топтарында жалғасатын болды.