Қаз   Рус  Eng

4 қараша күні спикер М. Әшімбаевтың төрағалығымен Сенат отырысы өтті

Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болды.

Енді жария лауазымды тұлғалардың қаржы операцияларын бақылау заңнамалық түрде жүзеге асырылатын болады, бұрын олар қаржы мониторингі субъектілерінің қатарына кірмеген. Құжатқа сәйкес, бейінді агенттік ұлттық жария лауазымды тұлғалардың тізімін жүргізетін болады.

Сондай-ақ, қаржы мониторингі жүргізілетін субъектілер қатарына майнингпен айналысатын тұлғалар қосылады. Енді олар ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға өз қызметінің басталғаны туралы хабардар етуге тиіс.

Сондай-ақ, отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Ә. Нұрғалиев елімізде ауыз су тапшылығын шешу үшін жерасты сулары ресурстарын зерттеуді жандандыру маңыздылығын атап өтіп, Н.Төреғалиев Қазақстан-Ресей шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерін жаңғырту мәселесін көтерді.

Өз кезегінде Ақмарал Әлназарова елімізде трансплантологиялық қызметті дамытуды ұсынды. Д. Нұржігіт патриоттық тәрбиеге қатысты бөлек заң жобасын әзірлеу қажеттігіне назар аударды.
Дереккөз: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5549