Қаз   Рус  Eng

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғары аудит органдары арасында жаңартылған меморандумға қол қойылды

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы мен БАӘ-нің Жоғары аудиторлық институты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның жасалуы екі мемлекеттің мемлекеттік аудит органдары басшылығының ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету жөніндегі өзара күш-жігерінің арқасында мүмкін болды.

Меморандумның қол қойылған көшірмелерімен алмасу Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Расул Рахимов бастаған қазақстандық делегацияның Әбу-Дабиге жұмыс сапары аясында өтті. Оның айтуынша, Меморандумды жүзеге асыру аясында тараптар мемлекеттік аудит техникасы мен әдіснамасы, тәуекелдерді бағалау және аудиторлық қызметті жоспарлау, аудитті реттеудің ұлттық қағидалары мен қағидаттары туралы тәжірибе және білім алмасатын болады.

Өз тарапынан БАӘ-нің Жоғары аудиторлық институтының президенті Хумайд Обаид Халифа Абушибс Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасымен тығыз әріптестік қатынас орнағанын атап өтіп, Қазақстаннан келген әріптестермен бірге ынтымақтастық әлеуетін іске асыруға дайын екенін мәлімдеп, екi елдiң аудит органдарының практикасы сала мамандарын арнайы зерделеу үшiн қызықтыратын ұқсас та, ерекшеленетін белгiлерi де бар екенiне назар аударды.

Қазақстанның БАӘ-дегі Елшісі Мадияр Меңілбеков тараптарды Меморандумның жасалуымен құттықтап, Қазақстан мен БАӘ арасындағы тығыз саяси диалог, бауырластық, жан-жақты қарым-қатынастар мен стратегиялық әріптестік рухы екі елдің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына жемісті ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге барлық мүмкіндіктермен қамтамасыз ететінін атап өтті.

Сапар барысында мемлекеттік аудитті жоспарлау және жүргізу саласында тәжірибе алмасу өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта тараптар техникалық ынтымақтастықты дамыту, аудит практикасы мен рәсімдері, АТ-аудит, қаржылық аудит және тиімділік аудиті бойынша білім мен сарапшылық тәжірибемен алмасуды тереңдетуге уағдаласты. Кадрларды кәсіби даярлау мен біліктілігін арттыруда да өзара көмек көрсету күтілуде.

Кездесу соңында БАӘ ЖАО басшысы Хумайд Обайд Халифа Абушибс Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы Наталья Годунованың атынан Қазақстанға сапармен келуге шақырту алды.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/627573?lang=kk 

10102323

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды

Жоғары аудиторлық палата «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға қазақстандық туризмді ілгерілету жөніндегі міндеттерді іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды.

Тексеру нәтижелері Қазақстанның туризм саласының дамуына, сондай-ақ акционерлік қоғам қызметінің тиімділігіне әсер ететін жекелеген жүйелік кемшіліктер мен бұзушылықтардың бар екенін көрсетті.

Туризм саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды бірнеше рет әртүрлі министрліктер мен ведомстволарға беру (20 жылда 8 рет) туризм саласын дамытуда жүйелілік пен сабақтастықтың болмауына әкелді.

«Туристік қызмет туралы» Заңда көзделген туризм бағыттарының 22 түрінің ішінде туристік объектілердің 80% құрайтын 4 бағыт (экотуризм – 34%, мәдени-танымдық – 29%, аңшылық туризм – 9%, емдік-сауықтыру туризмі – 8%) қана әзірленуде.

Аудит қорытындысы көрсеткендей, саланың дамуын тежейтін негізгі себептер мыналар:

1) Министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасында өңірлік үйлестірудің болмауы (15 өңірде туризм саласындағы үйлестіруді жүзеге асыратын салалық басқармалар жоқ). Осылайша, туристік бизнес субъектілеріне ақпараттың жетпеуіне байланысты, туризм саласын мемлекеттік қолдау шаралары талап етілмеді және саланың дамуына әсер еткен жоқ. 2022 жылғы бюджетте бұл мақсаттарға 402,0 млн.теңге қарастырылды, оның 85,8 млн.теңгесі (21,3%) ғана игерілді, оның ішінде:

«Әрбір шетелдік туристке туроператорлардың шығындарын субсидиялауға» жоспар бойынша 54,7 млн. теңге көзделген, игерілгені – 5,8 млн.теңге (10,6%);

«Авиакомпанияларға ішкі авиамаршруттарда балаларды тасымалдау ақысын өтеуге (100%) («KIDS GO FREE») жоспар бойынша 211,1 млн.теңге көзделген, игерілгені – 76,2 млн.теңге (36,1%);

«Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға жұмсалған шығындарының бір бөлігін субсидиялауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерге» жоспар бойынша 136,3 млн.теңге көзделген, игерілгені – 3,7 млн.теңге (2,7%).

2) мемлекеттік органдар тарапынан туристік қызмет көрсететін субъектілердің стандарттарды сақтауына жүйелі бақылаудың болмауы. Бүгінгі таңда туризм саласында 90-нан астам стандарт қабылданғанымен, бұл стандарттарды сақтау бақыланбайды. Нәтижесінде ұсынылатын туристік қызметтердің сапасы талапқа сай емес және шетелдік туристердің кетуіне ықпал етеді.

3) қонақ үй туристік инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы (2022 жылы орналастыру орындарының болуы 3970 құрайды, оның ішінде 130 орналастыру орны (3,3%) санаттарға жатқызылған, оның ішінде 52 санатталған орналастыру орындары курорттық аймақтарда) орналастыру орындарына негізсіз жоғары бағаларды туғызады.

4) интернеттің және туристік қызметтерді цифрландырудың төмен деңгейі (интернет желісіне қосылған объектілер – 76,2%, халықаралық онлайн брондау жүйелеріне интеграцияланған – 22,6%). Қашықтықтан брондау және төлем жасау мүмкіндігінің болмауы туристке орналастыру шарттарымен танысуға және саяхат бағытын жоспарлауға мүмкіндік бермейді.

Жалпы, мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1 558,6 млн.теңгеге бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды, оның ішінде:

- 919,4 млн.теңге сомаға активтерді тиімсіз пайдалану;

- 546,9 млн.теңге сомаға бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау;

- қызметтердің құнын асыра бағалау – 76,7 млн.теңге;

- орындалмаған жұмыстар мен қызметтердің көлемі – 11,3 млн.теңге;

- негізсіз төленген жалақы – 4,3 млн.теңге;

Аудит барысында бюджетке 88 млн теңге өтелді, кәсіпорын кірісіне 1,3 млн теңге қалпына келтірілді, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану үшін Туризм және спорт министрлігінің вице-министріне қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚтК-нің 234-1 бабы бойынша 2 әкімшілік хаттама толтырылды.

Дер кезінде ден қою, алдын алу мақсатында және бюджеттік және өзге де заңнама бұзушылықтарының алдын алу, жүйелік шығысыларды жою, Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынымдар берілді, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігіне, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға тапсырмалар берілді.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/624257?lang=kk 

Жоғары аудиторлық палатаның делегациясы АЗОСАИ Басқарма кеңесінің 59-отырысына қатысты

2023 жылғы 20-22 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы Азия жоғары аудит органдары ұйымының (АЗОСАИ) Басқарма кеңесінің 59-отырысына қатысты.

Корея Республикасының Инспекция және аудит палатасы ұйымдастырған іс-шара Пусан қаласында (Корея Республикасы) өтуде. Отырысқа қатысушылар 2021-2023 жылдардағы есепті, АТ-аудит, ОДМ, АЗОСАИ экологиялық аудиті бойынша жұмыс топтары қызметінің қорытындыларын қарады.

АЗОСАИ Басқарма кеңесінің мүшелері: Тайланд (Төраға), Қытай (Бас хатшы), Жапония (Әлеуетті дамыту жөніндегі әкімші), Вьетнам (бұрынғы Төраға), Үндістан (АЗОСАИ журналының редакторы), Корея, Малайзия, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, Филиппин. Аудиторлық комитет мүшелері – Әзірбайжан және Қазақстан.

Іс-шара барысында Стратегиялық жоспар жөніндегі нысаналы топтың, АЗОСАИ қағидаларын зерттеу жөніндегі нысаналы топ отырыстары, сондай-ақ Әлеуетті дамыту комитетінің отырысы өтті.

Сондай-ақ, АЗОСАИ-дің қағидалары мен ережелеріне сәйкес АЗОСАИ-дің 2027-2030 жылдардағы президенттікке сайлау өтті, оның қорытындысы бойынша Сауд Арабиясының жоғары аудит органы дауыс беру арқылы сайланды.

Сонымен қатар, 2028-2031 жылдары ИНТОСАИ президенттігі бойынша дауыс беру өткізілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Индонезияның жоғары аудит органы ИНТОСАИ-дің XXVI Конгресін өткізу үшін сайланды.

Іс-шара аясында Жоғары аудиторлық палатаның делегациясы Корея мен Вьетнамның ЖАО-мен екіжақты кездесулер өткізді.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/623478?lang=kk 

1010233

Жоғары аудиторлық палатада Ел Президентінің жолдауы талқыланды

Жоғары аудиторлық палатаның аппараттық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған жаңа Жолдауы талқыланды.

Отырысты ашқан Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова Президент Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталды. Ол қазіргі Жолдау Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын іске асыру дәйектілігіне негізделгенін және сонымен бір мезгілде саяси, идеологиялық және экономикалық салаларды реформалауға бағытталғанын атап өтті.

Айта кету керек, Есеп комитеті және кейіннен Жоғары аудиторлық палата Жолдауда айтылған көптеген басымдықтар мен міндеттер бойынша мемлекеттік аудиттер жүргізді, олардың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына тиісті ұсыныстар жіберілді.

Мысалы, су ресурстарын басқару, салықтық жеңілдіктер, банк секторының экономикаға қосқан үлесі және т. б.

Мемлекет басшысы басқа да міндеттермен қатар бюджет және салық саясатын жетілдіруге ерекше назар аударады. Үкімет қазірдің өзінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде, онда мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру, Ұлттық қордың сақталуы, сыртқы мемлекеттік борышты басқару және т.б. ЖАП ұсынымдары ескерілген.

Бюджеттік жүйені реформалаудың негізгі мақсаты – «бюджетті басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» көшу.

Ұжымға арнаған сөзінде ЖАП басшысы баршаға жемісті және сапалы жұмысы үшін алғысын білдірді. «Жоғары аудит органы әлі де «ұпай» үшін ғана емес, нәтижеге жұмыс істейді. Бұл бізге одан да үлкен жауапкершілік жүктейді және қаржылық бұзушылықтарды анықтау мақсатында ғана емес, тұтастай мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында одан әрі жұмысты жалғастыруға ынталандырады», - деп түйіндеді Наталья Годунова.

Қорытындылай келе, талқылауға қатысушылар Президент Жолдауында баяндалған бастамаларды іске асыру Жаңа әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік беретініне, сонымен бірге қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік әл-ауқатының өсуіне кепілдік беретініне қолдау білдірді.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/613565?lang=kk 

101023

«Сәйкестік аудиті» ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау рәсімдік стандартын бекіту туралы

Қаржы министрі «Сәйкестік аудиті» ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау рәсімдік стандартын бекітті.

Дерек көзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/322793?lang=kk 

8 ақпанда мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Ә. Смайылов, Мемлекеттік хатшы Е. Қарин, Президент Әкімшілігінің Басшысы М. Нұртілеу, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, биылғы жоспардың талқыланатынын атап өтті.

– Өткен жылы ел экономикасы 4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға артты. Дегенмен, инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғалары қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматтарымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады. Қазіргі мәліметтер бойынша бизнеске 100 миллиардтан астам теңге көлемінде залал келді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің пандемияға, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және ұлттық қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанына назар аударды. Президенттің пікірінше, халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту басым міндеттің бірі.

Мемлекет басшысы инфляцияны ауыздықтау мәселесін екінші міндет ретінде атады.

Мемлекет басшысы экономиканы өркендету үшін қосымша қаражат қарастыру міндетіне де тоқталды. Президент Үкіметке бір айдың ішінде заңға өзгеріс енгізуден бастап, барлық қажетті шараны қабылдауға, соның ішінде іштен және сырттан инвестор тартуға тапсырма берді. Мемлекет басшысы кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет деп санайды.

Президент жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Отырыс барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне баса мән берілді. Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды. Бұдан бөлек Президент жерді белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне тоқталды.

Президент энергетика кешенін дамытуға тағы бір басым міндеттің бірі ретінде тоқталды. Мемлекет басшысы былтыр осы салада болған дағдарысты еске салды. Атап айтқанда дизель отынының, авиакеросиннің, сұйытылған мұнай газының, электр қуатының тапшылығы байқалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін түйіндей келе, мемлекет пен бизнес басшылыққа алуға тиіс қағидаттарды айқындады. Мемлекет басшысы билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екенін айтты. Бұл идеология компрадорлар мен уақыт өткізіп жүргендердің, масылдардың орнын алмастыруға тиіс.

– Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарды және онда сатып алынған активтерді елімізге қайтару жолдары жөнінде ұсыныс әзірлеуге 2 ай уақыт беремін, – деді Президент.

Сонымен қатар жиын барысында Премьер-Министр Ә. Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғ. Пірматов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы А. Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Н. Ноғаев, Алматы облысының әкімі Қ. Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Е. Досаев, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов сөз сөйледі.

Дерек көзі: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-ukimettin-keneytilgen-otyrysyn-otkizdi-81333 

Есеп комитетінің төрағасы «Ұлттық мүдде» телевизиялық бағдарламасында

2021 жылғы 27 желтоқсанда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова «Хабар» агенттігінің «Ұлттық мүдде» телевизиялық бағдарламасында бюджет ақшасы қайда кететіні туралы сұхбат берді.

Дерек көзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/307390?lang=ru 

29 желтоқсанда Мәжілісте ағымдағы жылдың соңғы жалпы отырысы өтті

2021 жылғы 29 желтоқсанда Н. Нығматулин Палатаның 2021 жылғы нәтижелерін қорытындылап, сессия басталған уақыттан бері депутаттар 80 заң жобасын қарағанын, олардың 39-ы мақұлданып, Сенатқа жіберілгенін, 25 заңға Мемлекет басшысы қол қойғанын атап өтті.

Палата Төрағасы 30 жыл ішінде біздің Парламент өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып, еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуының заңнамалық тірегі болатынын айтты.

Тағы ерекше айта кететін жағдай, Мәжіліс депутаттары осы сессияда «Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы», «Құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша» заң жобаларымен, сондай-ақ, «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша» жобаларымен және «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы», «Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері», «Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша», «Биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша» заң жобаларымен жұмыс істеді.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, сессия барысында Үкімет сағаттары, комитеттердің көшпелі отырыстары және халықаралық конференциялар мен дөңгелек үстел отырыстары өткізілді.

Мәжіліс Төрағасы парламентшілердің халықаралық бағыттағы жұмыстары туралы айта келіп, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) биылғы жылы қыркүйек айында Түркістан қаласында өткен Х пленарлық отырысы туралы, оның жұмысына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, сондай-ақ Өзбекстан мен Венгриядан парламенттік делегациялар қатысқанын айтты. Сонымен қатар, Палата Спикері отырыста алғаш рет модельдік заңдар қабылданғанына, бұл ТүркПА қызметінің заң шығарушылық бағытына ықпал ететініне тоқталды.

Отырысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы барлық фракциялардың, барлық депутаттардың бірлескен жұмысының арқасында, Парламент Мәжілісі ел басшылығының саясатын сапалы әрі тиімді заңнамалық қолдауды қамтамасыз ететінін, алдымызда әлі де көптеген маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Отырыс барысында депутаттар әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын әскери қызметтің беделін арттыру бөлігінде іске асыруға, сондай-ақ ел Президенті, Жоғарғы Бас Қолбасшының әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік пакетін, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында жақсарту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу туралы 2019 жылғы 23 мамырдағы тапсырмаларын орындауға бағытталған.

Құжатта әскери қызмет өткеруді және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін, әскери қызметшілерді, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігін жетілдірумен байланысты нормалар көзделіп отыр.

Сонымен қатар, депутаттар жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде шешім қабылдады.

Жалпы отырыста Палата комитеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын және «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Жиында Мәжіліс депутаттары бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы Сенаты енгізген өзгерістермен келісті.

Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Е.Бейсенбаев, М.Төлепберген, Хамзин.

Дерек көзі: https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id49184/1/1

Қаржы министрінің бұйрығының жобасына пресс-релиз

2021 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігімен «Екінші деңгейдегі банктердің мемлекеттік кірістер органдарына тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарының талаптарын ескере отырып, төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдықтардан (құрылғылардан) ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді беру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығының жобасын бұйрығының жобасы әзірленді (бұдан әрі – Пилоттық жоба).

Пилоттық жоба екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері арқылы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде салық төлеушілер жүзеге асыратын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тегін негізде беруді көздейді.

Осы бұйрық https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=13866561 ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында 24.12.2021 жылы орналастырылды.

Дерек көзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/308177?lang=kk

14 желтоқсанда Мемлекет басшысы Премьер-Министр А. Маминді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, инфляциямен күрес, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде есеп берілді.

Асқар Мамин Қазақстанның экономикасы пандемия жағдайына сәтті бейімделіп, экономикалық өсімнің қарқынды дамып келе жатқанын айтты. 11 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ 3,8 пайызға артқан.

Президентке биылғы қаңтар-қазан айлары аралығындағы сыртқы сауда айналымының көрсеткіштері туралы мәлімет берілді. Премьер-Министрдің мәліметіне сәйкес сыртқы сауда көлемі 82,2 миллиард долларды құрады. Бұл былтырғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 14,1 пайыз артық. Сонымен қатар экспорттың көлемі 23,5 пайызға көбейіп, 49,1 миллиард долларға дейін жеткен. Ал өңделген тауарлардың экспорты 24,4 пайызға артқан. Сауда теңгерімі 16 миллиард долларға жеткен.

Мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру, Инфляцияға қарсы іс-қимылдың кешенді шараларын жүзеге асыру жөнінде баяндалды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, соның ішінде халыққа вакцина салу жұмыстарының қарқыны туралы мәлімет берілді.

Асқар Мамин Президентке сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту ісін күшейтуге, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға, өңірлерді дамытуға, өңдеу секторының өсімі есебінен экономиканың құрылымдарын одан әрі әртараптандыруға бағытталған шаралардың жүзеге асырылу барысы туралы айтты.

Дерек көзі: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-premer-ministr-askar-mamindi-kabyldady-14113416