Қаз   Рус  Eng

Президент Швейцарияда өткен Инвестициялық дөңгелек үстел отырысына қатысты

2021 жылғы 29 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін дөңгелек үстелдің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Швейцария Конфедерациясы ұзақ жылдан бері Қазақстанның негізгі стратегиялық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып саналады.

Мемлекет басшысы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі және экономикасы жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі екенін атап өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде 370 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. Әлемнің 180 елімен сауда-сатық жүргізілуде.

Президент Шетелдік инвесторлар кеңесін жеке өзі басқаратынын, ал Премьер-министрдің жетекшілігімен инвестициялық омбудсмен басшылығымен жұмыс істейтінін атап өтті.

– Қазақстанда қызметі ағылшын құқығы базасына негізделген тәуелсіз соты бар әрі Орталық Азия аймағы бойынша жалғыз «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді. АХҚО құрылымында сот ісін қараудың жедел баламалы түрін қамтамасыз ететін Халықаралық арбитраж орталығы құрылған. Қаржылық қызмет көрсететін Орталықтың қатысушылары 2066 жылға дейін корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығынан босатылған. Шетел валютасына, визалар мен жұмыс күшіне қатысты талаптар оңтайландырылған. Біздің биржалық алаңымызда әлемнің 59 елінен 1000-нан астам компания бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті швейцариялық инвесторларға елімізде экономиканың басым салаларында 37 арнайы экономикалық және индустриялық аймақтың құрылғанын айтты.

Соңғы жылдары Қазақстан күшті көлік-логистикалық база құрып, еліміздің жаһандық көлік дәлізіне қосылуын қамтамасыз етті. Біздің еліміздің аумағы арқылы Қытайды, Орталық Азияны, ТМД елдерін, Парсы шығанағы мен Еуропа арасын байланыстыратын ондаған халықаралық көлік бағыттары өтеді.

Инвестициялық дөңгелек үстел отырысы барысында Economisuisse Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі швейцариялық кәсіпорындар ассоциациясының вице-президенті Ян Аттесландер, Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің тең төрағалары: Stadler Rail AG компаниясының бас атқарушы директоры Петер Шпулер, «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев, ABB Switzerland компаниясының бас директоры Роберт Ичнер, Ammann Group компаниясының бас атқарушы директоры Ханс-Кристиан Шнайдер, KS Genetics компаниясының президенті Филиппо Ломбарди, Glencore жаһандық мыс-мырыш департаментінің басшысы Никола Попович, Inoks Capital компаниясының бас атқарушы директоры Набиль Абдул-Массих, Basel Euro Airport компаниясының даму жөніндегі директоры Михаэль Швин, m-3 Groupe компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Абдалла Шатила, Polymetrix AG компаниясының бас атқарушы директоры Мартин Мюллер, Clariant жаһандық әрі маңызды тұтынушылармен жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Йарле Шолд сөз сөйледі.

Швейцариялық кәсіпкерлердің сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, екі ел іскер топтарының өзара тиімді жемісті ынтымақтастығына сенім білдірді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Stadler компаниясының «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының стратегиялық серіктесі екенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл шешім Қазақстан мен Швейцарияның өзара іс-қимылына іс жүзіндегі қосымша серпін береді.

Жиынға «Roche Holding», «Philip Morris International», «Caviar House & Prunier», «Swiss Choice Holding», «Bühler AG», «Economisuisse», «Swissgrow» және басқа да компаниялардың басшылары қатысты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша 301 млн доллар сомасына алты коммерциялық келісімге және он коммерциялық емес құжатқа қол қойылды.

Дереккөз: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-investiciyalyk-dongelek-ustel-otyrysyna-katysty-29103743