Қаз   Рус  Eng

12 қазан күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті

Отырыста еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму және 2021 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-кредит саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту туралы баяндады.

Үкімет басшысы экономиканың өсу қарқынын арттыру және әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жөніндегі жұмысты күшейтуді, сондай-ақ инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Екінші мәселені талқылау барысында ағымдағы жылдың 24 қыркүйегінде Мемлекет басшысы реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында тұжырымдамалық тұрғыдан мақұлдаған ұлттық жобалар қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов баяндама жасады.

Үкімет басшысы жобалық тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Источник: https://primeminister.kz/kz/sessions/kr-ukimetinin-otyrysy-12102021-129562