Қаз   Рус  Eng

Жоғары аудиторлық палата Мәжілісте су ресурстарын басқару тиімділігін талдау туралы есеп берді

Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова жеке аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша су ресурстарын басқару тиімділігін талдау туралы баяндама жасады.

Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша бұл саладағы менеджменттің тиімділігі өте төмен деңгейде қалып отыр.

– Су ресурстарын басқарудың жүйелі проблемалары мен кемшіліктерінің қатарында су шаруашылығы объектілерінің тозуы, апатты жағдайы, сондай-ақ технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйелерін пайдалану бар. Гидротехникалық құрылыстардың 25 пайыздан астамы қанағаттанарлық емес және апатты жағдайда. Осыған қарамастан, ескірген технологияларды пайдалана отырып, каналдарды жобалау және салу жалғасуда. Су ысырабы су алу көлемінің 50 пайызын құрайды, – деді Наталья Годунова.

Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата орталықтандырылған сумен жабдықтау, жетілмеген тариф саясаты, білікті кадрлардың тапшылығы мен техникалық мамандардың кетуі, халықаралық несие жобаларын жүзеге асырудағы ішінара тиімсіздік мәселелерін анықтады. Баяндамада бағдарламалық құжаттың жоқтығы мен су шаруашылығын дамытудың нормативтік-құқықтық базасының жетілдірілмегендігіне ерекше назар аударылды. Наталья Годунова Мемлекет басшысының тапсырмасына қарамастан, Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы мен жаңа Су кодексі әлі қабылданбағанын атап өтті.

– Бұл – екі негізгі құжат. Олардың жоқтығынан саланы жүйелі, мақсатты түрде дамытудың орнына су инфрақұрылымы, кадр мәселесін шешу, суды үнемдеу және үнемдейтін жаңа технологияларды енгізу сияқты жүйелі мәселелерді шешуде «жыртығымызды жамауға» мәжбүрміз, – деді Н.Годунова.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та жалпы отырысқа қатысушылардың назарын осы мәселеге аударды. Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Су кодексін әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Бірақ құжат жобасы әлі Мәжіліске түскен жоқ.

– Біздің ақпаратымыз бойынша ол құжаттың жобасы Мемлекет басшысы қойып отырған талаптарға мүлде сай келмейді. Су мәселесі бірнеше мемлекеттік органның қызметімен тығыз байланысты. Дегенмен Үкіметтің су тапшылығын шешудегі нақты, кешенді ұстанымын көре алмай отырмыз. Министрліктер арасында өзара үйлесімді жұмысты бір жүйеге келтіру маңызды. Депутаттар бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды. Бұған әлі де қайтып ораламыз, – деді Ерлан Қошанов.

Депутаттар өз сұрақтары мен баяндамаларында да саладағы түйткілді мәселелерді көтерді. Талқылау нәтижесінде Мәжіліс су ресурстарын басқару тиімділігін талдау туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебін қабылдау жөнінде шешім шығарды. Сондай-ақ бүгін депутаттар 2022 жылғы 15 желтоқсанда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Эстония үкіметтері арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Оның айтуынша, келісімнің мақсаты – екі елдің құзырлы органдарының реадмиссия мәселелері бойынша ынтымақтастығын нығайту және заңсыз көші-қонмен күрестің тиімділігін арттыру.

– Келісім Қазақстан мен Эстония азаматтарын, сондай-ақ осы елдердің аумағына келу, болу немесе тұру шарттарын орындамаған немесе орындауды тоқтатқан үшінші елдің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және қайтаруды ұйымдастыру рәсімдерін жеделдетеді. Сондай-ақ мұндай тұлғалардың транзитін жеңілдетеді, – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Динара Наумова қосымша баяндамасында.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Палата комитеттері несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 8 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/675362?lang=kk 

221223