Қаз   Рус  Eng

Мемлекет басшысы қаржы секторының өкілдерімен кездесті

2021 жылғы 19 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары қаржы секторының өкілдерімен кездесуден басталды. Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясында өткен жиынға Президент Әкімшілігінің басшылық құрамы, мемлекеттік органдардың, ірі қаржы құрылымдары мен банктердің басшылары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай құрамдағы кездесудің алғаш рет өткізіліп отырғанына назар аударды. Президенттің айтуынша, жиынды өткізуге еліміздің қаржы секторында шешілуге тиіс қордаланып қалған мәселелер түрткі болған.

Бұдан кейін кездесуге қатысқандардың сөздерін тыңдаған Президент осы бағыттағы бірқатар нақты міндетке назар аударды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, қаржы секторының тұрақтылығына тоқталды. Сондай-ақ бүгінде қаржы секторының дәрменсіз банктерден арылғанын, ал сауықтыру аясында 6,6 триллион теңгеге жуық нашар несиелер есептен шығарылғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың деңгейі банктердегі несие портфелінің 4,3 пайызын құрайды. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Президент осыдан қорытынды шығарып, жинаған тәжірибе негізінде жиі қайталанатын тәуекел-қатерлердің алдын алу шараларын күшейту қажет екеніне тоқталды.

Президенттің айтуынша, банктер мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде экономиканы несиелеу бойынша зор әлеуетке ие болып отыр. Банк жүйесіндегі өтімділігі жоғары активтердің көлемі – 12,2 триллион теңге.

– Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8 пайызға артқан. Несие алушылар 6,1 миллион адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы борышкерлерге қатысты қаржы нарығындағы өкілдердің шектен шығу әрекеттеріне тоқталды.

Президент шағын және орта бизнесті несиелеу, оның ішінде ауылдардағы кәсіпкерлік бастамаларды дамыту еліміздің қаржы секторының басты басымдығы болуы керек деп есептейді. Мемлекет басшысының айтуынша, тұрақты және арзан қор жасау көздерінің жоқтығы микроқаржыландыру нарығындағы негізгі мәселенің бірі.

Мемлекет басшысы айтқан тағы бір өзекті міндет – ұлттық қор нарығын дамыту. Оның айтуынша, отандық қор нарығы тұрғындардың қаражатын жинайтын сенімді баламалы құралға айналуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы секторын цифрландыруды дамыту маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы осы салада оң қарқын бар екенін атап өтіп, қаржы инновацияларын енгізуге қолайлы жағдай жасау жөніндегі кешенді жұмысты жалғастыру керек екенін айтты.

Президент цифрлық валюталарды айналымға енгізу маңызды екенін тоқталды. Бұл ретте болашақ қаржы жүйесінің негізіне айналуы мүмкін цифрлық теңге енгізу мәселесін қарастырған жөн екенін айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев криптовалюта нарығын дамыту мәселесіне де тоқталды.

– Криптовалюталар – объективті фактор және оларға немқұрайлы қарауға болмайды. Олардың қолданыстағы қаржы жүйесіне әсер ететін тәуекел-қатерлері мен әлеуетін нақты бағалау қажет. Сондықтан елімізде криптобиржаларды құру үшін теңдестірілген реттеу шарттарын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Басқаша айтқанда, криптовалюталарды шығару бойынша әлемдегі екінші ел бола тұра, қаржы қайтарымын көрмей отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы қаржы секторын климат жөніндегі күн тәртібінің талаптарына бейімдеуге қатысты мәселеге арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Ұлттық банкке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, бүгінгі айтылған мәселелер мен ұсыныстарды пысықтауды тапсырды. Осы ретте Президент нарыққа қатысушылардың іс-қимылдарын үйлестіру жұмыстарын өз Әкімшілігіне жүктеді.

Дереккөз: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-karzhy-sektorynyn-okilderimen-kezdesti-19103420