Қаз   Рус  Eng

Сенат спикері М. Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті

2021 жылғы 30 қыркүйекте депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.
Құжаттың негізгі мақсаты мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, сатып алу рәсімдерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту болып табылады.
«Қаржы министрлігі Электронды қаржы орталығының деректеріне сәйкес, 2020 жылы жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарының көлемі 5,9 трлн. теңгені құраған. Оның ішінде 2,4 трлн. теңгеден астам сомаға тең шарттар тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен жасалған. Бұл көрсеткіш мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемінің 40 пайыздан астамын немесе ЖІӨ-нің 3,6 пайызын құрайды», – деді сенатор Еділ Мамытбеков.
Осыған байланысты, заң жобасының новеллаларының бірі – бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін негіздемелер санын қысқарту. Мемлекеттік сатып алуды әлеуетті өнім берушілер тауарлар мен олардың бағалары туралы ақпаратты орналастыратын Мемлекеттік сатып алу веб – порталымен интеграцияланған жаңа ақпараттық жүйе-электрондық дүкен арқылы жүргізу ұсынылады. Мұндай сатып алулар жалпы құны АЕК-тің 4000 еселенген мөлшерінен аспайтын біртекті тауарларға жүргізіледі.
Сенаторлар заң жобасын жан-жақты талқылаған соң, аталған құжатты екінші оқылымда қарау туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар Сенат отырысында бірқатар депутаттық сауалдар жолданды.
Осылайша Ольга Булавкина жайылымдық жерлердің тапшылығынан ауыл тұрғындары бетпе-бет келіп отырған мәселелерге назар аударса, ал Дүйсенғазы Мусин көтерме-бөлшек сауда орталықтарын салу мәселесін көтерді.
Ғұмар Дүйсембаев Атырау-Орал және Мұқыр-Құлсары автожолдарын қайта жаңарту қажеттігіне назар аударды. Рысқали Әбдікеров қала үлгісіндегі ауылдардағы тұрғындардың мәселелерін айтты.
Мұрат Бақтиярұлы Республикалық терминологиялық комиссия жұмысын жақсартудың маңыздылығын, ал Нұртөре Жүсіп журналистердің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан көтеру қажеттігін атап өтті.


Дереккөз: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5384