17 қараша күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті
- Толығырақ
Мәжіліс Спикері Н.Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары Халықаралық авиамаршруттардың географиясын кеңейтуге, сондай-ақ елді индустриялық дамытуға бағытталған Қазақстанның бірқатар халықаралық келісімдерін ратификациялау заң жобаларын мақұлдады.
Талқылаудан кейін Палата депутаттары Қазақстан мен АҚШ арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын алды. Келісімде «ашық аспан» қағидаттары көзделген, оның шеңберінде тараптар тасымалдаушылар саны, межелі пункттер мен жиіліктер бойынша шектеусіз ұшуды орындай алады. Құжат сыртқы көліктік қолжетімділікті арттыруға және халықаралық авиамаршруттардың географиясын кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда-экономикалық, мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Мәжіліс мақұлдаған жобалардың ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы «Минералды тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да бар. Құжатқа сәйкес инновациялық технологиялар бойынша 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіру, сондай-ақ кемінде 1 200 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Жергілікті шикізатты өндіруден бастап экспортқа бағдарланған өнімді шығаруға дейін толық өндірістік циклі бар кәсіпорын құру мақсатында осы жобаны іске асыру үшін жеңілдіктер, қолдау шаралары мен преференциялар қолдану жоспарлануда.
Отырыс барысында бірқатар заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына конституциялық түзетулер және оларға ілеспе заң жобасы. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіліктің аражігін ажырататын үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша заңнамалық жаңалықтар бар.
Сондай-ақ, депутаттар жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелеріне қатысты заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында депутаттар Қазақстан заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен иелері болып табылатын үй жануарларын есепке алуды жүзеге асыру бойынша норма енгізді. Бірқатар жаңа ұсыныстар мемлекеттік бюджет және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен стерильдеу жолымен қаңғыбас жануарлардың санын реттеуге, ветеринариялық қызметтер мен жергілікті атқарушы органдардың есепке алынған үй жануарлары туралы ақпарат беру мерзімдерін регламенттеуге бағытталған. Депутаттар сондай-ақ уәкілетті органның қаңғыбас жануарларды вакцинациялау және стерилдеу қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі, жергілікті атқарушы органдардың үй жануарларын серуендетуге тыйым салынған орындарды айқындау жөніндегі, үй жануарларын есепке алуды ұйымдастыру, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі құзыреттерін нақтылады.
Екінші оқылымда мақұлданғандардың арасында ілеспе түзетулері бар «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы, сондай-ақ Салық заңнамасына депутаттар ұсынған жаңалықтар да бар.
«Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында, атап айтқанда, елдегі өнеркәсіптік саясатты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде өнеркәсіптің жай-күйі туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы қалыптастыру жөніндегі нормалар көзделеді. Бұдан басқа, өндірісі ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін және мемлекеттік ынталандыру шараларын айқындайтын басым тауарлар тізбесіне енгізу үшін тауарларды іріктеу өлшемшарттарын белгілеу жоспарлануда. Еңбек өнімділігін арттыруға және тауарларды экспортқа шығаруға бағытталуды ескере отырып, қарсы міндеттемелерді айқындау кезінде мемлекет пен бизнестің заңдылық, теңдік, транспаренттілік және өзара жауапкершілік қағидаттары бекітіледі. Шикізатты өндірушілер мен қайта өңдеушілер мүдделерінің теңгерімін сақтау, өнім өндіру көлемін ұлғайту және өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейту қағидаттарында өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі нормалар енгізілуде.
Салық заңнамасына заңнамалық түзетулермен, атап айтқанда, салықтарды төлеу бойынша бөліп-бөліп төлеуді ұсыну кезінде қаралатын «жеке тұлғаның, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның жалғыз тұрғын үйіне» деген «тұрғын үй» ұғымы нақтыланады.
Жалпы отырыста Мәжіліс бейінді комитеттерге Палатаға келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытындылар дайындау мерзімдерін айқындады. Бұл «Қоғамдық бақылау туралы» ілеспе түзетулері бар заң жобасы, сондай-ақ халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша жаңалықтар.
Пленарлық отырыс соңында парламентшілер мемлекеттік органдарға бірқатар депутаттық сауалдар жолдады. Оларды Қ.Иса, Е.Бейсенбаев, К.Нұров, В.Нәбиев, Г.Хамзин және А.Қоңыров дыбыстады.
Дереккөз: https://parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id49087/1/1