Қаз   Рус  Eng

Жоғары аудиторлық палатада макроэкономикалық талдау мәселелері бойынша семинар өтті

2024 жылғы 5-6 ақпанда Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасында (ЖАП) Дүниежүзілік банктің ел менеджерінің міндетін атқарушы Янина Ермакова мен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Кавказдағы, Орталық Азия аймағындағы және Моңғолиядағы Өңірлік әлеуетті дамыту орталығының директоры Норберт Функе мырзаның жетекшілігімен Дүниежүзілік банк пен ХВҚ-ның Өңірлік әлеуетті дамыту орталығының командасы ұйымдастырған макроэкономикалық талдау мәселелері бойынша семинар өтті.

Семинарда ЖАП қызметкерлері макроэкономикалық талдаудың әдіснамасы мен практикасымен танысты, сондай-ақ Дүниежүзілік банк пен ХВҚ-ның Қазақстан бойынша есептерін қарады. Шара барысында жиналғандар макроэкономикалық талдаудың теориялық аспектілерін талқылап қана қоймай, сонымен қатар өз білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алды.

«Макроэкономикалық талдау тақырыбы біздің еліміздің контекстінде маңызды орын алады. Бұл тақырыпты таңдау кездейсоқ емес, өйткені біз оның қазіргі жағдайда өте өзекті екеніне және экономикалық процестерді бағалаудағы маңызды рөліне сенімдіміз. Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата жыл сайын жүргізетін тиімділік аудитінің шеңберіндегі салық және бюджет саясатын бағалау – макроэкономикалық талдаудың маңызды бөлігі.» – деп өз баяндамасында ЖАП мүшесі Нұрлан Нұржанов атап өтті.

Шара соңында Қазақстанның жоғары аудит органы Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банкке барлық қатысушылардың кәсіби тәжірибесіне қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/699903?lang=kk 

060224