29 желтоқсанда Мәжілісте ағымдағы жылдың соңғы жалпы отырысы өтті
- Толығырақ
2021 жылғы 29 желтоқсанда Н. Нығматулин Палатаның 2021 жылғы нәтижелерін қорытындылап, сессия басталған уақыттан бері депутаттар 80 заң жобасын қарағанын, олардың 39-ы мақұлданып, Сенатқа жіберілгенін, 25 заңға Мемлекет басшысы қол қойғанын атап өтті.
Палата Төрағасы 30 жыл ішінде біздің Парламент өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып, еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуының заңнамалық тірегі болатынын айтты.
Тағы ерекше айта кететін жағдай, Мәжіліс депутаттары осы сессияда «Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы», «Құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша» заң жобаларымен, сондай-ақ, «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша» жобаларымен және «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы», «Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері», «Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша», «Биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша» заң жобаларымен жұмыс істеді.
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, сессия барысында Үкімет сағаттары, комитеттердің көшпелі отырыстары және халықаралық конференциялар мен дөңгелек үстел отырыстары өткізілді.
Мәжіліс Төрағасы парламентшілердің халықаралық бағыттағы жұмыстары туралы айта келіп, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) биылғы жылы қыркүйек айында Түркістан қаласында өткен Х пленарлық отырысы туралы, оның жұмысына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, сондай-ақ Өзбекстан мен Венгриядан парламенттік делегациялар қатысқанын айтты. Сонымен қатар, Палата Спикері отырыста алғаш рет модельдік заңдар қабылданғанына, бұл ТүркПА қызметінің заң шығарушылық бағытына ықпал ететініне тоқталды.
Отырысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы барлық фракциялардың, барлық депутаттардың бірлескен жұмысының арқасында, Парламент Мәжілісі ел басшылығының саясатын сапалы әрі тиімді заңнамалық қолдауды қамтамасыз ететінін, алдымызда әлі де көптеген маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.
Отырыс барысында депутаттар әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын әскери қызметтің беделін арттыру бөлігінде іске асыруға, сондай-ақ ел Президенті, Жоғарғы Бас Қолбасшының әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік пакетін, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында жақсарту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу туралы 2019 жылғы 23 мамырдағы тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Құжатта әскери қызмет өткеруді және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін, әскери қызметшілерді, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігін жетілдірумен байланысты нормалар көзделіп отыр.
Сонымен қатар, депутаттар жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде шешім қабылдады.
Жалпы отырыста Палата комитеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын және «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.
Жиында Мәжіліс депутаттары бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы Сенаты енгізген өзгерістермен келісті.
Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Е.Бейсенбаев, М.Төлепберген, Хамзин.
Дерек көзі: https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id49184/1/1