Қаз   Рус  Eng

14 желтоқсанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті

Отырыста елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттанушылық 31%-ға төмендегенін айтты. Үкімет басшысы маска тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты одан әрі сақтауды және вакциналау мен ревакцинация қарқынын күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі А. Пірімқұлов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы А. Әріпханов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев баяндама жасады.

А. Мамин инвестициялық жобалардың, әсіресе импортқа тәуелді тауар позициялары бойынша іске асырылу барысын ерекше бақылауды және сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, әкімдіктермен бірлесіп, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия төлеу бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Дерек көзі: https://primeminister.kz/kz/sessions/kr-ukimetinin-otyrysy-14122021-14111145

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Жиында Еуразия экономикалық одағы қызметінің өзекті мәселелері, 2021 жылдағы ынтымақтастық қорытындылары, сондай-ақ Одаққа мүше елдердің алдағы кезеңдегі өзара экономикалық ықпалдастығын дамыту жоспары талқыланды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы өз сөзінде пандемия мен дағдарыстарды еңсеру, еш шектеулерсіз ортақ ішкі нарық қағидаттарын сақтау, сондай-ақ қазіргі заманға сай дамудың жаңа бағыттарын айқындау үшін бірлескен шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Елбасы Еуразия экономикалық одағы аумағында импортты алмастыратын бағдарламалар әзірлеу мүмкіндігін айтып, бұл қадам интеграциялық бірлестікке мүше елдердің азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететініне назар аударды.

– Бүгінде Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттердің экономикалық белсенділігін арттыру жұмыстарын күшейту қажет. Жаһандық сенім дағдарысы мен геосаяси шиеленіс жағдайында Одақты сақтап қалудың және нығайтудың маңызы зор. Ол жаңа қатысушыларға ашық әрі басқа интеграциялық бірлестіктермен ынтымақтастыққа дайын. Тек барлық тараптың үйлесімді күш-жігері біздің экономикаларымыздың өсімін қалпына келтірудің кілті болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына төрағалығын қорытындылай келе, Өзбекстанға байқаушы мемлекет мәртебесі берілгенін және Еуразиялық экономикалық комиссия мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын құптайтынын атап өтті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Республикасын Еуразия экономикалық одағына байқаушы мемлекет ретінде шақыру мүмкіндігі туралы айтты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразия экономикалық одағының Еуропалық одақпен, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен және Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсу үшін «Үлкен Еуразия» төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынды.

Дерек көзі: https://elbasy.kz/kk/news/2021-12/nursultan-nazarbaev-zhogary-euraziyalyk-ekonomikalyk-kenestin-otyrysyna-katysty

Мемлекет басшысы Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа пандемиямен күреске бөлінген 521 миллиард теңге көлеміндегі қаражаттың жұмсалуына жүргізілген тексерудің алдын ала нәтижелері ұсынылды.

Атап айтқанда, аталған аудит аясында модульді ауруханалардың құрылысына, жұқпалы аурулар стационарларын материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтауға бөлінген қаржы, сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарын сатып алу шығындары тексерілді.

Сонымен қатар Наталья Годунова Президентке Токиода өткен 2020 жылғы Олимпиада ойындарының дайындығына бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері туралы баяндады.

Спорт комитетінде жүргізілген тексеріс барысында дене шынықтыру және спортты дамыту саласындағы іс-шараларға, оның ішінде 2020 жылғы Олимпиадаға дайындыққа және оған қатысу үшін жұмсалған 125 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға аудит жүргізілген.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді.

Дерек көзі: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-esep-komitetinin-toragasy-natalya-godunovany-kabyldady-10111712

9 желтоқсанда М. Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенат отырысы болды

Сенаторлар еліміздің сот жүйесін одан әрі реформалауға бағытталған заңдар қабылдады. Осы заңдардың бәріне Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өткен жөн.

Енді сот жүйесіне құқықтың тар аядағы салалары бойынша білікті мамандарды тарту жөніндегі ереже заңнамалық тұрғыдан бекітіледі. Ол үшін үміткерлер мамандандырылған біліктілік емтиханын тапсырып, бөлек конкурстан өтуге тиіс. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңда осы және басқа да жаңалшылдықтар көрініс тапқан.

Судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарды тағайындау мәселелерін қарау жөніндегі Жоғары Сот Кеңесінің өкілеттіктері де кеңейтіледі. Сенаторлар ол ережелерге қолдау білдірді және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Палата отырысында екі оқылымда қабылданды.

Сонымен қатар сенаторлар Мемлекет басшысы азаматтық процесті жеңілдету жөніндегі бұрын мақұлдаған тәсілдерді іске асыруға, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтуге бағытталған заң жобасына да бастамашы болған еді. Бүгін қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң осыған арналып отыр.

Бұл заң медиаторлардың құқықтары мен міндеттерін нақтылайды, онлайн-медиацияны дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар әлемдік тәжірибедегі «үлгілі сот шешімі» институтын бейімдеу ұсынылады және тараптарға аумақтан тыс сотталуды таңдау құқығы беріледі. Бұл қағиданың мәні-жайы – IT арнайы бағдарламасы істі бір соттың ішінде емес, бүкіл елдегі соттардың арасында олардың мамандануы мен жұмыс жүктемесін ескере отырып автоматты түрде таратады. Бұл ретте аумақтан тыс сотталу жағдайы екі тараптың келісімімен ғана таңдалады.

Сенат Спикері Палата қабылдаған ережелер сот жүйесінің тиімділігін арттыратынына сенім білдіріп, осы заңдарға бастамашыл болып, құжатты дайындаған депутаттарға алғыс білдірді.

Отырыс барысында сенатор Н. Қылышбаев өзінің депутаттық сауалын жолдап, зейнетақы жинақтарын алу үшін жеткілікті шекті арттыруды қайта қарау және ол бойынша Үкіметтің ғана шешім қабылдауы қажеттігін атап өтті.

Дерек көзі: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5709

9 желтоқсанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті

Отырыста 2021 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Экономиканың дамуы, ақша-кредит саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, Қаржы министрі Е. Жамаубаев баяндады.

Үкімет басшысы жыл соңына дейін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Отырыста сондай-ақ елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі А.Цой Қазақстанда соңғы айда сырқаттану 2,4 есеге, стационарлардағы науқастар 1,4 есеге, амбулаториялық науқастар 1,8 есеге төмендегенін айтты. Инфекциялық төсектердің қамтылуы – 30%, реанимациялық төсектер – 25% құрайды.

Үкімет басшысы Маңғыстау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында халықты вакцинациялау және қайта вакцинациялаумен қамтуды ұлғайтуды тапсырды. Әкімдік Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерімен бірлесіп, халық арасында қайта вакцинациялау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Шетелде вирустың жаңа штаммының таралуын ескере отырып, елге келген адамдарға мемлекеттік шекарада күшейтілген бақылауды жалғастыру тапсырылды.

Дерек көзі: https://primeminister.kz/ru/sessions/zasedanie-pravitelstva-rk-09122021-911501

8 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті

Мәжіліс Спикері Н. Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлданды. Бұл заң жоба Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген.

Бұл заң жобасы Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа моделін құру үшін құқықтық негіз болады және азаматтар мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталады. Сондай-ақ, жобасы биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты ажыратуға және олардың қызметін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, депутаттар осы заң жобасын талқылау барысында биологиялық қауіпсіздік саласындағы бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе деректері мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді заңды тұлғалардың, оның ішінде жеке тұлғалардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау кезінде туындауы мүмкін маңызды ақпараттың жария етілуі немесе жоғалып кетуіне қатысты мәселелерді көтерді. Мәжіліс Спикері атап өткендей, ақпараттық жүйелерді біріктіргеннен кейін деректер қорына қол жеткізе алатын барлық ұйымдар қолжетімділігі шектеулі жүйені енгізуі тиіс.

Депутаттар заң жобасымен жұмыс істеу барысында патогендік және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-ұстау механизмін нақтылауға; биологиялық қауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені құру мақсаттарын нақтылауға; патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мамандардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге; патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу мәселелерін реттейтін заң жобасының бірқатар нормаларын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптарына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізді. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасында патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту көзделеді. Атап айтқанда: тиісті рұқсатсыз аса қауіпті инфекциялық аурулар тудыратын патогенді биологиялық агенттермен заңсыз жұмыс істегені үшін мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, 2 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауаптылық шараларын белгілейтін; аса қауіпті инфекциялық аурулар тудыратын патогенді биологиялық агенттерді жымқырғаны не қорқытып алғаны үшін 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу түріндегі жауаптылық шарасын не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды белгілейтін; аса қауіпті инфекциялық ауруларды тудыратын патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыратын немесе онсыз 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауаптылық шараларын белгілейтін қылмыстық жауаптылық көзделген. Сонымен қатар, жалпы отырыста бірқатар заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды.

Олар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы», бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша, сондай-ақ, биржалық сауданы дамыту және жетілдіруге қатысты заң жобалары. Жиында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына Сенаты енгізген түзетулермен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Г.Бижанова, А.Сқақова, Л.Павловец, А. Әбілдаев.

Дерек көзі: https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id49131/1/1

Мемлекет басшысы Премьер-Министр А. Маминді қабылдады

2021 жылғы 8 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижелері туралы баяндалды.

А. Маминнің мәліметі бойынша қазақстандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адам. Отандастарымыздың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы - әйелдер.

Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен.

Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған.

Дерек көзі: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-premer-ministr-askar-mamindi-kabyldady-8114629

7 желтоқсанда Мемлекет басшысы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді

2021 жылғы 7 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті.

Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы реформаларды іске асыру жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов баяндама жасады. Ол әлеуметтік кодекстің әзірленуі, зейнетақы жүйесінің жаңғыртылуы туралы айтты. Аталған мәселе бойынша Президенттің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти де өз пікірін білдірді.

Баяндаманы және қатысушылардың пікірлерін тыңдаған Мемлекет басшысы пандемия әлеуметтік-экономикалық дамудың проблемаларын ашып көрсеткенін және олардың шиеленісе түскенін атап өтті. Президент халық табысының өсу қарқыны баяулап, әлеуметтік теңсіздік мәселесінің ушығуы басты түйткілдердің бірі деп санайды. Оның айтуынша, бүкіл әлемдегідей Қазақстанда да бизнес пен халыққа қолдау көрсету үшін дағдарысқа қарсы әртүрлі шұғыл бастамалар мен шаралар жүзеге асырылды. Бұл тәуекел-қатерлерді азайтуға және еліміздің экономикалық ахуалын тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Жиын барысында Президенттің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы М. Әбілқасымова банк секторының дамуы және құнды қағаздар нарығы туралы тиімді макроэкономикалық саясат бойынша Консультативтік комитеттің есебін ұсынды.

Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын басқару стратегиясының тиімділігін арттыру жөнінде Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев баяндама жасады. Активтерді басқару стратегиясын одан әрі жетілдіру үшін жаңа стратегиялық аллокацияға көшу, инвестициялық үдеріске ESG факторларын енгізу, акциялардың портфельдерін хеджерлеу (нарықтық тәуекел-қатерлерден сақтандыру), сондай-ақ активтерді басқару үдерістерінің цифрландырылуын қамтамасыз ету шаралары ұсынылды.

Ұлттық банктің болжамына сәйкес кепілдендірілген трансферттердің азаюына байланысты 2022-2030 жылдар аралығында Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемі 20 миллиард долларды құрайды. Нәтижесінде Ұлттық қордың активтері 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жетеді. Оның кемінде 50 пайызы инвестициялық табыстан түседі.

Биыл Реформалар жөніндегі жоғары кеңес ел дамуының барлық бағытын қамтитын 20-дан аса мәселені қарастырды.Жиын соңында кеңес мүшелері алдағы 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.

Дерек көзі: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-reformalar-zhonindegi-zhogary-kenestin-otyrysyn-otkizdi-7111645

Президент «Алтын сапа» және «Парыз» марапаттау рәсіміне қатысты

2021 жылғы 7 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімінде бейнебайланыс режимінде сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Алтын сапа» байқауы 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанғанына назар аударды.

Президент отандық бизнестің елімізді индустрияландыру үдерісіндегі үлесі туралы айта келе, соңғы 10 жылда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласының көрсеткішінен асып, 13 пайызға жеткенін атап өтті.

– Бүкіл еліміз бойынша 1500 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл мақсатқа 9 триллион теңгеден астам инвестиция жұмсалды. 220 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсіп, 15,4 миллиард долларға жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы отандық өнеркәсіпті, медицина ғылымын цифрландыру ісіндегі жетістіктерге тоқталды.

Президент өз Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру міндетін жүктегенін еске салды. Оның пікірінше, бұл аса маңызды мақсат. Оған қол жеткізу үшін барлық мүмкіндік бар және қажетті жағдайлар жасалуда.

Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өңдеу өнеркәсібінің шикізатқа қолжетімділігін қамтамасыз ететін «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заңды тезірек қабылдаудың маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы отандық бизнестің көрші елдердің нарығына шығуы үшін заманауи инфрақұрылымды дамыту қажеттігі жөнінде айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласында білікті мамандардың жетіспейтініне ерекше назар аударды. Бұл – индустрияландыру үдерісін тежейтін факторлардың бірі.

– 2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек. Бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс орнында оқыту, «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жас мамандарға қолдау көрсету шаралары іске асырылуда. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылған. Дегенмен, әлі де жеткіліксіз. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев індет кезінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне зор қолдау көрсеткен отандық кәсіпкерлер мен Қазақстандағы халықаралық компаниялар әлеуметтік жауапкершілік қағидасын әрдайым берік ұстанатынын атап өтті. Бұдан бөлек биылғы «Парыз» байқауына қатысушылардың әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсағаны атап өтілді. Олар 7 мың жаңа жұмыс орнын ашқан.

Президент конкурс жеңімпаздарын жариялап, шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ бүгінгі марапат олардың жұмыстарының одан әрі табысты болуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Биыл «Алтын сапа» конкурсының «Үздік индустриялық жоба» номинациясын «YDD Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Қарағанды облысы) иеленді, «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша ««Агрофирма TNK» (Ақмола облысы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үздік атанды.

«ПО Глобал-Спецодежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Ақтөбе облысы) мен «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазақстандық филиалы (Батыс Қазақстан облысы) «Парыз» конкурсының бас жүлдесін иеленді. Жеңімпаздарға жүлделерді Премьер-Министр А.Мамин табыстады.

Дереккөз: https://www.akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-altyn-sapa-zhane-paryz-syylyktarynyn-iegerlerin-marapattau-rasimine-katysty-7114756

«Тәуелсіздік тағылымы» – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың мақаласы

Көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз – ел тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу.

Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады.

Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды.

Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт.

Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым.

Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың дербес мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім.

Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы.

Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік.

Мақаланың толық мәтіні: https://elbasy.kz/kk/news/2021-12/kazakstan-respublikasynyn-tungysh-prezidenti-elbasy-nursultan-nazarbaevtyn-tuelsizdik