Қаз   Рус  Eng

08.06.2016

Мәжіліс 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді мақұлдап, Сенатқа жолдады

Бүгін Мәжіліс Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда халық қалаулылары Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін мақұлдап, Сенатқа жолдады.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің қорытынды құжатына сүйенсек, 2015 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 1,2 пайызды құраған, инфляция 13,6 пайызға жетіп, азық-түлік емес тауарлардың бағалары – 22,6, азық-түлік тауарларының бағалары –10,9, ақылы қызметтер 8,1 пайызға өскен.

Республикалық бюджеттің кірістері 6 137 млрд. теңгені немесе жылдық жоспардың 105,7 пайызын, ал шығындар бойынша атқарылуы 99,8 %-ды немесе 6 789,8 млрд. теңгені құраған. Алайда, жылдың қорытындысы бойынша бюджетте шамамен 16 миллиард теңге игерілмей қалған.

Талқылау барысында Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті салықтық және кедендік әкімшілендіруді тиімді жүзеге асырудың жеткіліксіздігін, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың жекелеген әкімшілерінің бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына жол беретіндігін алға тартса, Әлеуметтік-мәдени даму, Экология және табиғат пайдалану комитеттері Үкіметке нормативтік-құқықтық базаны тұрақты жетілдіруді қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы бағдарламалардың нәтижелілігін бағалау жөнінде шаралар қабылдау, әлеуметтік саланың барлық бағыттары бойынша тиістілік нормативтері мен желі нормативтерін әзірлеу, нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің негізділігіне талдау жүргізу, қаржыны басқару сапасы мен түпкілікті нәтиже үшін лауазымды тұлғалардың қатаң жауаптылығын күшейту, көрсеткіштерді арттыру бойынша бюджет қаражатын игеруге бюджеттік бағдарламалардың тікелей нәтижелері жетістіктерінің арақатынасын қамтамасыз ету, қаржылық тәртіптің сақталуын, бюджет заңнамасы мен мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылықтарға жол берілмеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдау, қаржылық бақылау органдарының анықталған бұзушылықтарды жою және оларға бұдан былай жол бермеу жөніндегі қаулылары мен ұсынымдарының уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету, іске асырылатын мемлекеттік бағдарламалардың іс-шараларына уақтылы мониторинг пен бағалауды жүргізу, республикалық бюджеттің игерілмеген қаражат көлемін азайту жөніндегі жұмысты жалғастыру, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін мемлекеттік бюджетті толықтыруда олардың тиімділігін арттыру мақсатында бағалау тәсілдерін көздеу, бюджет процесін қалыптастыру және іске асыру саласындағы талаптарды арттыру және осы саладағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылықты қатаңдату, инвестициялық жобаларды жоспарлау сапасына және олардың уақтылы іске асырылуына бақылауды күшейту сынды ұсыныстарын жеткізген.

Еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов республикалық бюджеттің атқарылуын егжей-тегжейлі баяндай келіп, талқылау барысында Мәжіліс депутаттарының перспективалы мәселелерге айрықша көңіл бөлгенін, барлық ұсыныстардың толық назарға алынатындығын атап өтті.

Сондай-ақ, жалпы отырыста Жер кодексінің кейбір нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» Заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды. Сонымен қатар, Мәжіліс Ауғанстанмен Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Осы күні халық қалаулылары Мәжіліс Бюросының шешімімен қабылданған Парламент Мәжілісі Төрағасының ұсынысы бойынша Константин Плотников пен Халида Қамбарованы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі ретінде тағайындады. Ұсыныс Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабының 7) тармақшасына сәйкес енгізілген. Айта кетейік, Константин Плотников 2011 жылдан бастап бүгінгі уақытқа дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болып қызмет етіп келген(мерзімінің аяқталауына байланысты қайта тағайындау). Ал, Халида Қамбарова Есеп комитетінде 2010 жылғы сәуірден бастап жұмыс істеген, тағайындауға дейін Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі меңгерушісінің лауазымын атқарған.

ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі