Қаз   Рус  Eng

03.05.2016

Төраға Қозыкөрпеш Жаңбыршиннің басшылық етуімен Есеп комитетінің делегациясы Жапонияның жоғары мемлекеттік аудит органына (Аудиторлар палатасына) жұмыс сапарымен барып қайтты

Сапар барысында Аудиторлар палатасының Президенті Терухико Кавато мырзамен кездесу өтті. Есеп комитетінің делегациясы Жапонияның жоғары мемлекеттік аудит органы қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Аудиторлар палатасының өкілдері жұмысты ұйымдастыру мен жоспарлау, бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізу, аудиторлық іс-шаралардың сапа бақылауы бойынша қызықтыратын сұрақтарға жауап берді.

Қозыкөрпеш Жаңбыршин қазіргі уақытта Қазақстанда қаржылық бақылау жүйесінің мемлекеттік аудитке көшуі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ол: «Осыған байланысты, Аудиторлар палатасы қызметінің мемлекеттік аудитті жүргізу және аудиторлардың кәсіби деңгейін арттыру мәселелеріндегі көпжылдық тәжірибесі біздің ерекше қызығушылығымызды туғызады», - деп баса атап кетті.

Атап айтқанда, Есеп комитетінің Төрағасы Қазақстанда мемлекеттік аудиторларды сертификаттаудың тәуелсіз жүйесінің енгізіліп жатқанын хабардар етті. «Біз мемлекеттік аудитке көшу жағдайында Есеп комитеті қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекеше мән береміз. Сондықтан, Жапонияның Аудиторлар палатасы ұйымдастыратын, соның ішінде ИНСТОСАИ және АЗОСАИ – халықаралық аудиторлық ұйымдарының шеңберіндегі түрлі оқыту бағдарламаларына мамандарымыздың қатысуы, кадрлық әлеуетімізді күшейтуге сөзсіз оң ықпал етеді. Сондай-ақ, Қазақстанда тренингтерді, семинарларды өткізу үшін Аудиторлар палатасының мамандарын тарту біздің ведомстволарымыздың өзара іс-қимылының перспективалық бағыты бола алады», - деп атап өтті Есеп комитетінің Төрағасы.
Бұдан басқа, Қозыкөрпеш Жаңбыршин Терухико Кавато мырзаны Қазақстанның жоғары мемлекеттік аудит органына жұмыс сапарымен келіп қайтуға шақырды.

Терухико Кавато мырза өз тарапынан бұл шақыруды ризашылықпен қабылдап, практикалық тәжірибе алмасудан бастап, екі елдің экономикалық ынтымақтастығының өзекті мәселелері бойынша қатар аудиторлық іс-шараларды өткізуге дейін - ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екендігін білдірді.

Тараптар кездесу соңында Қазақстан мен Жапонияның жоғары мемлекеттік аудит органдарының арасындағы екі жақты өзара іс-қимылдың одан әрі нығаюына сенім білдірді.

Жапонияның Аудиторлар палатасы – Жапонияның жоғары мемлекеттік аудит органы, 1869 жылы құрылған. Жапонияның Аудиторлар палатасының құрамында аудиторлық комиссиялар және Бас Атқарушылық Басқарма бар.

Жапонияның Аудиторларпалатасының Президентін комиссарлардың арасындағы дауыс беру негізінде Үкімет тағайындайды. Президент Жапонияның жоғары мемлекеттік аудит органының атынан өкілдік етіп, аудиторлық комиссияларының отырыстарында төрағалық етеді.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі