2021 жылғы 7 қазанда Сенат отырысы өтті
- Толығырақ
Сенат Төрағасы М.Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ТМД-ға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің қызметіне қатысты Келісімді ратификациялады.
Атап айтқанда, отырыста «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралып, қабылданды.
Мемлекеттердің гуманитарлық минасыздандыру саласы бойынша өзара іс-қимылы әскери ынтымақтастықтың маңызды тетігі болып саналады. Бұл құжат мина алаңдарын техникалық барлаумен және оларды минадан тазартумен айналысатын Бірлескен бөлімше қызметін қалыптастыру, қолдану және аяқтау тәртібін анықтайды. Осы ретте Келісімге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес, біздің еліміз ТМД-ға мүше емес үшінші мемлекеттің аумағына ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы мәселені қарайтын ескертпемен қол қойылғанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Сенаторлар байланыс жүйелерінің кепілдендірілген және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында күш біріктіру ТМД-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштеріндегі басқарудың маңызды тетігі екенін айтты.
«Бүгін қабылданған екі заң Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған. Бұл келісімдер ТМД шеңберінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.