Қаз   Рус  Eng

Жоғары аудиторлық палатаның делегациясы 2024 жылғы Дүниежүзілік үкіметтік саммитіне қатысты Дереккөз – Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы @ Көшіру кезінде дереккөз сілтемесін пайдаланыңыз.

Төраға Наталья Годунова бастаған Жоғары аудиторлық палатаның делегациясы 12 – 14 ақпан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) өткен 2024 жылғы Дүниежүзілік үкіметтік саммитіне қатысты.

Дүниежүзілік үкіметтік саммиті – халықаралық деңгейде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қатысуына арналған бірегей алаң және «Болашақ үкіметтерді қалыптастыру» тақырыбына арналған.

2024 жылғы Саммиттің негізгі тақырыптары: үкіметтерді жеделдету және трансформациялау мақсатында цифрлық технологияларды енгізудің мүмкіндіктері мен проблемалары; жасанды интеллект және қоғам үшін салдары; экономиканың өсуі мен дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер жасаудағы жаңа технологиялар, бизнес-модельдер және әлеуметтік үрдістер; жаңа ұрпақ және білім беру; орнықты даму және ұзақ мерзімді өркендеу; урбандалу және денсаулық сақтау саласындағы жаһандық басымдықтар.

Іс-шара барысында Египет, Зимбабве, Кения Республикасы, Марокко, Мадагаскар Республикасы, Мальдив Республикасы, Маврикий Республикасы, БАӘ, Руанда Республикасы, Түркия Республикасы, Сейшель аралдары Республикасының президенттері, сондай-ақ БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

Саммит аясында мемлекеттік ресурстарды қорғаудағы жоғары аудит органдары (ЖАО) мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың рөлі, сондай-ақ осы саладағы институционалдық серіктестікті нығайту тетіктеріне арналған сессия өтті.

Басты назар мемлекеттік ресурстарды қорғаудағы және адалдық, есептілік және ашықтық құндылықтарын ілгерілетудегі жоғары аудит органдарының рөлімен байланысты озық практикаға аударылды.

Сессияда Марокко Есеп палатасының бірінші төрағасы, Мысырдың Әкімшілік бақылау органының төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы күрес секторының басшысы және Оңтүстік Африканың Бас аудиторы сөз сөйледі.

Бұдан басқа, мемлекеттік аудит саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және дамыту мақсатында Наталья Годунованың БАӘ Есептілік басқармасының президентімен екіжақты кездесуі өтті. «Мемлекеттік аудит жүйесін трансформациялау аясында бізді БАӘ ЖAО-ның INTOSAI белсенді мүшесі, сондай-ақ мемлекеттік аудитті сәтті жүзеге асыратын институт ретінде көп жылдық тәжірибесі қызықтырады. Атап айтқанда, тиімділік аудиті, қаржылық есептілік аудиті, электрондық аудит және аудиторлардың біліктілігін арттыру саласы ерекше қызығушылық тудырады», деп атап өтті Қазақстан ЖАО басшысы.

Сонымен қатар 14 ақпанда Саммит аясында Түркия есеп сотының басшысы Метин Йенер мырзамен тең дәрежедегі тексеру мәселелері бойынша екіжақты жұмыс кездесуі өтті.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/706102?lang=kk 

150224