Қаз   Рус  Eng

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзі

Құрметтi Ерлан Жақанұлы!

Құрметтi депутаттар, Үкімет мүшелері!

Ең алдымен, Мәжілістің барлық депутаттық корпусына Жоғары аудиторлық палатаның Қорытындысын жан-жақты және мұқият қарағаны үшін алғысымызды білдіреміз.

Біз атқарып жатқан жұмысымызды барынша ашық етуге бет бұрдық. Аудит нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында толығырақ жариялай бастадық. Тексерулерге сарапшылар қоғамдастығы да тартылуда. Бұл аудиторлық іс-шаралар қорытындыларының объективтілігіне қатысты мәселелерді ысырып, мемлекеттік аудит жүйесіне деген сенімді арттырады.

Ал депутаттардың тікелей қолдауымен Жоғары аудиторлық палатаға берілген жергілікті бюджеттерді тексеру құқығының арқасында бюджет қаражатын алатындар сыртқы аудиттің назарынан тыс қалмайды.

Енді Жоғары аудиторлық палатаның негізгі қорытындыларына тоқталайын.

2023 жылы стратегиялық жоспарлауда үлкен өзгерістер болды. Ұлттық жобалардың саны үшке дейін қысқарды. Бұл кідіруді күттірмейтін дамудың басым бағыттарына назар аудару үшін жасалып отыр. Яғни, қойылған мақсаттарды іске асыру үшін қаржылай қамтамасыз ету жеткілікті көлемде болуы қажет.

Қазір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбесе, мемлекеттік органның өзі жеке жауап береді. Демек қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды.

Дегенмен уақытылы орындалу проблемалары әлі де сақталып отыр. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілді. Бірақ оның тек 38%-ы ғана игерілген. Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды.

37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген. Осы жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес жобалауға және құрылысын толық аяқтау үшін жасалған 207 шарттың тек 26 жобасына ғана ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген. Іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттамасыз объектілердің бірінші қабаттары тұрғызылып, құрылысы басталғандардың жартысының іргетасы қаланған.

Сол сияқты «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасында да белгіленген мақсаттардан артта қалу байқалады. 227 объект бойынша жобалау аяқталмаған. Жыл басындағы жағдай бойынша объектілердің 17%-ы пайдалануға берілмеген.

Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен Премьер-Министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін.

Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды.

Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді.

Биыл депутаттардың ұсынысы бойынша мемлекеттік ресурстардың жұмсалуын қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып қарауды жалғастырдық. Жоспарланған макроиндикаторлардың жартысына жуығын статистиканың кеш қалыптасуына байланысты бағалау мүмкін болмады.

Қажеттілікке қарамастан, өкінішке қарай, статистика жүйесінде сапалы өзгерістер бола қойған жоқ. Цифрландырудың дамыған заманында статистикалық деректерді бір жыл және одан да көп уақытқа кешігіп әзірлеу орынсыз деп есептейміз, маңызы мен құндылығы жоғалады.

Барлық көрсеткішке қол жеткізуді нақты уақыт режимінде бақылау үшін оларды толық цифрландыру жоспарын тездету өте маңызды. Бұл қойылған мақсаттарға қол жеткізу барысында ауытқуларға жол бермеу үшін сапалы әрі нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Бюджеттік әкімшілер экономикалық әсерлерді болжап, бағалауды үйренді. Алайда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту призмасы арқылы әлеуметтік қолдауды, базалық әлеуметтік кепілдіктерді бағалау ескерусіз қалып отыр. Іс жүзінде бюджетті қалыптастыру кезінде де, оны атқару кезінде де мұндай бағалауды ешкім жүргізбейді. Бұл бюджеттің барынша әлеуметке бағдарлануы жағдайында орын алып отыр.

Осыған байланысты Халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын енгізу ұсынылады. Бұл қазақстандықтардың әл-ауқатына мемлекеттік бюджет шығыстарының тигізетін әсерін есептеп, бағалау үшін қажет.

Әкімдіктерге өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен жекелеген жағдайларда қаражаттың орталық деңгейде жоғары игерілуі өңірлерде төмен нәтиже көрсетіп отыр. Нысаналы трансферттерді жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру есебінен өңірлерге берілетін субвенциялар шамамен 5 трлн теңгені құрап отыр. Олар соңғы 3 жылда екі еседен артық өскен. Орындалуы 98%-дан жоғары болып отырған нысаналы трансферттер де шамамен тағы 2 трлн теңгені құрады.

Ал іс жүзінде қалай? Іс жүзінде бюджеттік тәртіп төмен деңгейде.

Тек төрт өңірде, яғни Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%-ы бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдерінің сақталмағаны анықталды. Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келеді. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттағаны анықталып отыр. Ал қалған маңызды инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы өңірлердің сылбырлығы неге алып келетінін әлі анықтау керек.

Осы төрт өңірде орындалмаған жұмыс көлемі үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған. Сондай-ақ өңірлерде өте маңызды және қажетті объектілердің мақсатына сай пайдаланылмау фактілері орын алып отыр. Мысалы, Семей қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан, атап айтқанда, жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан, 2023 жылы 1,7 млрд теңгеге салынған «Орталық» қазандығы пайдаланылмай тұр. Жезқазған қаласында 2023 жылы шамамен 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған.

Бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда тәртіп орнату керек. Жобалардың орындалу мерзімін ұзартуды және олардың қымбаттауы тәжірибесін шектеу қажет. Жоспарлаудан бастап оларды іске асырудың басталуына дейінгі мерзімдерді қысқартқан жөн. Бюджеттік әкімшілерге міндетті түрде типтік жобаларды қолдану жүктелуі тиіс. Мұндай жобалар бойынша жоспарлаудың, қажетті сараптамалар мен рұқсаттар алудың жеделдетілген рәсімі болуы тиіс.

Осы жобалардың құнын мониторингілеу үшін олардың ықтимал қымбаттауын IT-шешімдерді қолдану арқылы қадағалауға болады. Бұл болашақта жобаның қымбаттауына байланысты рәсімдерден өту қажеттілігін алып тастамаса да, кем дегенде оларды қысқартуы мүмкін.

Өнім жеткізушілерді айқындау барысында адами фактор барынша болмауы тиіс. Бұған тек цифрлық шешімдерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады.

Жобалардың субъективті себептерге байланысты қымбаттау ауыртпалығы тек мердігерлерге жүктелуі қажет. Ал тапсырыс берушілер тарапынан жобалардың іске асырылу мерзімдеріне ықпал етіп, олардың сметалық құнының ұлғаюына әкеп соққан кідіріс мемлекеттік қызметке кері әсер ететін теріс қылықтар санатына жатуы тиіс.

Экономиканың нақты секторында негізгі жүйе құраушы инфрақұрылымдық бастамалар ұлттық компаниялар арқылы іске асырылады. Бизнесті қолдауға қомақты ресурс жұмсалып отыр. Бұл мәселелерді ашық айтып, экономика үшін осындай қолдаудың тиімділігін жан-жақты талдау керек.

Біз өңдеуші өнеркәсіп жобалары бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызметті ынталандырудың аудитіне кірістік. Нәтижелерін биыл баяндаймыз.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға қатысып отыр. 2023 жылдың өзінде республикалық бюджеттен1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған. Бұл ретте квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсіп отыр.

Басқа да көптеген маңызды міндеттерді шешуге бюджет қаражатының жетпей жатқанын ескерсек, бұл – өрескел жағдай.

Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді.

Бұрын жарғылық капиталды ұлғайтуға бөлінген, бірақ пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігі іске қосылуы тиіс. Қаражатты ақшаны бақылау шоттарында жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет.

Ресурстарды экономикаға және қазақстандықтардың игілігі үшін пайдалану керек.

Жасанды интеллектті пайдалана отырып, бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудағы болжамдау функциясын жақсарту үшін шұғыл шаралар қажет.

Бұл жерде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі өзінің үйлестіруші рөлін күшейтуі маңызды.

Қазір мемлекеттік борыш қауіпсіз шекте болғанымен, Үкіметтің борыштық міндеттемелері биыл қаңтар айындағы жағдай бойынша 24,9 трлн теңгені құрады. 2024-2025 жылдары өткен онжылдықта тартылған қарыздарды қайтару бойынша бюджетке ең жоғары жүктеме түсіп отыр. 2023 жылы қарыздарды өтеуге және қызмет көрсетуге Ұлттық қордың трансферттерін есепке алмағанда, бюджет кірістерінің 28%-ы немесе барлық шығыстарының 19%-ы жіберілді.

Осы мәселелерге келгенде макроэкономикалық және бюджеттік параметрлерді өзара байланыстыра отырып, ұзақ мерзімді жоспарлау қажет. Алдағы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың жай-күйі туралы ақпаратты ашығырақ көрсету керек.

Сіздердің назарларыңызды аударғымыз келген негізгі мәселелер осылар. Олар бойынша Жоғары аудиторлық палата тиісті ұсынымдар дайындады.

Үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата құқық қорғау органдарына 23 аудит материалын жіберді. 123 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, 32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Есепті кезеңде 28 млрд теңге қалпына келтірілді және өтелді.

Құрметті депутаттар!

Біздің Қорытындыны жан-жақты қарап, бірлесіп жұмыс жасағандарыңыз үшін тағы да алғысымызды білдіреміз. Аудит қорытындысы бойынша берілген әрбір тапсырма толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның қатаң бақылауында болады.

Ал біздің Үкіметпен және Парламентпен бюджет процестерін жетілдіру мәселелеріне қатысты жұмысымыз әрі қарай жалғасады.

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/786200?lang=kk 

060624

Қазақстанның мемлекеттік аудиторларының қатары 59 сертификатталған маманмен толықты

Биыл төрт айдың қорытындысы бойынша ҚР Жоғары аудиторлық палатасы 59 мемлекеттік аудитор және 5 жоғары санатты мемлекеттік аудитор сертификатын берді.

Жалпы конкурстық рәсімдерге 109 адам қатысты. Оның ішінде 9 үміткерге жоғары санатты мемлекеттік аудитор біліктілігін, сондай-ақ 36 үміткерге мемлекеттік аудитор біліктілігін беруден бас тартылды.

Сертификаттау екі кезеңнен тұрады. Алдымен үміткерлер тест сұрақтары мен кешенді жағдаяттық тапсырмалардан тұратын біліктілік емтиханын тапсыру арқылы білімдерін растайды. Емтихан мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік секторда бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау, сондай-ақ сәйкестік аудиті, тиімділік аудиті сияқты және т.б. пәндерді қамтиды.

Екінші кезең шеңберінде үміткерлер Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы басқаратын Ұлттық комиссияда әңгімелесуден өтеді. Мұнда іріктеуге қатысушылардың кәсіби даярлық деңгейі, олардың құзыреттері мен жеке қасиеттері, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлардың кәсіби әдеп ережелерін сақтауға бейімділігі тікелей бағаланады.

Анықтама ретінде: экономика және бизнес, құқық, ақпараттық технологиялар сияқты бағыттар бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кандидаттар Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер бола алады. Бұл ретте үміткердің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүйесінде кемінде 3 жылдық жұмыс тәжірибесі болуға тиіс.

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/768345?lang=kk 

Құндызбек Әбдірасылов ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Аппаратының басшысы болып тағайындалды

Құндызбек Болатұлы Әбдірасылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы Аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды.

Құндызбек Әбдірасылов 1982 жылғы 16 қарашада дүниеге келген. «Әулие Ата» университетін және Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін бітіріп, ақпараттық жүйелер, қаржы және құқық салалары бойынша білім алған. 2023 жылы РФ СІМ Дипломатиялық академиясын «экономика магистрі» мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 2005 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданы бойынша Салық комитеті Салық тіркеу бөлімінің штаттан тыс қызметкері болып бастап, кейін бас маман болып жұмыс істеген.

2007-2010 жылдар аралығында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Мемлекеттік деректер базасы департаментінің бас маманы болып қызмет атқарды.

2010-2014 жж. – Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің сарапшысы, бас сарапшысы, басқарма басшысы.

2014-2018 жылдар аралығында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің Астана қаласы бойынша статистика департаментінің бас сарапшысы, департамент басшысының орынбасары, департамент басшысы болып жұмыс істеді.

2018 жылы ҚР Қаржы министрінің кеңесшісі болып тағайындалды.

2019-2021 жж. – ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Кадр жұмысы бөлімінің бас инспекторы.

2021-2022 жж. – Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты министрі Хатшылығының басшысы.

2022-2023 жылдар аралығында ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Премьер-Министрі Хатшылығының меңгерушісі болып қызмет атқарды.

2023-2024 жж. – ҚР Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары.

2024 жылғы сәуірде Жоғары аудиторлық палата төрағасымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Аппаратының басшысы болып тағайындалды.

«Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/756100?lang=kk 

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы Әзербайжан Есеп палатасымен бірлесіп АЗОСАИ аудитін жүргізді

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы Қытайға жұмыс сапары аясында жүргізілген Азия жоғары аудит органдары ұйымының (АЗОСАИ) Бас хатшылығы шоттарының аудиті бойынша жұмысты аяқтады.

АЗОСАИ — Азия аймағының жоғары аудит органдарының аймақтық ұйымы. Оған 48 елдің жоғары аудит органдары кіреді, ал Бас хатшылығы Қытайдың Ұлттық аудит кеңсесінің базасында орналасқан.

Ұйымның 2021-2023 жылдардағы шоттарын тексеру 15-23 сәуір аралығында Қазақстан Жоғары аудиторлық палатасы және Әзербайжан Есеп палатасымен бірлестікте жүргізілді. Бұл ретте еліміз екінші рет тиісті аудиторлық комитеттің мүшесі болып сайланғанын атап өту керек.

Аудит нәтижелері бойынша Хатшылықтың қаржылық тәртібі мен АЗОСАИ-дың бухгалтерлік есебін жүргізу деңгейінің жоғары екендігі анықталды. Қаржылық есептілік IFRS және IPSAS халықаралық стандарттарына сәйкес ұсынылды. Сонымен қатар аудиторлар ұйым қорларын басқаруды жақсарту бойынша ұсыныстар берді.

Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша отырыс барысында ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Рүстем Нұрпейісов тұрақты аудит АЗОСАИ қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

«Біз ұйым шеңберіндегі бірлескен жұмыс елдер арасындағы жоғары аудит органдарының ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетініне сенімдіміз», — деді ол.

Аудит қорытындысы биыл қыркүйек айында Үндістанда өтетін АЗОСАИ-дың 16-Ассамблеясы барысында ұсынылады.

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/757253?lang=kk 

250424

Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады

Кездесу барысында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыру мәселелері талқыланды.

Президент Жоғары аудиторлық палатаға бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің тиімді және рационалды жұмсалуын республикалық, сондай-ақ жергілікті деңгейде қатаң бақылауды қамтамасыз ету міндеті жүктелетінін айтты.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі ой-пікірін жеткізді, сондай-ақ ведомствоның осы жылға арналған жоспары туралы баяндады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловтың мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі жүктелген міндетті сапалы орындауға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/741287?lang=kk 

040424

Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы болып тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы болып тағайындалды.

Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы 18 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «Мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша бітірген.

1993-1999 жылдары «А-Инвест» инвестициялық жекешелендіру қорында; Ұлттық статистика агенттігі; Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді.

1999-2003 жылдары Статистика агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

2003 жылы Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрі болып жұмыс істеді.

2003 жылдан 2006 жылға дейін – «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.

2006-2009 жылдары Қазақстан Қаржы министрінің орынбасары қызметін атқарды, «Қазагро» ұлттық холдингі» АҚ президенті болды.

2009-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Статистика агенттігін басқарды.

2014-2015 жылдары – Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы.

2015-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып жұмыс істеді.

2018 жылғы қыркүйектен 2019 жылғы ақпанға дейінҚазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметін атқарды.

2019 жылғы 25 ақпанда – Қазақстанның Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі болып тағайындалды.

2020 жылғы 18 мамырда – Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, 2021 жылғы 18 қаңтарда осы лауазымға қайта тағайындалды.

2022 жылғы 11 қаңтардан 2024 жылғы 5 ақпанға дейін –Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/740036?lang=kk 

020424

Жоғары аудиторлық палатаның делегациясы ClimateScanner жаһандық бастамасы конференциясына қатысуда

2024 жылғы 25-26 наурызда Төраға Наталья Годунова бастаған Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы Нью-Йорк қаласында (АҚШ) «ClimateScanner Global Challenge*: климаттың өзгеруі саласындағы ұлттық іс-қимылдарды жоғары аудиторлық органдарды бағалауға тарту» тақырыбындағы конференцияға қатысуда.

Конференцияға жоғары аудит органдарының басшылары (ЖАО), БҰҰДБ, Дүниежүзілік банк, Америкааралық даму банкі, зерттеу институттарының өкілдері, сондай-ақ ИНТОСАИ қауымдастығының мүшелері қатысады.

Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментімен және Бразилияның Федералдық есеп сотымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Конференцияның мақсаты – климатты, қаржыны басқару және мемлекеттік саясатты жақсартуға ЖАО-ның үлесі мен ықпалын күшейту жолдарын талқылау. Негізгі мақсаты – ұлттық және халықаралық деңгейде климаттық дағдарысты еңсеруге көмектесетін ClimateScanner бастамасын іске асыруға ЖАО мен басқа да мүдделі тараптарды тарту.

2024 жыл халықаралық аудит қауымдастығы үшін маңызды жыл. ClimateScanner бастамасының бір бөлігі ретінде бүкіл әлем бойынша ЖАО бір уақытта климаттың өзгеруі саласында үкіметтің іс-қимылына бағалау жүргізеді. Бұл климат саласында іс-қимыл үшін есеп беруді арттыру жөніндегі жаһандық қозғалыстың басталуын білдіреді.

Шара барысында ҚР ЖАП Төрағасы Наталья Годунова Бразилия, Португалия, Үндістан, Литва, Әзірбайжан ЖАО басшыларымен, сондай-ақ Қытай мен АҚШ-тың ЖАО өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

*ClimateScanner – - климаттың өзгеруіне байланысты үкіметтің іс-қимылын бағалауға бағытталған ИНТОСАИ экологиялық аудит жөніндегі жұмыс тобымен (ЭАЖТ) бірлесіп Бразилияның Федералдық есеп соты (БФЕС) басқаратын жаһандық бастама.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/734078?lang=kk 

270324

Жоғары аудиторлық палатаның делегациясы 2024 жылғы Дүниежүзілік үкіметтік саммитіне қатысты Дереккөз – Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы @ Көшіру кезінде дереккөз сілтемесін пайдаланыңыз.

Төраға Наталья Годунова бастаған Жоғары аудиторлық палатаның делегациясы 12 – 14 ақпан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) өткен 2024 жылғы Дүниежүзілік үкіметтік саммитіне қатысты.

Дүниежүзілік үкіметтік саммиті – халықаралық деңгейде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қатысуына арналған бірегей алаң және «Болашақ үкіметтерді қалыптастыру» тақырыбына арналған.

2024 жылғы Саммиттің негізгі тақырыптары: үкіметтерді жеделдету және трансформациялау мақсатында цифрлық технологияларды енгізудің мүмкіндіктері мен проблемалары; жасанды интеллект және қоғам үшін салдары; экономиканың өсуі мен дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер жасаудағы жаңа технологиялар, бизнес-модельдер және әлеуметтік үрдістер; жаңа ұрпақ және білім беру; орнықты даму және ұзақ мерзімді өркендеу; урбандалу және денсаулық сақтау саласындағы жаһандық басымдықтар.

Іс-шара барысында Египет, Зимбабве, Кения Республикасы, Марокко, Мадагаскар Республикасы, Мальдив Республикасы, Маврикий Республикасы, БАӘ, Руанда Республикасы, Түркия Республикасы, Сейшель аралдары Республикасының президенттері, сондай-ақ БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

Саммит аясында мемлекеттік ресурстарды қорғаудағы жоғары аудит органдары (ЖАО) мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың рөлі, сондай-ақ осы саладағы институционалдық серіктестікті нығайту тетіктеріне арналған сессия өтті.

Басты назар мемлекеттік ресурстарды қорғаудағы және адалдық, есептілік және ашықтық құндылықтарын ілгерілетудегі жоғары аудит органдарының рөлімен байланысты озық практикаға аударылды.

Сессияда Марокко Есеп палатасының бірінші төрағасы, Мысырдың Әкімшілік бақылау органының төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы күрес секторының басшысы және Оңтүстік Африканың Бас аудиторы сөз сөйледі.

Бұдан басқа, мемлекеттік аудит саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және дамыту мақсатында Наталья Годунованың БАӘ Есептілік басқармасының президентімен екіжақты кездесуі өтті. «Мемлекеттік аудит жүйесін трансформациялау аясында бізді БАӘ ЖAО-ның INTOSAI белсенді мүшесі, сондай-ақ мемлекеттік аудитті сәтті жүзеге асыратын институт ретінде көп жылдық тәжірибесі қызықтырады. Атап айтқанда, тиімділік аудиті, қаржылық есептілік аудиті, электрондық аудит және аудиторлардың біліктілігін арттыру саласы ерекше қызығушылық тудырады», деп атап өтті Қазақстан ЖАО басшысы.

Сонымен қатар 14 ақпанда Саммит аясында Түркия есеп сотының басшысы Метин Йенер мырзамен тең дәрежедегі тексеру мәселелері бойынша екіжақты жұмыс кездесуі өтті.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/706102?lang=kk 

150224

Жоғары аудиторлық палатада мемлекеттік тілде «Кітап оқу жарысы» онлайн-байқауы өтті

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Жоғары аудиторлық палатаның және «Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы» ЖШС-ның жұмыскерлері арасында а.ж. 3 – 10 ақпан аралығында «Кітап оқу жарысы» онлайн-байқауы өткізілді.

Байқаудың мақсаты – жұмыскерлер арасында қазақ тілінде кітап оқуды насихаттау, ынталандыру, тілдік ортаны дамыту мен құру, мемлекеттік тілдің беделін арттыру, қолданылу салаларын кеңейту.

3 кезеңнен тұратын байқау мемлекеттік тілде онлайн форматта өтті. Жарысқа қатысушыларға Несіпбек Дәуітайұлының «Архитектор», Темірғали Көпбайдың «Құлаққаптың қасіреті», Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Қар астындағы ауыл» атты шығармалары оқуға берілді. Әр кезеңнің соңында оқылған кітап бойынша онлайн форматта тестілеу өткізілді.

Конкурсқа барлығы 25 жұмыскер қатысты. Байқаудың қорытындысы бойынша 1-орынға – Гүлнаурыз Дәулетова, 2-орынға – Ажар Қожахметова, 3-орынға – Ақбота Нұрсұлтанова ие болды. Жеңімпаз бен жүлдегерлер дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/704948?lang=kk 

01

02

03

Жоғары аудиторлық палатада макроэкономикалық талдау мәселелері бойынша семинар өтті

2024 жылғы 5-6 ақпанда Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасында (ЖАП) Дүниежүзілік банктің ел менеджерінің міндетін атқарушы Янина Ермакова мен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Кавказдағы, Орталық Азия аймағындағы және Моңғолиядағы Өңірлік әлеуетті дамыту орталығының директоры Норберт Функе мырзаның жетекшілігімен Дүниежүзілік банк пен ХВҚ-ның Өңірлік әлеуетті дамыту орталығының командасы ұйымдастырған макроэкономикалық талдау мәселелері бойынша семинар өтті.

Семинарда ЖАП қызметкерлері макроэкономикалық талдаудың әдіснамасы мен практикасымен танысты, сондай-ақ Дүниежүзілік банк пен ХВҚ-ның Қазақстан бойынша есептерін қарады. Шара барысында жиналғандар макроэкономикалық талдаудың теориялық аспектілерін талқылап қана қоймай, сонымен қатар өз білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алды.

«Макроэкономикалық талдау тақырыбы біздің еліміздің контекстінде маңызды орын алады. Бұл тақырыпты таңдау кездейсоқ емес, өйткені біз оның қазіргі жағдайда өте өзекті екеніне және экономикалық процестерді бағалаудағы маңызды рөліне сенімдіміз. Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата жыл сайын жүргізетін тиімділік аудитінің шеңберіндегі салық және бюджет саясатын бағалау – макроэкономикалық талдаудың маңызды бөлігі.» – деп өз баяндамасында ЖАП мүшесі Нұрлан Нұржанов атап өтті.

Шара соңында Қазақстанның жоғары аудит органы Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банкке барлық қатысушылардың кәсіби тәжірибесіне қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/699903?lang=kk 

060224