Қаз   Рус  Eng

4 қараша күні Мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту жөнінде республикалық кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Қазақстанда 89 қала бар екенін және олардың 27-сі моноқала санатына жататынын атап өтті. Бұл қалалардағы тұрғындар саны – 1,4 миллион адам.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңеске қатысушылардың баяндамаларын тыңдағаннан кейін моноқалалардың өзекті проблемаларына егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, Президент осы елді мекендерге қатысты мемлекеттік саясатты жедел түрде қайта қарау қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы моноқалалардың дамуын орнықты экономикалық өсімнен қатты тұралап қалуға дейінгі деңгейде салыстыра отырып, олардың даму перспективалары әртүрлі екенін атап өтті. Оның бағалауынша, кейбір моноқалалар нарыққа бейімделіп, экономикасын әртараптандыра алған. Мемлекет басшысы Кентау мен Екібастұзды, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының моноқалаларын мысал ретінде айтты. Бұл ретте, Президент оң даму көрсеткіштері бар мысалдардың көп емес екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен бірлесе отырып, барлық моноқалаларға тиісті талдау жүргізуді тапсырды, ол әзірленіп жатқан Аумақтық даму жоспары мен Өңірлерді дамыту жоспарлары ескерілуге тиіс. Президент осы жұмысты 2022 жылдың 1 наурызына дейін аяқтауды міндеттеді. Сонымен қатар, Президент шалғайдағы ірі моноқалалардың еліміздің басқа өңірлері арасындағы стратегиялық көліктік байланыстарын қамтамасыз ету маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, баяндамада моноқалалардың экономикасын әртараптандыру мен шағын және орта бизнесті дамытудағы «зәкірлік» жобалардың маңызды рөлі атап өтілді. Президент моноқалалар маңындағы жер қойнауын геологиялық зерттеу тағы бір басым міндет деп санайды. Сөз сөйлеудегі жеке блок бүкіл елдің отын-энергетикалық орталығы болып табылатын Екібастұздың даму Стратегиясына арналды.

Кеңес барысында Президент моноқалаларды дамыту тақырыбымен қатар, өңірлер әкімдері мен Үкімет мүшелерінің назарын жедел ден қоюды талап ететін бірқатар өзекті мәселелерге аударды. Бірінші мәселе ретінде ол инфляция деңгейінің өсуін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі эпидемиологиялық жағдайға да тоқталды.

Еліміздегі жанар-жағармай тапшылығы – өзекті мәселе. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өңдеу көлемінің артқанына және мұнай өңдеу зауыттары жаңартылғанына қарамастан, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» Қоры мұнай өнімдерінің тапшылығына жол бергенін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мұнай өңдеу зауыттарын жаңартудың сапасына наразылық білдірді. Бұл салаға 2 триллион теңге бөлінсе де, мұнай өңдеу зауыттарының жұмыстарын жоспардан тыс тоқтату әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Президент шекарааралық өзендердің, әсіресе, Сырдария, Жайық және Іле өзендерінің тартылып, экологиялық жағдайларының нашарлауына алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселені шешу үшін су пайдалану тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Бұл ретте, жаңа технологиялар мен цифрландыруды да пайдаланған жөн. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 120 су арнасын қалпына келтіріп, жаңадан 9 су қоймасын салу жөнінде берген тапсырмасын еске салды.

Президент ауыл шаруашылығын тиімді субсидиялау мәселесіне тағы да тоқталып, соңғы 5 жыл ішінде бұл мақсатта 2 триллионнан астам теңге бөлінгенін атап өтті. Субсидиялау мәселесіне қатысты сыбайлас жемқорлық пен ақша жымқыру фактілері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының басшысы Марат Ахметжанов егжей-тегжейлі баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Алматы облысының Пенжім кентіндегі оқиғаға тоқталып, қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау мәселесіне де назар аударды.

Президент қоғамда түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің тату және бейбіт өмір сүру дәстүрін нығайту, осындай оқиғаларға мән беру алгоритмдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің бірегейлігіне, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы нұқсан келтіруге және ұлттық қауіпсіздікке зиянын тигізуге бағытталған кез келген әрекеттерге құқық қорғау органдары тарапынан шара қолданылатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік аппарат – мемлекетті басқарудың негізі екенін атап өтіп, олар жауапкершілік алып, ең күрделі жұмысты орындауы тиіс деді.

Сонымен қатар кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы «ERG» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек және Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой баяндама жасады.

Дереккөз: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-monokalalardy-damytu-zhoninde-respublikalyk-kenes-otkizdi-4104231