5 қазан күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті
- Толығырақ
Отырыста Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, сондай-ақ каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.
Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіпорындарда еңбекақы мен еңбек жағдайында сәйкессіздікке жол бермеу мәселелеріне ерекше бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген кешенді жоспарының уақытылы және сапалы орындауын қамтамасыз етуді тапсырды.
Екінші мәселені талқылау барысында еліміздегі каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау барысы қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.
Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасы мен 120 каналды салу мен реконструкциялаудың, сондай-ақ оларды цифрландырудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Ауыл шаруашылығы, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 2025 жылға дейінгі өңірлік жол карталарын бір ай мерзімде әзірлеу, сондай-ақ, жайылымдардағы гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды және скважиналарды жаңғырту бойынша шараларды қабылдау тапсырылды.
Дереккөз: https://primeminister.kz/ru/sessions/zasedanie-pravitelstva-rk-5102021-593351