2 желтоқсанда Сенат Спикері М. Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті
- Толығырақ
Сенаторлар «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қарап, қабылдады. Осы заң бойынша онша ауыр емес қылмыс жасаған азаматтарға рақымшылық жасалады. Сондай-ақ рақымшылық теріс мінез-құлқы жоқ және жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аспайтын ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарды да қамтиды.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы қабылданған заң неғұрлым қауіпті қылмысқа барған адамдарға рақымшылық жасауға тыйым салатынын жеткізді. Бұл криминогендік жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеу үшін маңызды.
Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.
Заң жобасында көрнекі ақпаратты, оның ішінде жарнаманы, хабарландыруларды, мәзірді және тағы басқаларын мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс немесе басқа да тілдерде міндетті түрде орналастыру көзделген.
Талқылау барысында сенаторлар заң жобасына бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, олар дінге деген көзқарасқа байланысты заңды тұлғалардың азаматтық құқықтарын қорғауға қатысты норманы алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ сенаторлар діни ғимараттардан тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы хабарлау тәртібін айқындайтын бапқа нақтылау сипатындағы өзгерістер енгізді.
Осылайша, сенаторлар заң жобасының негізгі нормаларын қолдай отырып, оған түзетулер енгізіп Мәжіліске қайтарды.
Сонымен бірге отырыс барысында бірқатар депутаттық сауал жолданды. А. Шәкіров пен С. Ершов халықтың және ел аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік нысандарды жекешелендіру мәселесін көтерді. Н. Нұрсипатов өңірлер бойынша ішкі ресурстар есебінен халықтың теңгерімін қалпына келтіруге арналған «Серпін» бағдарламасын іске асырудағы проблемаларды тілге тиек етті.
Өз кезегінде М. Жұмағазиев Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтын Ауыл шаруашылығы министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне берудің қаншалықты орынды екенін қайта зерделеуді сұрады. Қ. Сафинов құқықтық реттеу деңгейлері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Р. Әбдікеров Балқаш көлінің таяздану қаупіне назар аударды. А. Күрішбаев жоғары оқу орындарындағы тәрбие процесінің жай-күйіне сыни талдау жүргізуді және осы жұмысты сапалы жаңа деңгейге шығару бойынша қажетті шаралар қабылдау керектігін айтты, ал Д. Мусин ауылдық жерлерде төртінші деңгейдегі бюджетті енгізудің проблемалық мәселелерін сөз етті.