Қаз   Рус  Eng

11 қараша күні спикер М. Әшімбаевтың төрағалығымен Сенат отырысы өтті

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады.

Сенат Төрағасы осы Заңның қабылдануына түсінік бере отырып, бұл ең алдымен, елдің мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

Сондай-ақ отырыс барысында депутаттар «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады.

Бұл хаттама «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін бюджеттік несиеден босатуды көздейді, сондай-ақ оның жүктелуіне кепілдік береді. Яғни, тараптардың ғарыш аппараттарын «Союз-5» зымыран-тасығышымен және оның ықтимал модификацияларымен орбитаға шығару жөніндегі коммерциялық тапсырыстардың көрсетілген кешенінен жылына кемінде екі ұшырылым мөлшерінде орындауға өзара міндеттемелері болады.

Сонымен қатар, депутаттар Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне сайлау туралы Мемлекет басшысының ұсынымын қарады. Соған сәйкес сменаторлар бұл қызметке Б. Нажімиденовті сайлады.

Отырыс соңында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын айтты. С.Ершов Қарағанды облысындағы шахталардың бірінде болған қайғылы оқиғадан кейін өзектілігі арта түскен өндірістік қауіпсіздік саласындағы проблемаларды көтерді. А.Шәкіров, В.Волков және Л. Сүлеймен тұрғын үй саясатына қатысты құқықтық қатынастарды жетілдіруді және азаматтардан жалғыз баспаналарын өндіріп алуға тыйым салуды ұсынды.

Н.Қылышбаев ҚХР карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты шекарада көліктердің жиналуына, сондай-ақ кеден заңнамасын жетілдіруге әсер еткен проблемаларды шешу бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұрады, А.Лукин жасыл желектерді қорғау мәселелеріне назар аударды, ал Е. Мамытбеков зираттарды жерлеу, орналастыру және күтіп ұстау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық акт әзірлеуді ұсынды.

Дереккөз: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5582