Қаз   Рус  Eng

30.04.2015 2015 жылғы 30 сәуірде Есеп комитетінiң кезекті отырысы өтті

Күн тәртібіне сәйкес отырыста 2 мәселе қаралды:

1. Жалпыұлттық статистиканы жүргізу, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бақылау-талдамалық іс-шарасыныңқорытындысы шығарылды.

Уәкілетті органдардың қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде анық статистикалық ақпаратта, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуде бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берілгені атап өтілді.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің және Қаржы министрлігінің жұмыс істемей тұрған және қызметі уақытша тоқтатылған кәсіпорындардың саны туралы ақпаратында алшақтықтар анықталды. Атырау облысының статистика департаменті анық емес статистикалық зерттеулер үшін интервьюерлерге 6,2 млн. теңге төлеген.

Интервьюерлердің құқықтық мәртебесі, шекті саны, оларға еңбекақы төлеу мөлшері және статистикалық байқаулардың сапасы және анықтығы үшін олардың жауаптылығы заңнамада регламенттелмеген.

Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарының статистика департаменттері уәкілетті органға хабарламай, жалпы сомасы 22,9 млн. теңгеге құрылыс-монтаж жұмыстарын орындаған, соның ішінде 20,5 млн.теңгенің жұмыстары бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сай жүргізілмеген, 7,0 млн.теңгенің жұмыстары бойынша авторлық қадағалау болмаған.

Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласы 2013 жылы нысаналы трансферттер бойынша келісімдердің тікелей нәтижелеріне қол жеткізбесе де, 2014 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бойынша жобаларды аяқтауға республикалық бюджеттен жалпы сомасы 44 7 млрд.теңгеге қосымша қаражат бөлінген. 2013 жылы 219 сумен жабдықтау және су бұру объектісі жоспарланып, тек 182 объекті ғана пайдалануға енгізілген, 2014 жылы 46 объекті жоспарланып, 33 объекті енгізілген.

Санитариялық-эпидемиологиялықбақылау ұйымдары қызметінің жекелеген сегменттері бойынша бірқатар көрсеткіштердің төмендегені анықталды. 2014 жылы тамақтан жаппай ауру болған 20 оқиға тіркелді, бұл 2013 жылғы көрсеткішке қарағанда 2,5 есе көп.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарымен жасасқан шарттарда көрсетілген лабораториялық зерттеулер құны «Көрсетілетін қызметтер тарификаторы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде белгіленген тарифтерге сәйкес келмейді.

Есеп комитеті анықтаған бюджет және өзге де заңнама бұзушылықтарының жалпы сомасы 53,7 млрд. теңгені құрады, 1,3 млрд. теңге тиімсіз пайдаланылған. Бухгалтерлік есеп жүргізужәне қаржылық есептілікті жасау бұзушылықтарының жалпы сомасы 696,6 млн. теңгені құрады.

Отырыстың қорытындысы бойыншаҚазақстан Республикасы Үкіметіне статистикалық зерттеулер жүргізу үшін интервьюерлердің құқықтық мәртебесін, олардың шекті санының нормативтерін және көрсетілетін қызмет төлемдерінің мөлшерін айқындау мәселелері бойынша бюджет заңнамасына өзгерістер енгізу ұсынылды.

Ұлттық экономика министрлігінеанықталған кемшіліктерді, оларға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Бақылаудың жекелеген материалдары процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілетін болады.

2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бақылау қорытындысы шығарылды.

Есеп комитетінің бағалауынша, еліміздегі отын-энергетикалық кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру жеткілікті дәрежеде тиімді жүзеге асырылмауда.

Атап айтқанда, жер қойнауын пайдалануға арналған экспортқа бағытталған келісімшарттар үлесінің жоғары екендігі, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың уақтылы орындалмауы, ішкі нарықта көмірсутегі отынының тапшылығы және республика аумағын газдандырудың төмен деңгейі атап өтілді.
Республикалық бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың 19 тікелей және 15 түпкілікті нәтижелер көрсеткішінің ішінде 4 көрсеткішке толық көлемде қол жеткізілмеген.

Энергетика министрлігінің бірқатар бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік өтінімдерді жасау кезінде жалпы сомасы 1,0 млрд.-тан астам теңгеге есеп-қисаптардың толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етпегені анықталды.

Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті мұнай-газ кешеніндегі заңнаманы бұзушыларға ықпал ету бойынша тиімді шаралар қабылдамаған, мемлекеттік экологиялық бақылау тиісінше жүзеге асырылмаған.

Тексеру нәтижелерін ресімдеу кезінде жіберілген бұзушылықтарға байланысты экологиялық залалды өтеу бойынша жалпы сомасы 803,7 млрд.теңге мөлшерінде салынған әкімшілік айыппұлдар мен талап-арыздар бойынша сот шешімдерімен 620,3 млрд.теңге сомасындағы айыппұлдар мен талап-арыздардың немесе 77,2 пайызының күші жойылған.

Бюджетке арнайы төлемдерді төлеу бойынша келісімшарттық міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушылардың орындауына толыққанды мониторинг жасалмаған. Осы мәселелер бойынша Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен өзара іс-қимыл тиісінше қамтамасыз етілмеген.

Бақылаумен қамтылған 3391,2 млн.теңге мөлшеріндегі қаражаттың жалпы сомасынан 1 438,5 млн.теңгеге бюджет және өзге де заңнама бұзушылықтары, 899,4 млн.теңгеге республикалық бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Үкіметке Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің тиімсіз қызметіне назар аудару, сондай-ақ жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы жетілдіру мәселелерін қарау ұсынылды.

Энергетика министрлігіне анықталған кемшіліктерді, оларға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол берген лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі