Қаз   Рус  Eng

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзі

Құрметтi Ерлан Жақанұлы!

Құрметтi депутаттар, Үкімет мүшелері!

Ең алдымен, Мәжілістің барлық депутаттық корпусына Жоғары аудиторлық палатаның Қорытындысын жан-жақты және мұқият қарағаны үшін алғысымызды білдіреміз.

Біз атқарып жатқан жұмысымызды барынша ашық етуге бет бұрдық. Аудит нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында толығырақ жариялай бастадық. Тексерулерге сарапшылар қоғамдастығы да тартылуда. Бұл аудиторлық іс-шаралар қорытындыларының объективтілігіне қатысты мәселелерді ысырып, мемлекеттік аудит жүйесіне деген сенімді арттырады.

Ал депутаттардың тікелей қолдауымен Жоғары аудиторлық палатаға берілген жергілікті бюджеттерді тексеру құқығының арқасында бюджет қаражатын алатындар сыртқы аудиттің назарынан тыс қалмайды.

Енді Жоғары аудиторлық палатаның негізгі қорытындыларына тоқталайын.

2023 жылы стратегиялық жоспарлауда үлкен өзгерістер болды. Ұлттық жобалардың саны үшке дейін қысқарды. Бұл кідіруді күттірмейтін дамудың басым бағыттарына назар аудару үшін жасалып отыр. Яғни, қойылған мақсаттарды іске асыру үшін қаржылай қамтамасыз ету жеткілікті көлемде болуы қажет.

Қазір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбесе, мемлекеттік органның өзі жеке жауап береді. Демек қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды.

Дегенмен уақытылы орындалу проблемалары әлі де сақталып отыр. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілді. Бірақ оның тек 38%-ы ғана игерілген. Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды.

37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген. Осы жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес жобалауға және құрылысын толық аяқтау үшін жасалған 207 шарттың тек 26 жобасына ғана ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген. Іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттамасыз объектілердің бірінші қабаттары тұрғызылып, құрылысы басталғандардың жартысының іргетасы қаланған.

Сол сияқты «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасында да белгіленген мақсаттардан артта қалу байқалады. 227 объект бойынша жобалау аяқталмаған. Жыл басындағы жағдай бойынша объектілердің 17%-ы пайдалануға берілмеген.

Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен Премьер-Министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін.

Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды.

Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді.

Биыл депутаттардың ұсынысы бойынша мемлекеттік ресурстардың жұмсалуын қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып қарауды жалғастырдық. Жоспарланған макроиндикаторлардың жартысына жуығын статистиканың кеш қалыптасуына байланысты бағалау мүмкін болмады.

Қажеттілікке қарамастан, өкінішке қарай, статистика жүйесінде сапалы өзгерістер бола қойған жоқ. Цифрландырудың дамыған заманында статистикалық деректерді бір жыл және одан да көп уақытқа кешігіп әзірлеу орынсыз деп есептейміз, маңызы мен құндылығы жоғалады.

Барлық көрсеткішке қол жеткізуді нақты уақыт режимінде бақылау үшін оларды толық цифрландыру жоспарын тездету өте маңызды. Бұл қойылған мақсаттарға қол жеткізу барысында ауытқуларға жол бермеу үшін сапалы әрі нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Бюджеттік әкімшілер экономикалық әсерлерді болжап, бағалауды үйренді. Алайда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту призмасы арқылы әлеуметтік қолдауды, базалық әлеуметтік кепілдіктерді бағалау ескерусіз қалып отыр. Іс жүзінде бюджетті қалыптастыру кезінде де, оны атқару кезінде де мұндай бағалауды ешкім жүргізбейді. Бұл бюджеттің барынша әлеуметке бағдарлануы жағдайында орын алып отыр.

Осыған байланысты Халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын енгізу ұсынылады. Бұл қазақстандықтардың әл-ауқатына мемлекеттік бюджет шығыстарының тигізетін әсерін есептеп, бағалау үшін қажет.

Әкімдіктерге өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен жекелеген жағдайларда қаражаттың орталық деңгейде жоғары игерілуі өңірлерде төмен нәтиже көрсетіп отыр. Нысаналы трансферттерді жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру есебінен өңірлерге берілетін субвенциялар шамамен 5 трлн теңгені құрап отыр. Олар соңғы 3 жылда екі еседен артық өскен. Орындалуы 98%-дан жоғары болып отырған нысаналы трансферттер де шамамен тағы 2 трлн теңгені құрады.

Ал іс жүзінде қалай? Іс жүзінде бюджеттік тәртіп төмен деңгейде.

Тек төрт өңірде, яғни Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%-ы бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдерінің сақталмағаны анықталды. Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келеді. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттағаны анықталып отыр. Ал қалған маңызды инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы өңірлердің сылбырлығы неге алып келетінін әлі анықтау керек.

Осы төрт өңірде орындалмаған жұмыс көлемі үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған. Сондай-ақ өңірлерде өте маңызды және қажетті объектілердің мақсатына сай пайдаланылмау фактілері орын алып отыр. Мысалы, Семей қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан, атап айтқанда, жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан, 2023 жылы 1,7 млрд теңгеге салынған «Орталық» қазандығы пайдаланылмай тұр. Жезқазған қаласында 2023 жылы шамамен 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған.

Бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда тәртіп орнату керек. Жобалардың орындалу мерзімін ұзартуды және олардың қымбаттауы тәжірибесін шектеу қажет. Жоспарлаудан бастап оларды іске асырудың басталуына дейінгі мерзімдерді қысқартқан жөн. Бюджеттік әкімшілерге міндетті түрде типтік жобаларды қолдану жүктелуі тиіс. Мұндай жобалар бойынша жоспарлаудың, қажетті сараптамалар мен рұқсаттар алудың жеделдетілген рәсімі болуы тиіс.

Осы жобалардың құнын мониторингілеу үшін олардың ықтимал қымбаттауын IT-шешімдерді қолдану арқылы қадағалауға болады. Бұл болашақта жобаның қымбаттауына байланысты рәсімдерден өту қажеттілігін алып тастамаса да, кем дегенде оларды қысқартуы мүмкін.

Өнім жеткізушілерді айқындау барысында адами фактор барынша болмауы тиіс. Бұған тек цифрлық шешімдерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады.

Жобалардың субъективті себептерге байланысты қымбаттау ауыртпалығы тек мердігерлерге жүктелуі қажет. Ал тапсырыс берушілер тарапынан жобалардың іске асырылу мерзімдеріне ықпал етіп, олардың сметалық құнының ұлғаюына әкеп соққан кідіріс мемлекеттік қызметке кері әсер ететін теріс қылықтар санатына жатуы тиіс.

Экономиканың нақты секторында негізгі жүйе құраушы инфрақұрылымдық бастамалар ұлттық компаниялар арқылы іске асырылады. Бизнесті қолдауға қомақты ресурс жұмсалып отыр. Бұл мәселелерді ашық айтып, экономика үшін осындай қолдаудың тиімділігін жан-жақты талдау керек.

Біз өңдеуші өнеркәсіп жобалары бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызметті ынталандырудың аудитіне кірістік. Нәтижелерін биыл баяндаймыз.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға қатысып отыр. 2023 жылдың өзінде республикалық бюджеттен1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған. Бұл ретте квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсіп отыр.

Басқа да көптеген маңызды міндеттерді шешуге бюджет қаражатының жетпей жатқанын ескерсек, бұл – өрескел жағдай.

Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді.

Бұрын жарғылық капиталды ұлғайтуға бөлінген, бірақ пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігі іске қосылуы тиіс. Қаражатты ақшаны бақылау шоттарында жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет.

Ресурстарды экономикаға және қазақстандықтардың игілігі үшін пайдалану керек.

Жасанды интеллектті пайдалана отырып, бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудағы болжамдау функциясын жақсарту үшін шұғыл шаралар қажет.

Бұл жерде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі өзінің үйлестіруші рөлін күшейтуі маңызды.

Қазір мемлекеттік борыш қауіпсіз шекте болғанымен, Үкіметтің борыштық міндеттемелері биыл қаңтар айындағы жағдай бойынша 24,9 трлн теңгені құрады. 2024-2025 жылдары өткен онжылдықта тартылған қарыздарды қайтару бойынша бюджетке ең жоғары жүктеме түсіп отыр. 2023 жылы қарыздарды өтеуге және қызмет көрсетуге Ұлттық қордың трансферттерін есепке алмағанда, бюджет кірістерінің 28%-ы немесе барлық шығыстарының 19%-ы жіберілді.

Осы мәселелерге келгенде макроэкономикалық және бюджеттік параметрлерді өзара байланыстыра отырып, ұзақ мерзімді жоспарлау қажет. Алдағы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың жай-күйі туралы ақпаратты ашығырақ көрсету керек.

Сіздердің назарларыңызды аударғымыз келген негізгі мәселелер осылар. Олар бойынша Жоғары аудиторлық палата тиісті ұсынымдар дайындады.

Үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата құқық қорғау органдарына 23 аудит материалын жіберді. 123 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, 32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Есепті кезеңде 28 млрд теңге қалпына келтірілді және өтелді.

Құрметті депутаттар!

Біздің Қорытындыны жан-жақты қарап, бірлесіп жұмыс жасағандарыңыз үшін тағы да алғысымызды білдіреміз. Аудит қорытындысы бойынша берілген әрбір тапсырма толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның қатаң бақылауында болады.

Ал біздің Үкіметпен және Парламентпен бюджет процестерін жетілдіру мәселелеріне қатысты жұмысымыз әрі қарай жалғасады.

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/786200?lang=kk 

060624