Қаз   Рус  Eng

25 қарашада Сенат Спикері М. Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті

Сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, құжатты қабылдады. Бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашыл болды.

Заңның басты мақсаты – азаматтар мен бизнесті қолдау. Соған байланысты құжатқа жеке тұлғаның жалғыз баспанасын кепіл ретінде қабылдауға шектеу қоятын норма енгізілді. Бұдан басқа, жеке салық төлеушілерге алдағы төлемдер мен салық берешегі туралы, оның ішінде банктердің мобильді қосымшалары және «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ арқылы хабарлау міндетті болады.

«Бүгін қабылданған заң Мемлекет басшысының Жолдауда жарияланған жекелеген бастамаларын іске асыруға арналған. Соған сәйкес, енді ең төменгі жалақыны салықтық есептік көрсеткіш ретінде қолдану жүргізілмейді. Сонымен қатар, құжатта экспорттаушыларды валюталық табысты ішкі валюта нарығына сату үшін ынталандыруға бағытталған ережелер көзделген. Жалпы, қабылданған Заң қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді және отандық тауар өндірушілерді қолдайды. Сондай-ақ, жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін салықтар мен төлемдер төлеуді жеңілдетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар көрші мемлекеттерге әскери көмек беру жөніндегі екі Келісімді ратификациялады. Олар – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар.

Бұл Келісімдер қырғыз және тәжік тараптарына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілер мен арнайы жабдықтарды бір реттік беруді көздейді. Сондай-ақ отырыста әскери мүлікті Қырғызстан мен Тәжікстанға беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетіне әсер етпейтіні атап өтілді.

Бұдан басқа, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралып, қабылданды.

Источник: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5657