Қаз   Рус  Eng

8 ақпанда мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Ә. Смайылов, Мемлекеттік хатшы Е. Қарин, Президент Әкімшілігінің Басшысы М. Нұртілеу, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, биылғы жоспардың талқыланатынын атап өтті.

– Өткен жылы ел экономикасы 4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға артты. Дегенмен, инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғалары қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматтарымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады. Қазіргі мәліметтер бойынша бизнеске 100 миллиардтан астам теңге көлемінде залал келді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің пандемияға, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және ұлттық қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанына назар аударды. Президенттің пікірінше, халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту басым міндеттің бірі.

Мемлекет басшысы инфляцияны ауыздықтау мәселесін екінші міндет ретінде атады.

Мемлекет басшысы экономиканы өркендету үшін қосымша қаражат қарастыру міндетіне де тоқталды. Президент Үкіметке бір айдың ішінде заңға өзгеріс енгізуден бастап, барлық қажетті шараны қабылдауға, соның ішінде іштен және сырттан инвестор тартуға тапсырма берді. Мемлекет басшысы кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет деп санайды.

Президент жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Отырыс барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне баса мән берілді. Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды. Бұдан бөлек Президент жерді белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне тоқталды.

Президент энергетика кешенін дамытуға тағы бір басым міндеттің бірі ретінде тоқталды. Мемлекет басшысы былтыр осы салада болған дағдарысты еске салды. Атап айтқанда дизель отынының, авиакеросиннің, сұйытылған мұнай газының, электр қуатының тапшылығы байқалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін түйіндей келе, мемлекет пен бизнес басшылыққа алуға тиіс қағидаттарды айқындады. Мемлекет басшысы билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екенін айтты. Бұл идеология компрадорлар мен уақыт өткізіп жүргендердің, масылдардың орнын алмастыруға тиіс.

– Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарды және онда сатып алынған активтерді елімізге қайтару жолдары жөнінде ұсыныс әзірлеуге 2 ай уақыт беремін, – деді Президент.

Сонымен қатар жиын барысында Премьер-Министр Ә. Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғ. Пірматов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы А. Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Н. Ноғаев, Алматы облысының әкімі Қ. Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Е. Досаев, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов сөз сөйледі.

Дерек көзі: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-ukimettin-keneytilgen-otyrysyn-otkizdi-81333