Қаз   Рус  Eng

12.05.2016

Есеп комитетінің мүшесі Айгүл Мұхаметкәрімнің басшылығындағы Есеп комитетінің делегациясы Швецияның жоғары мемлекеттік аудит органына (Ұлттық аудит офисі) жұмыс сапарымен барып қайтты

Сапар барысында Швецияның бас аудиторы Маргарета Абергпен кездесу өтті. Жұмысты ұйымдастыру және жоспарлау, мемлекеттік аудит жүргізу, бұзушылықтарды алдын алу және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті ұсынымдар әзірлеу мәселелері талқыланды.
Жоғары мемлекеттік аудит органдарының халықаралық стандарттарына сәйкес тиімділік және қаржылық есептілік аудитін жүргізу мәселелері бойынша білім және тәжірибені сындарлы алмасу жүзеге асырылды.

Есеп комитетінің делегациясы мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттыру және оларды сертификаттау, құқық қорғау органдарымен және сыртқы аудит органдарымен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесімен танысты.

Қазақстанның Есеп комитетінің мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім қаржылық есептілік аудитін және тиімділік аудитін жүргізу, сондай-ақ ISSAI халықаралық стандарттарын енгізу мәселелері бойынша Есеп комитетінің қызметкерлерін оқыту үшін Швецияның сарапшыларын тартудың Қазақстан мен Швеция жоғары мемлекеттік аудит органдарының өзара іс-қимылының басты бағыты болуы мүмкін екенін атап өтті. Айгүл Мұхаметкәрім түсіндіргендей, бұл Қазақстанда мемлекеттік аудиторларды сертификаттаудың тәуелсіз жүйесін енгізуге байланысты өте өзекті болып отыр.

Сондай-ақ, делегация Швеция Парламентіне (Риксдаг) сапармен барып қайтты, сапар барысында Парламентінің Қаржы және бюджет комитетінің басшылығымен кездесу өткізіліп, Ұлттық аудит офисінің Парламентпен өзара іс-қимылының шведтік тәжірибесі, сондай-ақ қызмет және жүргізілген аудит нәтижелері туралы жылдық есепті дайындау және Парламентке ұсыну мәселелері талқыланды.

Тараптар сапар соңында Қазақстан мен Швеция жоғары мемлекеттік аудит органдарының арасындағы екі жақты өзара іс-қимылдың екіжақты негізде де, халықаралық ұйымдар қызметінің шеңберінде де одан әрі нығаюына сенім білдірді.

Ұлттық аудит офисі (ҰАО) – Швецияның жоғары мемлекеттік аудит органы, Швеция Парламентіне есеп береді, Парламент 7 жыл мерзімге тағайындайтын үш бас аудитор басқарады.

ҰОА қызметінің негізгі бағыттары – қаржылық есептілік, тиімділік және республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігі аудиттері.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі