23 қарашада Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті
- Толығырақ
Отырыста сатып алулардағы жергілікті қамтуды дамыту мәселелері қарастырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы А.Сәтқалиев баяндама жасады.
Үкімет басшысы әкімдіктерге жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын олардың қызметіне өңірлік бизнес өкілдерін барынша тарту арқылы күшейтуді тапсырды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика министрліктеріне, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ-на жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімдер жасасуды қамтамасыз ету тапсырылды. Индустрия министрлігіне Энергетика министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасуының барлық қажетті мәселелерін пысықтау тапсырылды.
Үкімет отырысында тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков баяндады.
Үкімет басшысы интернет-сауда саласында тұтынушылардың құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында Сауда және интеграция министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін электрондық сауда сегментінде құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында «е-tutynushy» жүйесін азаматтардың өтініштерін жүйелеу және мемлекеттік органдар тарапынан жедел әрекет ету үшін бірқатар мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерімен біріктіруді тапсырды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сауда министрлігімен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және әкімдіктермен бірлесіп, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша халықты ақпараттандыруды күшейту және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру тапсырылды.
Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда соңғы айда ауруды жұқтыру 2,4 есеге, стационарлардағы науқастар 1,4 есеге, амбулаторлық науқастар 1,8 есеге төмендеді. Инфекциялық төсек-орындардың қамтылуы – 30%, реанимациялық төсек-орындардың қамтылуы 25% құрайтынын айтты.
Үкімет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды, әсіресе шекара маңындағы облыстарда тұрақты бақылауда ұстауды, вакциналау қарқынын арттыруды, сондай-ақ вакциналарды сақтау және тасымалдау режимін қамтамасыз етуді тапсырды.
Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/sessions/kr-ukimetinin-otyrysy-23112021-23101228