Қаз   Рус  Eng

БҚО-да бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдалану тиімділігі аудитінің нәтижелері

2021 жылғы 5 қазанда Есеп комитетінің отырысында Батыс Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы шығарылды.

Өңірді дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларына қол жеткізу 57,4-78,8%-ды құрады, бұл бағдарламаның іс-шаралары мен мақсаттары арасындағы корреляцияның және бюджеттік және стратегиялық жоспарлау арасындағы өзара байланыстың жоқтығын сипаттайтыны анықталды. Мемлекеттік бағдарламалардың нысаналы индикаторларының тек үштен бір бөлігі (32,4%) ғана Бағдарламада көрініс тапқаны анықталды, бұл ретте нысаналы индикаторлардың саны 118-ден 47-ге дейін немесе 2,5 есеге қысқарды.

МЖӘ тетігі бойынша инвестициялар тарту белсенділігінің төмендігі байқалуда. Мәселен, БҚО-да 2017-2020 жылдары іске асырылатын МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің сомасы белгіленген лимиттен 7,4%-ды (6,2 млрд теңге) құрады. Батыс Қазақстан облысының индустриялық аймағын толтыру үшін инвесторларды тарту мәселесі 5 жылдан астам уақыт бойы шешілмеген.

Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген 36 инвестициялық жобаның ішінде өткізу нарықтарының болмауына немесе шикізаттың жеткіліксіздігіне байланысты 3,9 млрд.теңге сомасына инвестициялар көлемі бар 6 жобаның қызметі тоқтатылды.

«Aqjaiyq» ӘКК-не жүктелген өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру және іске асыру тетігі тиісінше іске асырылмайды, ал әкімдіктің сатып алу және тауар интервенциялары жөніндегі шешімдері толық көлемде іске асырылмайды.

БҚО аумағындағы тұрғын үй-коммуналдық кешеннің жай-күйі проблемалардың жүйелі шешімдерінің болмауымен сипатталды.

Есеп комитеті Үкіметке заңнаманы жетілдіру жөнінде тиісті ұсынымдар берді. Батыс Қазақстан облысының әкіміне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою және қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға 31 бұзушылық фактісі бойынша материалдар жолданды.

Есеп комитеті бұзушылықтардың жекелеген фактілері бойынша мемлекеттік аудит материалдарын процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылдады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/265273?lang=kk

5 қазан күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті

Отырыста Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, сондай-ақ каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіпорындарда еңбекақы мен еңбек жағдайында сәйкессіздікке жол бермеу мәселелеріне ерекше бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген кешенді жоспарының уақытылы және сапалы орындауын қамтамасыз етуді тапсырды.

Екінші мәселені талқылау барысында еліміздегі каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау барысы қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.

Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасы мен 120 каналды салу мен реконструкциялаудың, сондай-ақ оларды цифрландырудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 2025 жылға дейінгі өңірлік жол карталарын бір ай мерзімде әзірлеу, сондай-ақ, жайылымдардағы гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды және скважиналарды жаңғырту бойынша шараларды қабылдау тапсырылды.

Дереккөз: https://primeminister.kz/ru/sessions/zasedanie-pravitelstva-rk-5102021-593351 

Сенат спикері М. Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті

2021 жылғы 30 қыркүйекте депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.
Құжаттың негізгі мақсаты мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, сатып алу рәсімдерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту болып табылады.
«Қаржы министрлігі Электронды қаржы орталығының деректеріне сәйкес, 2020 жылы жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарының көлемі 5,9 трлн. теңгені құраған. Оның ішінде 2,4 трлн. теңгеден астам сомаға тең шарттар тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен жасалған. Бұл көрсеткіш мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемінің 40 пайыздан астамын немесе ЖІӨ-нің 3,6 пайызын құрайды», – деді сенатор Еділ Мамытбеков.
Осыған байланысты, заң жобасының новеллаларының бірі – бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін негіздемелер санын қысқарту. Мемлекеттік сатып алуды әлеуетті өнім берушілер тауарлар мен олардың бағалары туралы ақпаратты орналастыратын Мемлекеттік сатып алу веб – порталымен интеграцияланған жаңа ақпараттық жүйе-электрондық дүкен арқылы жүргізу ұсынылады. Мұндай сатып алулар жалпы құны АЕК-тің 4000 еселенген мөлшерінен аспайтын біртекті тауарларға жүргізіледі.
Сенаторлар заң жобасын жан-жақты талқылаған соң, аталған құжатты екінші оқылымда қарау туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар Сенат отырысында бірқатар депутаттық сауалдар жолданды.
Осылайша Ольга Булавкина жайылымдық жерлердің тапшылығынан ауыл тұрғындары бетпе-бет келіп отырған мәселелерге назар аударса, ал Дүйсенғазы Мусин көтерме-бөлшек сауда орталықтарын салу мәселесін көтерді.
Ғұмар Дүйсембаев Атырау-Орал және Мұқыр-Құлсары автожолдарын қайта жаңарту қажеттігіне назар аударды. Рысқали Әбдікеров қала үлгісіндегі ауылдардағы тұрғындардың мәселелерін айтты.
Мұрат Бақтиярұлы Республикалық терминологиялық комиссия жұмысын жақсартудың маңыздылығын, ал Нұртөре Жүсіп журналистердің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан көтеру қажеттігін атап өтті.


Дереккөз: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5384 

Тұңғыш Президент Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

2021 жылғы 29 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мемлекет тұрақтылығының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық құрамдас бөліктеріне тұрақты бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
– Азаматтардың нақты кірісін арттыру, сапалы жұмыс орындарын ашу, ШОБ-ті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, осының бәріне экономиканың өсімі арқылы қол жеткіземіз. Денсаулық сақтау мен білім беруді қолдау, азаматтардың өзекті мәселелерін шешу әрдайым мемлекеттік органдардың басты назарында болуға тиіс. Мұның бәрі – қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен сенімділігінің кепілі. Экстремизм мен радикализмнің өрістеуіне жол беруге болмайды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстандағы жағдай бүгінгі таңда Орталық Еуразия кеңістігіндегі маңызды өзгерістерге түрткі болып, ұзақ мерзімді сын-қатерлер тудырып отырғанын айтты. Осыған орай өңірлік қауіпсіздіктің қазіргі тетіктерін нығайтып, жаңа механизмдер қалыптастыру керектігіне тоқталды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға жан-жақты дайындықты қамтамасыз ету керектігіне назар аударды.
– Өңірлік қауіпсіздікке төнген жаңа сын-қатерлер қорғаныс қабілетін одан әрі күшейту шараларын талап етіп отыр. Қазақстан армиясы заманауи озық стандарттарға сай болуға тиіс. Қарулы күштердің жаңғыруын, қорғаныс өнеркәсібі кешенінің дамуын айқындайтын барлық базалық құжаттар бекітілді. Қазіргі таңда ең бастысы – біз қабылдаған шешімдердің бәрі дұрыс орындалуын қамтамасыз ету, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.
Сондай-ақ, азаматтардың қауіпсіздігін арттыру бағытында құқық қорғау жүйесінде жүзеге асырылып жатқан үдемелі реформалардың маңыздылығы атап өтілді.
Елбасы қоғамдағы тыныштық пен келісім мемлекеттің тұрақты дамуының негізі екеніне тоқталып, ұлттық рухани кеңістігіміздің қауіпсіздігін қорғау маңызды екенін айтты.
Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімовтің, Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаеваның баяндамалары тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қауіпсіздік саласындағы ұлттық мүддемізді қорғауға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамның орнықты дамуына бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.


Дереккөз: https://elbasy.kz/kk/news/2021-09/nursultan-nazarbaevtyn-toragalygymen-kauipsizdik-kenesinin-otyrysy-otti

Павлодар облысы тексеру комиссиясының төрағасы тағайындалды

Тексеру комиссиясының жаңа басшысы облыстық мәслихат сессиясында таныстырылды. Сәбит Әубәкіров ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің камералдық бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған болатын.
Әубәкіров Сәбит Ермұхамбетұлы 1990 жылы туған, білімі жоғары, 2012 жылы Қазақстан-Ресей университетін экономика бакалавры біліктілігі, 2016 жылы Нархоз университетін құқық бакалавры біліктілігі бойынша, 2018 жылы Қаржы академиясын экономика ғылымдарының магистрі біліктілігі бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы Екібастұз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінде маманның көмекшісі, кейін бухгалтерлік есеп және есептілік секторының тіркеушісі, инспектор-бухгалтері болып бастаған. 2011 жылдан бастап Екібастұз қаласы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.
2012-2016 жылдары Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы бақылау бөлімінің бас маманы - бас бақылаушысы, басшысы болып жұмыс істеді.
2018 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мемлекеттік сатып алу аудиті бөлімінің басшысы, камералдық бақылау бөлімінің басшысы, Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2020 жылғы қарашадан бастап қазіргі таңға дейін Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің камералдық бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарады.

Дереккөз: http://pavlodarnews.kz/novosti/novogo-predsedatelya-revizionnoy-komissii-predstavili-v-pavlodarskoy-oblasti/

ПРЕЗИДЕНТ ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ Н. ГОДУНОВАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

2021 жылғы 28 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына алдын ала бағалаудың негізгі нәтижелері жөнінде баяндама ұсынылды.

Н. Годунованың мәліметіне сәйкес 9 басым бағыт бойынша үш жылда жұмсалатын 3,2 триллион, оның ішінде 2022 жылға жоспарланған 1,2 триллион теңге көлеміндегі қаржыға бағалау жүргізілді.

Оның қорытындысы бойынша Есеп комитеті жұмсалатын 1,16 триллион теңгені, оның ішінде 2022 жылға жоспарланған 306,3 миллиард теңгені оңтайландыруды ұсынды.Бюджетті қалыптастыру процесінде бірқатар кемшіліктер аталып, оларды жою жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар Есеп комитетінің төрағасы жекелеген аудиторлық іс-шаралардың алдын ала қорытындылары туралы да есеп берді.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Дереккөз: https://www.akorda.kz/ru/prezident-prinyal-predsedatelya-schetnogo-komiteta-natalyu-godunovu-2882531 

28 ҚЫРКҮЙЕКТЕ ҮКІМЕТ ҮЙІНДЕ ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Отырыста санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.

Үкімет басшысы халықты вакцинациялауды жалғастыруды және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды, сондай-ақ күзгі кезеңде кеңінен таралған тұмау мен басқа да респираторлық инфекциялар бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Екінші мәселені қарау кезінде Индустрияландыру картасын іске асыру барысы болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Нұр — Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.

Премьер-Министр барлық өңірлердің әкімдеріне әрбір жобаның іске асырылуын жеке бақылауда ұстауды және жыл соңына дейін олардың пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне экспорттық әлеует, оқшаулаудың жоғары деңгейі, импортты алмастыру, шикізаттың қолжетімділігі сияқты жобаларды іріктеу критерийлеріне басымдық бере отырып, инвесторлармен жұмысты күшейту тапсырылды.

Елімізде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін қарау барысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

А.Мамин ҚР ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың 20 қазанына дейін өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша МҮ келісілген жобасын дайындауды және қарауға енгізуді тапсырды. ТЖМ әкімдіктермен бірлесіп жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықпен алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. ҚР ИИДМ өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, газ жабдықтары мен тұрмыстық баллондарды пайдалану қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды жүйелі бақылауды және қатаңдатуды қамтамасыз етуге тапсырма берді.

Дереккөз: https://primeminister.kz/ru/sessions/zasedanie-pravitelstva-rk-28092021-2881638 

 

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ РЕФОРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЖОҒАРЫ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

2021 жылғы 24 қыркүйекте Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезектіотырысында ұлттық жобаларды әзірлеу, тиімді тауар өткізу жүйесін қалыптастыру, экспортты ілгерілету жөніндегі шаралар және аумақтық даму жоспарының жобасы қаралды.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Ұлттық жобалар бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Баяндаманы мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы кеңестің өткен отырысында ұлттық жобалардың тізімі мақұлданғанын және оларды қаржы жағынан қамтамасыз ету, қорытынды нәтижелердің шынайылығы және ауқымдылықты болдырмау тұрғысынан пысықтау тапсырылғанын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке инвестицияларға қатысты мәселені де қозғады. Оның айтуынша, ұлттық жобаларды қаржыландыруға қажетті 49 триллион теңгенің 33 триллионы немесе жалпы соманың 67 пайызы бюджеттен тыс қаражатқа тиесілі.

Ол бүгінгі талқылауды ескере отырып, ұсынылған ұлттық жобаларды жалпы мақұлдауды ұсынды. Үкіметке тиісті қаулыны екі апта ішінде қабылдауға тапсырма берілді.

Бұдан әрі тиімді тауар өткізу жүйесін қалыптастыру мәселесі қаралып, ол бойынша Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

Баяндаманы тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев шикізаттық емес экспортты ұлғайту Үкіметтің күн тәртібіндегі аса маңызды мәселе екенін атап өтті. Оның пікірінше, экспорттық кедергілерді алып тастау, экспорттың географиясы мен номенклатурасын кеңейту, ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау бүкіл Үкіметтің ортақ күш-жігерін талап етеді. СІМ және оның шет елдердегі мекемелері экспортты ілгерілету, нарықтарды ашу және тосқауылдарды алып тастау жөніндегі күш-жігерге белсенді қосылуға тиіс.

Аумақтық даму жоспарының жобасымен жұмысы туралы Әсет Ерғалиев есеп берді.

Қазақстан Президенті Ұлттық экономика министрін тыңдап, Жоспар бүкіл елді ұтымды аумақтық ұйымдастырудың базалық қағидаттары мен тәсілдерін ғана емес, сондай-ақ әрбір өңірді дамытудың негізгі параметрлерін де қамтуға тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жиында «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев және Президенттің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Реформалар жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти сөз сөйледі.

Дереккөз: https://www.akorda.kz/ru/glava-gosudarstva-provel-zasedanie-vysshego-soveta-po-reformam-2483156

23.06.2016

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Нұрлан Нұржановті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындады

Сенат Төрағасының ұсынуын қарай келіп, жоғарғы палатаның депутаттары Нұрлан Нұржановты Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындады.

Сенат Парламентінің баспасөз қызметі

09.06.2016

Есеп комитетінің мүшесі Александр Горяинов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары (ЖҚБО) басшылары кеңесінің XVI сессиясының жұмысына қатысты, Минск қаласы (Беларусь Республикасы)

Іс-шараға Әзербайжан Республикасының, Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Молдова Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжікстан Республикасының жоғары қаржы бақылау (мемлекеттік аудит) органдарының бірінші басшылары мен өкілдері қатысты.

Қатысушылар жоғары қаржы бақылау (мемлекеттік аудит) органдарының экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін талқылады. Қаржылық тұрақтылық пен экономикалық қауіпсіздік қатерінен нақты қорғау тетігі ретінде қаржылық бақылауды (мемлекеттік аудитті) жүргізу тиімділігін арттыру мәселелері бойынша пікірлермен және озық тәжірибелермен сындарлы алмасу жүзеге асырылды.

Сессия шеңберінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ЖҚБО басшылары кеңесінің Түйінді ұлттық көрсеткіштер жөніндегі сараптамалық топ жұмысының нәтижелері де қаралды. Есеп комитетінің мүшесі Александр Горяинов ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ЖҚБО мемлекеттік қаржылық бақылау (аудит) стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының қызметі туралы баяндады.

Сессияның қорытындысы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдарының экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі туралы Шешім мен Қарар қабылданды.

Атап айтқанда, Қарар мәтінінде отырыстың қатысушылары бірлескен аудиторлық іс-шараларды жүргізу мен тәжірибе алмасу арқылы өзара іс-қимылды жандандыруға ықпал етуге келіскені, бақылау (аудиторлық) және сараптамалық-талдау қызметі практикасын жетілдіруге уәделескені туралы айтылған.

Бұдан басқа, Кеңестің XVI және XVII сессиялар арасындағы кезеңге арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі

Анықтамалық:
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары басшыларының кеңесі 2000 жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ЖҚБО арасындағы ынтымақтастықты ұйымдық қамтамасыз ету, олардың өзара іс-қимылын үйлестіру және жұмыс тәжірибесімен алмасу үшін құрылған болатын.

Тағы мақалалар...

  1. 08.06.2016
  2. 27.05.2016
  3. 12.05.2016
  4. 03.05.2016