Қаз   Рус  Eng

14 желтоқсанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті

Отырыста елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттанушылық 31%-ға төмендегенін айтты. Үкімет басшысы маска тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты одан әрі сақтауды және вакциналау мен ревакцинация қарқынын күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі А. Пірімқұлов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы А. Әріпханов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев баяндама жасады.

А. Мамин инвестициялық жобалардың, әсіресе импортқа тәуелді тауар позициялары бойынша іске асырылу барысын ерекше бақылауды және сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, әкімдіктермен бірлесіп, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия төлеу бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Дерек көзі: https://primeminister.kz/kz/sessions/kr-ukimetinin-otyrysy-14122021-14111145