Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунованы қабылдады
- Толығырақ
Мемлекет басшысына Жоғары аудиторлық палатаның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды.
Наталья Годунованың айтуынша, есеп беріліп отырған кезең ішінде 19,5 триллион теңгеге жуық бюджет қаржысы бойынша 208 нысанға 20 аудиторлық тексеріс жүргізілгенін жеткізді.
Сонымен қатар Президентке өткен жылдың 4-тоқсанында аяқталған жекелеген аудиторлық тексеру жұмыстарының қорытындысы жөнінде мәлімет берілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет ресурсының жұмсалу тиімділігін одан әрі арттыруға, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның жаңа өкілеттіктерін іске асыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/697954?lang=kk
Жоғары аудиторлық палатаның делегациясы орнықтылық пен әзірлік жөніндегі EUROSAI жобалық тобының бірінші отырысына қатысты
- Толығырақ
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының (ҚР ЖАП) делегациясы Чех Республикасының Ұлттық аудит офисі ұйымдастырған орнықтылық пен әзірлік жөніндегі EUROSAI* жобалық тобының бірінші отырысына қатысты.
Жобалық топ мақсаттарға қол жеткізу, үкіметтің нақты жағымсыз оқиғаларға қаншалықты тиімді әрекет еткенін және бұл тәжірибені қалай қолданғанын айқындау үшін аудит тәсілдерімен алмасу үшін құрылған. Жоғары аудиторлық органға орнықтылық пен әзірлік аудитін жүргізуге мүмкіндік беретін тетікті әзірлеу.
Шара барысында Жоғары аудиторлық палатаның өкілдері тәуекелдерді анықтау және басқару, сондай-ақ келеңсіз оқиғаларға ден қою мәселелерін талқылауға қатысты.
Отырыста ҚР ЖАП мүшесі Тілеген Каскин «Дағдарыс кезіндегі мемлекеттік аудитті жетілдіру: Қазақстан жоғары аудит органының тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады, онда ол Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бойынша бірыңғай дерекқорды пайдалана отырып, электрондық аудит жүргізуге жағдай жасау үшін АT-саласындағы әлеуетті арттыру қажеттігін айтты. Бұдан басқа, дағдарыстық жағдайларды болжау мен бағалау және уәкілетті органдардың оларға әзірлігін талдаудың математикалық әдістері, үлкен деректер (big data) сияқты талдамалық құралдарды пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі
*** Жоғары аудит органдарының еуропалық ұйымы (ЕУРОСАИ) INTOSAI (Жоғары аудит органдарының халықаралық ұйымы) аймақтық ұйымдарының бірі, ол өз қатарында жоғары аудит органдарын (бұдан әрі - – ЖАО*) *195 ел толық мүше ретінде, 5 қауымдастырылған мүше ретінде және 1 еншілес мүше ретінде біріктіреді. INTOSAI Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін қолдайтын ұйым дәрежесіне ие.
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/696273?lang=kk
Ұлытау облысының әкімдігі Жоғары аудиторлық палатаның Нұсқамасы бойынша шаралар қабылдады
- Толығырақ
2023 жылы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының жекелеген бағыттар бойынша қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді.
Аудит барысында жергілікті атқарушы органның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлемегені анықталды, оны әзірлеу Экологиялық кодекстің 29-бабында көзделген, оған сәйкес бірқатар іс-шаралар жоспарланған, оның ішінде қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған әдістер мен технологияларды жетілдіру, экологиялық білімді насихаттау, экологиялық білім беру мен ағарту, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпараттық жүйелерді қалыптастыру және толтыру және т.б.
Осыған орай, Ұлытау облысының әкімдігіне тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеу бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы Нұсқама жіберілді.
Нұсқаманы орындау мақсатында облыс әкімдігі 2023 жылғы қазанда облыстық мәслихаттың шешімімен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/694804?lang=kk
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы мен Әзербайжан Республикасының Есеп палатасы Ынтымақтастықты күшейту жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды
- Толығырақ
Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы Наталья Годунова мен Әзербайжан Есеп палатасының Төрағасы Вюгар Гүлмаммедов бейнеконференцбайланыс арқылы екіжақты кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты күшейту жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.
Жоспарда мемлекеттік аудит саласындағы тәжірибемен және біліммен өзара алмасуға бағытталған іс-шаралар көзделген.
Кездесуде Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Наталья Годунова Қазақстан мен Әзербайжанның жоғары аудит органдарын екіжақты және көпжақты форматта берік достық қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті.
«Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасын іске асыруда біздің жоғары аудит органдары арасындағы ынтымақтастықты күшейту жөніндегі іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ одан әрі жаңартылған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою Қазақстан мен Әзербайжан ЖАО-ларының мемлекеттеріміздің игілігі үшін жемісті ынтымақтастығын дамытуға жаңа бағыт береді», - деді Н. Годунова.
Өз кезегінде Әзербайжан Есеп палатасының Төрағасы Вюгар Гүлмаммедов: «Әзербайжан Есеп палатасы мен Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының ынтымақтастығы ең жоғары деңгейде қалып отыр. Алайда, қазіргі заманның шындығы елдеріміздің арасындағы, оның ішінде мемлекеттік аудитті жетілдіру саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігін негіздейді», - деп атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша екі елдің жоғары аудит органдары одан әрі сындарлы өзара іс-қимылға сенім білдірді.
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/685851?lang=kk
Жоғары аудиторлық палата Мәжілісте су ресурстарын басқару тиімділігін талдау туралы есеп берді
- Толығырақ
Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова жеке аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша су ресурстарын басқару тиімділігін талдау туралы баяндама жасады.
Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша бұл саладағы менеджменттің тиімділігі өте төмен деңгейде қалып отыр.
– Су ресурстарын басқарудың жүйелі проблемалары мен кемшіліктерінің қатарында су шаруашылығы объектілерінің тозуы, апатты жағдайы, сондай-ақ технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйелерін пайдалану бар. Гидротехникалық құрылыстардың 25 пайыздан астамы қанағаттанарлық емес және апатты жағдайда. Осыған қарамастан, ескірген технологияларды пайдалана отырып, каналдарды жобалау және салу жалғасуда. Су ысырабы су алу көлемінің 50 пайызын құрайды, – деді Наталья Годунова.
Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата орталықтандырылған сумен жабдықтау, жетілмеген тариф саясаты, білікті кадрлардың тапшылығы мен техникалық мамандардың кетуі, халықаралық несие жобаларын жүзеге асырудағы ішінара тиімсіздік мәселелерін анықтады. Баяндамада бағдарламалық құжаттың жоқтығы мен су шаруашылығын дамытудың нормативтік-құқықтық базасының жетілдірілмегендігіне ерекше назар аударылды. Наталья Годунова Мемлекет басшысының тапсырмасына қарамастан, Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы мен жаңа Су кодексі әлі қабылданбағанын атап өтті.
– Бұл – екі негізгі құжат. Олардың жоқтығынан саланы жүйелі, мақсатты түрде дамытудың орнына су инфрақұрылымы, кадр мәселесін шешу, суды үнемдеу және үнемдейтін жаңа технологияларды енгізу сияқты жүйелі мәселелерді шешуде «жыртығымызды жамауға» мәжбүрміз, – деді Н.Годунова.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та жалпы отырысқа қатысушылардың назарын осы мәселеге аударды. Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Су кодексін әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Бірақ құжат жобасы әлі Мәжіліске түскен жоқ.
– Біздің ақпаратымыз бойынша ол құжаттың жобасы Мемлекет басшысы қойып отырған талаптарға мүлде сай келмейді. Су мәселесі бірнеше мемлекеттік органның қызметімен тығыз байланысты. Дегенмен Үкіметтің су тапшылығын шешудегі нақты, кешенді ұстанымын көре алмай отырмыз. Министрліктер арасында өзара үйлесімді жұмысты бір жүйеге келтіру маңызды. Депутаттар бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды. Бұған әлі де қайтып ораламыз, – деді Ерлан Қошанов.
Депутаттар өз сұрақтары мен баяндамаларында да саладағы түйткілді мәселелерді көтерді. Талқылау нәтижесінде Мәжіліс су ресурстарын басқару тиімділігін талдау туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебін қабылдау жөнінде шешім шығарды. Сондай-ақ бүгін депутаттар 2022 жылғы 15 желтоқсанда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Эстония үкіметтері арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Оның айтуынша, келісімнің мақсаты – екі елдің құзырлы органдарының реадмиссия мәселелері бойынша ынтымақтастығын нығайту және заңсыз көші-қонмен күрестің тиімділігін арттыру.
– Келісім Қазақстан мен Эстония азаматтарын, сондай-ақ осы елдердің аумағына келу, болу немесе тұру шарттарын орындамаған немесе орындауды тоқтатқан үшінші елдің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және қайтаруды ұйымдастыру рәсімдерін жеделдетеді. Сондай-ақ мұндай тұлғалардың транзитін жеңілдетеді, – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Динара Наумова қосымша баяндамасында.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Палата комитеттері несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа алды.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 8 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/675362?lang=kk
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы Н.Н. Годунованың 2023 жылғы 20 желтоқсандағы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Жекелеген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша су ресурстарының басқарылу тиімділігін талдау» тақырыбында сөйлейті
- Толығырақ
Құрметтi Ерлан Жақанұлы!
Құрметтi депутаттар, қатысушылар!
Бүгін маңызды мәселелердің бірін талқыға шығарып отырмыз.
Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау қажеттілігіне бірнеше рет назар аударды.
Тек 2013-2022 жылдардың өзінде орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге триллион теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Бүгінгде елді мекендердің 78%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.
2019 жылдан бастап суармалы егіншілік көлемі 78 мың гектарға ұлғайтылды.
Сонымен қатар, су ресурстарын басқару тиімділігі өте төмен күйде қалып отыр. Бұл ауыл шаруашылығына қажетті судың тапшылығы, тұрғындарға, әсіресе ауылда тұратындарға орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету проблемаларын тудырады.
2018 жылы Есеп комитеті Су шаруашылығы саласындағы су ресурстары мен активтердің басқарылу тиімділігіне аудит жүргізді.
2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оңтүстік өңірді су ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың іске асырылуына аудит жүргізілді.
Ал биыл – «Қазсушар» РМК-ның халықаралық қарыздарды пайдалану бойынша қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігіне аудит жүргізілді.
БҰҰ Даму бағдарламасының ақпаратына сүйенетін болсақ, Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 75 текше шақырымға дейін қысқаруы мүмкін.
Біздің көрші мемлекеттерге трансшекаралық өзендер арқылы суға тәуелділігіміз кері әсерін тигізіп отыр. Сырттан келетін су ағыны да азая түсуде.
Сонымен қатар, басқа елдермен салыстырғанда біз суды үнемдейтін технологияларды іс жүзінде қолданбаймыз.
Ескі каналдар мен тозған желілердегі судың шығыны орасан зор.
Мысалы, 2022 жылы ауыл шаруашылығында ғана су шығыны 5,2 текше шақырымды (жалпы алынатын судың 45%-ы), ал трансшекаралық өзендердің сыртқы ағынының тапшылығы 0,8 текше шақырымды құрады.
Сонда суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу кезінде трансшекаралық су бөлу проблемасын қаншалықты жоюға болатынын өзіңіз бағалай беріңіз.
2022 жылы жүргізілген аудит барысында оңтүстік өңірде су үнемдеу технологиялары тек 68 мың гектарға немесе барлық суармалы алқаптың 5%-на ғана енгізілгені анықталды. Тіпті осының өзі жылына 0,2 текше шақырым үнемдеуге мүмкіндік берді.
Су ресурстары комитетінде (АШМ және Экология министрлігі құрамында) және «Қазсушар» РМК-да жүргізілген аудит шеңберінде шамамен 68 млрд теңге бюджет қаражаты және 693 млрд теңге активтер қамтылды. 3 млрд 300 млн теңге қаржылық бұзушылықтар, 56 млрд теңге бюджет және қарыз қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ 2,5 млрд теңге экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда анықталды.
Қазіргі таңда бюджетке 1 млрд 700 млн теңге (51%) өтелді және қалпына келтірілді.
Әкімшілік айыппұлдар салынды. 4 материал құқық қорғау органдарына берілді. Бір материалға қатысты – 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімі шығарылды.
Қомақты бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, барлық проблема су ресурстарын басқару жүйесінің өзін тиімді ұйымдастырмау салдарынан орын отыр.
Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды, Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ еліміздің негізгі су шаруашылығы кәсіпорындарын реформалау басталды.
Ал енді, Жоғары аудиторлық палатаның аудиттері анықтаған су ресурстарын басқарудың жүйелі проблемалар мен кемшіліктер туралы айтайық.
БІРІНШІ. Су шаруашылығы құрылыстары әбден тозған, кейбірі – тіпті апатты жағдайда. Технологиялық жағынан ескірген суару жүйелері қолданылады.
Гидротехникалық құрылыстардың 25 пайыздан астамы қанағаттанарлықсыз және апатты жағдайда тұр.
Осыған қарамастан, каналдарды ескірген технологиялар бойынша жобалап, салып жатыр.
Мысалы, Жамбыл облысында 16 жер каналын реконструкциялау жобасы сапасыз жобалау, сондай-ақ судың түбі мен беткейлерінің шайылуы себебінен тоқтатылды. Бұл жобаға түзетулер енгізіліп, оның қымбаттауына әкеп соқтырды. Салдарынан 1,1 млрд теңге сомасына орындалған жұмыстардың 50 пайызы «далаға кетті».
Суару жүйелерінің тозуы және ескі құрылыс технологияларын қолдану себебінен судың шығыны су алу көлемінің 50% құрайды. Жер каналдарында судың 40%-ы жай жерге сіңіп кетеді. Тағы 10%-ы ыстық пен желдің әсерінен буланады.
Ең сорақысы, уәкілетті мемлекеттік орган - Су ресурстары комитеті мұны норма ретінде қабылдап, жыл сайын Қазсушарға су шығынының жоспарлы (!) көрсеткіштерін 40 пайыздан 70 пайызға дейін келісіп отырған.
Мысалы, судың 70% жоспарлы шығынын РМК филиалы – Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналына келісілген.
Тағы бір мәселе. Гидротехникалық құрылыстар дайын болмаса да, 2009 жылдан бастап Қазсушар құны 422 млн теңге болатын Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жөніндегі жобаны іске асыруда. Сол бағамен. Осы жүйеге 6 мыңға жуық құрылысты қосу жоспарланған болатын!
Аудит жүргізу кезінде (2023 жылғы мамыр), яғни 14 жылдан кейін автоматтандырылған гидротехникалық құрылыстардың үлесі 2% немесе 118 объектіні құрады. Оның ішінде 47-де ғана ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Яғни, іс жүзінде 1%-дан аз автоматтандырылған! Қазсушардың өзімен әлі интеграцияланбаған.
ЕКІНШІ. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету проблемалары.
Биыл жазда елорда тұрғындары да су проблемаларын бастан кешіргені естеріңізде болар. Жақында Атырау мен Теміртауда да осындай жағдай орын алды.
Ал ауылдағы ахуал қалай? Мысалы, Жоғары аудиторлық палатаның аудитімен Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарының тұрғындары (13,5 мың адам) 2021 жылы салынған тарату желілері болғанмен, орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізе алмай отырғаны анықталды.
Ақтөбе облысында жағдай керісінше – әр түрлі облыстық басқармалары (Құрылыс және энергетика және ТКШ) бір елді мекенге – Хромтау ауданының Жазық станциясына ауыз сумен жабдықтауды жеткізу бойынша екі жобаны іске асырғаны анықталды.
Олардың бірі қуаттылығы тәулігіне 350 текше метр су өндіретін зауыт үшін, оның ішінде халық үшін – тәулігіне 150 текше метр су өндірілді.
Ал екіншісі – сол елді мекеннің тұрғындары үшін қуаты тәулігіне 71 текше метр.
Бұл ретте Ақтөбе облысында 315 ауылдық елді мекеннің 48-і орталық сумен қамтамасыз етілмеген.
ҮШІНШІ. Тарифтік саясаттың жетілмегендігі.
Бүгінде жан басына шаққандағы тұтынылатын су көлемі бойынша Қазақстан Global Water Use мониторингіне енгізілген 179 елдің ішінен әлемде 11-ші орында.
Сарапшылар мұны тарифтердің төмендігімен және тұтынушылардың суды үнемдеуге деген ынтасының жоқтығымен байланыстырады.
Уәкілетті орган Қазсушар үшін мәлімделгеннен екі есе төмен бекіткен 2018-2023 жылдарға арналған төмен тариф кәсіпорынның қаржылық жай-күйінің нашарлауына және шығындарының жинақталуына айтарлықтай әсер етті. Мұндай жағдай жаңа инфрақұрылымның құрылысына инвестиция салу былай тұрсын, қолда бар инфрақұрылымды тиісті жағдайда күтіп-ұстауға, сондай-ақ саладан кетуге мәжбүр өндірістік жұмыскерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік бермейді.
Тарифтерді қайта қарамаса, жағдай нашарлап кетті.
Сондықтан биыл қараша айында алдағы бес жылдық кезеңге жаңа тарифтер бекітілді. Әрине, мәлімделгендерден төмен, бірақ 2 есе емес, 30 пайызға.
Бұл уәкілетті мемлекеттік органның ақпараты бойынша ағымдағы қарыздарды өтеуге, кем дегенде қандай да бір күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және еңбекақыны (25%-ға) шамалы арттыруға мүмкіндік береді.
Әрине, су саласындағы кәсіпорындар мен тұтынушылар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін табу оңай емес. Бірақ мұны дәл қазір – Су саласын дамыту тұжырымдамасын және Кешенді жоспарды әзірлеу кезеңінде, негізгі су шаруашылығы кәсіпорындары – Қазсушар мен Нұра топтық су құбырын трансформациялау кезеңінде жасау керек.
ТӨРТІНШІ. Білікті кадрлардың тапшылығы және техникалық мамандардың жаппай кетуі.
Су саласындағы кадрларды қолданыстағы оқу бағдарламасымен даярлау қазіргі заманға сай қажетті білімді бермейді. Сонымен қатар, гидротехникалық құрылыстарды жобалау және пайдалану саласында мамандар – инженер-гидротехниктер, инженер-гидромелиораторлар жетіспейді.
Жаңадан құрылған Министрлік кадрларға деген нақты қажеттілікке әлі талдау жасамаған. Бұған дейін де Экология министрлігі мен Ауыл шарушылығы министрлігінде ахуал осылай болған.
Ауызша ақпаратқа қарағанда, саладағы тапшылық 500-ге жуық білікті мамандарды құрайды. Алайда қай өңірге қанша керек екенін ешкім білмейді.
2018 жылы мемлекеттік аудит жүргізілгеннен кейін ғана «Су шаруашылығы» мамандығын ашу жұмыстары басталып, 2020 жылдан бері осы саладағы инженерлік және құрылыс бейіні бойынша кадрлар даярлана бастады. Сондықтан осы мамандық бойынша түлектер әлі жоқ.
2018-2022 жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған 1 300 түлектің 80 пайызы өз мамандығымен жұмыс істеп жүр. Кадр тапшылығының тағы бір себебі – жалақының төмендігі (орта есеппен – 172 мың теңге). Жұмыстан шығарылған жұмыскерлердің 90%-дан астамы өндірістік персонал.
2024 жылы екі мамандық бойынша 156 маман оқуын бітіреді деп күтілуде. Бұл бір саладағы кадрларға қажеттілікті 30 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
БЕСІНШІ. Халықаралық қарыздар жобаларын іске асыру әрдайым тиімді бола бермейді.
Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі мен Ислам Даму Банкінің қарыздары шеңберінде Қазсушар 2017 жылдан бері 317 миллион доллар сомасына 61 жоба қаржыландырылуда.
Жоғары аудиторлық палата аудит жүргізу кезінде іске асырылған 5 жылда тек 18 жоба (29%) тапсырылғаны, 37-і (61%) іске асырылып жатқаны, 6 жобаның (10%) жұмыстары тіпті әлі басталмағаны анықталды.
Себептері сол баяғыдағыдай – сапасыз жобалау және жосықсыз мердігерлер.
Жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіру Қазсушар шотында 6,5 миллиард теңгенің жинақталуына әкелді. Бюджет оларды резервке қойғаны үшін қосымша 1,7 миллиард теңге төледі.
Сонымен қатар, ұлттық валюта бағамы төмендеген жағдайда қабылданған міндеттемелердің ұлғаю қаупі бар, өйткені қарыздар доллармен алынған.
Құрметті депутаттары!
Сондай-ақ аудитпен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің 3 млрд теңгеден астам сомаға 8 қарыз жобасы шеңберінде сатып алынған жабдықтар мен салынған инфрақұрылым мақсатына сай пайдаланылмайтыны анықталды. Соның салдарынан, жоспарланған 4 мың гектарға жуық суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмеген.
Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі қарыздарының бірін мақсатсыз пайдаланудың тағы бір мысалы – «Ақтөбе су қоймасынан Сазды өзенінің арнасына сутартқыш салу арқылы Ақтөбе қаласының жасыл аймағының инфрақұрылым объектілерін дамыту» жобасын 1,5 миллиард теңгеге іске асыру.
Бұл қарыз суару инфрақұрылымын қалпына келтіруге жоспарланған, ал іс жүзінде саябақ аймағын абаттандыруға пайдаланылған.
Саябақтарды салу, әрине, қажет. Бірақ, валюталық қарыздар есебінен емес шығар.
Жоғары аудиторлық палата аудиторлық іс-шараларының нәтижелері бойынша Үкіметке және уәкілетті мемлекеттік органдарға су саласын басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған барлығы 91 тапсырма мен ұсынымдар берілді. Олардың 41-і орындалды, 50-і орындалып жатыр.
Орындалғандарының ішінде – республикалық меншіктегі 4703 су шаруашылығы құрылыстарына паспорттау жүргізілді, су қорының жерлеріне түгендеу жүргізілді, Гидротехникалық құрылыстарды көп факторлы тексеруді орындау қағидалары қабылданды.
2256 иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымалар проблема күйінде қалып отыр.
2010 - 2020 жылдар аралығында оларды жою іс-шаралары мүлдем өткізілмеген. Есеп комитетінің аудитінен кейін ғана 2021 жылдан 2023 жылға дейін 105 ұңғыманы жоюға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл ретте биылдың қорытындысы бойынша тек 83 ұңғыманың жұмыстары аяқталады. Бұл 4%-дан аз.
Жалпы, Гидротехникалық құрылыстардың физикалық тозу деңгейін есептеу әдістемесі мүлдем жоқ. Қазсушардың мамандары гидротехникалық құрылыстардың тозғанын көзбен шолу арқылы анықтайды (!). Бұл жөндеуге жататын объектілерді, соның ішінде апатқа дейінгі объектілерді жөндеу кезектілігін дұрыс анықтамауға әкелуі мүмкін.
СОҢҒЫСЫ. Тіпті, ең маңыздысы деуге болады. Бағдарламалық құжат жоқ және су саласын дамытатын нормативтік-құқықтық база жетілдірілмеген.
Су ресурстарын басқарудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту созылып кетті.
Енді 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы әзірленді. Осы жылдың 8 желтоқсанында Үкімет жанындағы Су кеңесінің отырысында тиісті Кешенді жоспардың жобасы таныстырылды.
Жаңа Су кодексінде де жағдай осындай, Мемлекет басшысының 2022 жылғы ақпанда берген тапсырмасына қарамастан, кодекс осы уақытқа дейін қабылданбаған.
Осы екеуі де негізгі құжат болып саналады. Бұл құжаттар жоқ. Соның салдарынан саланы жүйелі түрде мақсатты дамытудың орнына біз су шаруашылығының инфрақұрылымында да, кадрлар, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу, тарифтер және тағыда басқа сияқты жүйелі мәселелерді шешуде де «тесіктерді жамауға» мәжбүр боламыз.
Құрметті депутаттар, әріптестер!
Осы жылдың қыркүйек айында Президент өзінің кезекті Жолдауында басым бағыттар қатарында Қазақстанның су саласын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуымен аталған мәселелер тезірек әрі тиімдірек шешіледі деп сенеміз. Әсіресе, олардың көпшілігі ұйымдастыру немесе құқықтық (заңға тәуелді құқықтық актілер деңгейінде) деңгейде екенін назарға алсақ, бұл жұмыстар қаржыландыруды қажет етпейді.
Есеп комитеті мен Жоғары аудиторлық палатаның осы салаға қатысты берген нұсқамаларының ішінде орындалмағаны бар. Олар біздің бақылауымызда қалады.
Жоғары аудиторлық палатаның есебін мұқият қарағаны үшін депутаттарға алғыс білдіре отырып, оны бекітуді сұраймыз.
Баяндама аяқталды! Назарларыңызға рақмет!
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/674273?lang=kk
Жоғары аудиторлық палата Төрағасының дәрісі
- Толығырақ
12 желтоқсан Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының (ЖАП) Төрағасы, PhD докторы Наталья Годунова Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (ЕҰУ) «Мемлекеттік аудиттің міндеттері туралы» тақырыбында студенттерге дәріс оқыды.
Наталья Годунова 2022 жылғы қарашада Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылғанын еске сала отырып, мемлекеттік аудиттің не үшін қажет екенін, нені анықтайтынын, қабылданған шаралардың әсері қандай болатынын айтып, жоғары аудит органының қызметіне тоқталды.
Мысал ретінде су және жер ресурстары саласындағы аудит қорытындылары келтірілді, онда ұсынымдар мен тапсырмаларды орындау нәтижесінде Су кодексіне және өзге де заңнамаға түзетулер енгізілді, суды үнемдейтін суарудың озық технологиялары қолдану бойынша шаралар қабылдануда, суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу басталды, жер қорын түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, жер балансын қалыптастыру тәртібі реттелді, жерге түгендеу жүргізу механизмі әзірленді және т.б.
Наталья Годунова сыртқы мемлекеттік аудиттің жұмыс істеуіне бағытталған құқықтық актілер туралы баяндап берді. Ол мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігі қандай аспектілерге байланысты екеніне егжей-тегжейлі тоқталып, мемлекеттік аудит жүйесін дамытудағы қол жеткізілген нәтижелермен бөлісті. Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң іске асырылып, сыртқы мемлекеттік аудит органдарының қызметі операциялық бақылаудан тиімділік аудитіне көшірілді. Халықаралық стандарттарға көшу жүзеге асырылды (ISSAI стандартының 78-нің 76-сы енгізілді). Қазіргі уақытта ЖАП-тың барлық мемлекеттік аудиторлары CIPFA* бойынша оқытылды және халықаралық сертификаттары бар.
Бұдан басқа, ЖАП басшысы тыңдаушылардың назарын жүйелі проблемаларды анықтауға және шешуге аударды. Осылайша, 5 жыл ішінде (2018-2023 жж.) үкіметке заңнаманы және мемлекеттік басқаруды жетілдіру бойынша 422 ұсыным беріліп, 166 нормативтік құқықтық актіге 174 түзету енгізілді.
Наталья Годунованың айтуынша, жаңа технологияларды қолдану арқылы жасалған деректердің орасан зор көлемі және олардың пайдаланылмаған әлеуеті цифрландыру мен электрондық аудитке көшу қажеттілігін көрсетті. Орталық мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың жүйелерімен және дерек қорларымен интеграциялау аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені азайтып, аудит жүргізу уақытын едәуір қысқартады.
Жоғары бақылау органы басшысының дәрісі ЕҰУ студенттері, профессорлары мен оқытушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Университет студенттері, әсіресе бейінді факультеттердің студенттері сұрақ қою мүмкіндігіне қуанды. Атап айтқанда, оларды аудит объектілерінің қаржылық бұзушылықтары, ЖАП-тың Парламентпен өзара іс-қимылы, мемлекеттік жобалардың тиімділігі мәселелері және де ЕҰУ «Мемлекеттік аудит» факультетінің түлектерінің Қазақстанның жоғары аудит органы мемлекеттік қызметшілерінің қатарына қосылу мүмкіндігі қызықтырды.
Наталья Годунова егер осы уақытқа дейін тиісті жұмыс тәжірибесі талап етілсе, енді біліктілік талаптарына өзгерістер енгізілгеннен кейін, қажетті конкурстан өткен түлектер оқуды аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа кірісе алатынын айтты.
CIPFA* - Ұлыбританияның мемлекеттік қаржы және бухгалтерлік есепке алудың сертификатталған институты.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/670333?lang=kk
Жоғары аудиторлық палата Дүниежүзілік банк командасымен кездесті
- Толығырақ
Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) мүшесі Нұрлан Нұржанов Еуропа мен Орталық Азиядағы басқару мәселелері бойынша практиканың басшысы Адриан Фоззард мырза бастаған Қазақстандағы мемлекеттік басқару реформаларын жетілдіруді қолдау жөніндегі Дүниежүзілік банк командасымен кездесу өткізді.
Кездесуде ЖАП пен Дүниежүзілік банк арасындағы орта мерзімді кезеңдегі ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары, сондай-ақ 2024 қаржы жылына арналған бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы аясындағы тапсырмалар талқыланды.
«Біз өз қызметімізге мемлекеттік аудитті жүргізудің прогрессивті, инновациялық әдістері мен практикасын, үлкен деректерді талдау, болжамды талдау, эконометрикалық әдістер сияқты ақпараттық технологияларды, жасанды интеллект құралдарын енгізуге мүдделіміз. Сондықтан бұл мәселеде алдыңғы қатарлы елдердің практикалық тәжірибесін зерделеу мақсатында Дүниежүзілік банктің зерттеулер жүргізуге және таныстыру іс-шараларын ұйымдастыруға техникалық және сараптамалық көмегі біз үшін маңызды». – деп атап өтті Нұрлан Нұржанов.
Қорытындылай келе, тараптар жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделі екенін растады.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/667024?lang=kk
Астанада Жоғары аудиторлық палата қызметін дәрежесі бойынша тең тексерудің бірінші отырысы өтті
- Толығырақ
2024 жылы Литва, Португалия және Түркияның үш тәуелсіз аудит органдарының өкілдерінен құралған жоғары аудит органдарының (ЖАО) тобы Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (ҚР ЖАП) қызметінің жағдайы бойынша тең тексеру жүргізуді жоспарлауда. 3-6 қазанда Астанада оның бірінші отырысы өтті, оған жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова, Литва ұлттық аудит Кеңсесінің бас аудиторы Миндааугас Мацияускас мырза, Түрік шоттар сотының Президенті Метин Йенер мырза және Португалия Сотының Вице-президенті Антонио Мартинас мырза қатысты.
Наталья Годунованың айтуынша, дәрежесі бойынша тең тексеру – ИНТОСАИ халықаралық жоғары аудит органдары ұйымының стандарттарының бірі, оған сәйкес тең тексеру жоғары аудит органын тәуелсіз бағалау болып табылады. Оны тек ерікті және сенімгерлік негізде дәрежесі бойынша тең институттар ғана жүзеге асырады, бұл процестің сапасы мен анықтығын қамтамасыз етеді. «Бұл тексеруді жүргізу ұлттық және жаһандық деңгейде мемлекеттік аудитті дамыту үшін біздің елдеріміздің тағы да бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін көрсетеді», – деп атап өтті ол.
Түстен кейін ҚР ЖАП-тың ҚР Президентінің Әкімшілігімен және Парламентпен өзара іс-қимылы мәселелері жөніндегі кеңес өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімінің меңгерушісі Айдын Құлсейітов қатысты.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов отырысқа қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде: «Жоғары аудиторлық палатаны дәрежесі бойынша тең тексеру қазақстандық аудит жүйесін дамытуға қосымша серпін береді», – деп ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Наталья Годунова бірқатар маңызды конституциялық реформалар туралы айтты. Олардың қатарында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп қайта құру, ЖАП құзыретін кеңейту, қаржылық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және басқалар бар.
Бақылаушы органдардың функцияларын, міндеттері мен құзыреттерін құқықтық реттеу – тексерулер жүргізу кезінде дербестіктің, тәуелсіздік пен объективтіліктің басты шарты. Сондықтан объективті түрде жоғары аудит органының құқықтық мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Метин Йенер мырзаның айтуынша, бұл ЖAO қызметін жетілдіру үшін маңызы зор. «Егер ол (заң) аудиторлық қызметтің жұмысын жақсартуды қамтамасыз етсе және оның әлеуетін барынша іске асыруға, барлық деңгейлерде мемлекеттік қаржылық бақылауды жетілдіруге мүмкіндік берсе, онда оны әзірлеу қажеттілігі негізделген», – деді ол.
Литваның ЖAO басшысы да осындай пікірде. «Конституциямен салыстырғанда өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болатын бір заңда барлығы егжей-тегжейлі жазылған кезде неғұрлым ыңғайлы және түсінікті», – деп атап өтті Миндааугас Мацияускас мырза. Тәуелсіздік алғаннан кейін Литвада аудиттер халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. 2020 жылы Литвада мемлекеттік бақылау туралы заңға өзгерістер енгізілді, бұл аудиторлардың жұмысын ұйымдастыруды реттеп, олардың есептілігін арттырды.
Бірінші отырыс шеңберінде 2024 жылдың соңына дейін жалғасатын ЖАО бірлескен жұмысының басталуын белгілеген дәреже бойынша тең тексеру жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.
ЖАП өткізген іс-шара – негізгі және тең тексеру жоспарының бірінші кезеңінің бір бөлігі.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/631622?lang=kk
Жоғары аудиторлық палата Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары мемлекеттік аудит органдары басшылары кеңесінің XX сессиясына қатысты
- Толығырақ
27 қыркүйекте бейнеконференция режимінде Қырғыз Республикасының Есеп палатасы Алмазбек Акматовтың төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары мемлекеттік аудит (Қаржылық бақылау) органдары басшылары кеңесінің XX сессиясы өтті.
Іс-шара пленарлық отырыстан басталды, онда күн тәртібі бекітілді, XIX – XX сессия аралығындағы кезеңде кеңестің қызметі туралы есеп және жоғары қаржылық бақылау органдары үшін мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жұмысы туралы ақпарат тыңдалды.
Түстен кейін Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) мүшесі Рашит Ахметов «Мемлекеттік аудиттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету» тақырыптық сессиясында мемлекеттік аудиттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қазақстандық тәжірибе туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстанның жоғары аудит органы бүгінде ұйымдастырушылық және функционалдық салада да, қаржылық салада да тәуелсіздікке қол жеткізді.
2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес ЖАП жұмысының негізгі басымдықтарының бірі – тәуелсіздік қағидаттарын іске асыру. Атап айтқанда, институционалдық тәуелсіздікті; қаржылық және ұйымдастырушылық тәуелсіздікті қамтамасыз ету; тиімді ұсынымдар әзірлеу және олардың сапалы орындалуы; жүктелген құзыреттерді жүзеге асыру кезінде өкілеттіктер мен функционалдық тәуелсіздікті кеңейту сияқты мақсаттар тұр.
«Жоғары мемлекеттік аудит органының қызметі мемлекеттік қаражаттың үнемді жұмсалуын қамтамасыз етуге, қоғамда мемлекеттің қаржы-экономикалық қызметінің басқарылу тиімділігінің дәрежесі туралы дұрыс түсінік қалыптастыруға тиіс. Тәуелсіздіктің кез келген шектелуі, тіпті елеусіз болса да, аудиттің оң әсерін жоққа шығарады», – деп атап өтті Рашит Ахметов.
Сессия соңында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржылық бақылау органдары басшылары кеңесінің XX сессиясының қорытынды құжаттары қабылданды, сондай-ақ оның келесі өтетін орны анықталды.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/628846?lang=kk
Тағы мақалалар...
- Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғары аудит органдары арасында жаңартылған меморандумға қол қойылды
- «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды
- Жоғары аудиторлық палатаның делегациясы АЗОСАИ Басқарма кеңесінің 59-отырысына қатысты
- Жоғары аудиторлық палатада Ел Президентінің жолдауы талқыланды