Қаз   Рус  Eng

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғары аудит органдары арасында жаңартылған меморандумға қол қойылды

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы мен БАӘ-нің Жоғары аудиторлық институты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның жасалуы екі мемлекеттің мемлекеттік аудит органдары басшылығының ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету жөніндегі өзара күш-жігерінің арқасында мүмкін болды.

Меморандумның қол қойылған көшірмелерімен алмасу Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Расул Рахимов бастаған қазақстандық делегацияның Әбу-Дабиге жұмыс сапары аясында өтті. Оның айтуынша, Меморандумды жүзеге асыру аясында тараптар мемлекеттік аудит техникасы мен әдіснамасы, тәуекелдерді бағалау және аудиторлық қызметті жоспарлау, аудитті реттеудің ұлттық қағидалары мен қағидаттары туралы тәжірибе және білім алмасатын болады.

Өз тарапынан БАӘ-нің Жоғары аудиторлық институтының президенті Хумайд Обаид Халифа Абушибс Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасымен тығыз әріптестік қатынас орнағанын атап өтіп, Қазақстаннан келген әріптестермен бірге ынтымақтастық әлеуетін іске асыруға дайын екенін мәлімдеп, екi елдiң аудит органдарының практикасы сала мамандарын арнайы зерделеу үшiн қызықтыратын ұқсас та, ерекшеленетін белгiлерi де бар екенiне назар аударды.

Қазақстанның БАӘ-дегі Елшісі Мадияр Меңілбеков тараптарды Меморандумның жасалуымен құттықтап, Қазақстан мен БАӘ арасындағы тығыз саяси диалог, бауырластық, жан-жақты қарым-қатынастар мен стратегиялық әріптестік рухы екі елдің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына жемісті ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге барлық мүмкіндіктермен қамтамасыз ететінін атап өтті.

Сапар барысында мемлекеттік аудитті жоспарлау және жүргізу саласында тәжірибе алмасу өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта тараптар техникалық ынтымақтастықты дамыту, аудит практикасы мен рәсімдері, АТ-аудит, қаржылық аудит және тиімділік аудиті бойынша білім мен сарапшылық тәжірибемен алмасуды тереңдетуге уағдаласты. Кадрларды кәсіби даярлау мен біліктілігін арттыруда да өзара көмек көрсету күтілуде.

Кездесу соңында БАӘ ЖАО басшысы Хумайд Обайд Халифа Абушибс Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы Наталья Годунованың атынан Қазақстанға сапармен келуге шақырту алды.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/627573?lang=kk 

10102323