Жоғары аудиторлық палата Төрағасының дәрісі
- Толығырақ
12 желтоқсан Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының (ЖАП) Төрағасы, PhD докторы Наталья Годунова Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (ЕҰУ) «Мемлекеттік аудиттің міндеттері туралы» тақырыбында студенттерге дәріс оқыды.
Наталья Годунова 2022 жылғы қарашада Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылғанын еске сала отырып, мемлекеттік аудиттің не үшін қажет екенін, нені анықтайтынын, қабылданған шаралардың әсері қандай болатынын айтып, жоғары аудит органының қызметіне тоқталды.
Мысал ретінде су және жер ресурстары саласындағы аудит қорытындылары келтірілді, онда ұсынымдар мен тапсырмаларды орындау нәтижесінде Су кодексіне және өзге де заңнамаға түзетулер енгізілді, суды үнемдейтін суарудың озық технологиялары қолдану бойынша шаралар қабылдануда, суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу басталды, жер қорын түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, жер балансын қалыптастыру тәртібі реттелді, жерге түгендеу жүргізу механизмі әзірленді және т.б.
Наталья Годунова сыртқы мемлекеттік аудиттің жұмыс істеуіне бағытталған құқықтық актілер туралы баяндап берді. Ол мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігі қандай аспектілерге байланысты екеніне егжей-тегжейлі тоқталып, мемлекеттік аудит жүйесін дамытудағы қол жеткізілген нәтижелермен бөлісті. Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң іске асырылып, сыртқы мемлекеттік аудит органдарының қызметі операциялық бақылаудан тиімділік аудитіне көшірілді. Халықаралық стандарттарға көшу жүзеге асырылды (ISSAI стандартының 78-нің 76-сы енгізілді). Қазіргі уақытта ЖАП-тың барлық мемлекеттік аудиторлары CIPFA* бойынша оқытылды және халықаралық сертификаттары бар.
Бұдан басқа, ЖАП басшысы тыңдаушылардың назарын жүйелі проблемаларды анықтауға және шешуге аударды. Осылайша, 5 жыл ішінде (2018-2023 жж.) үкіметке заңнаманы және мемлекеттік басқаруды жетілдіру бойынша 422 ұсыным беріліп, 166 нормативтік құқықтық актіге 174 түзету енгізілді.
Наталья Годунованың айтуынша, жаңа технологияларды қолдану арқылы жасалған деректердің орасан зор көлемі және олардың пайдаланылмаған әлеуеті цифрландыру мен электрондық аудитке көшу қажеттілігін көрсетті. Орталық мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың жүйелерімен және дерек қорларымен интеграциялау аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені азайтып, аудит жүргізу уақытын едәуір қысқартады.
Жоғары бақылау органы басшысының дәрісі ЕҰУ студенттері, профессорлары мен оқытушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Университет студенттері, әсіресе бейінді факультеттердің студенттері сұрақ қою мүмкіндігіне қуанды. Атап айтқанда, оларды аудит объектілерінің қаржылық бұзушылықтары, ЖАП-тың Парламентпен өзара іс-қимылы, мемлекеттік жобалардың тиімділігі мәселелері және де ЕҰУ «Мемлекеттік аудит» факультетінің түлектерінің Қазақстанның жоғары аудит органы мемлекеттік қызметшілерінің қатарына қосылу мүмкіндігі қызықтырды.
Наталья Годунова егер осы уақытқа дейін тиісті жұмыс тәжірибесі талап етілсе, енді біліктілік талаптарына өзгерістер енгізілгеннен кейін, қажетті конкурстан өткен түлектер оқуды аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа кірісе алатынын айтты.
CIPFA* - Ұлыбританияның мемлекеттік қаржы және бухгалтерлік есепке алудың сертификатталған институты.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі
Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/670333?lang=kk