22.04.2016
- Толығырақ
Есеп комитетінде «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңның нормаларын түсіндіру мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті
Дөңгелек үстелдің жұмысына Қаржы министрлігінің, «Атамекен»ҰКП, «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ», «Бәйтерек»ҰБХ» АҚ», «ҚазАгро»ҰБХ» АҚ», сондай-ақ «ҚР Аудиторлар палатасы», «Қазақстанның Аудиторлар одағы» және «Аудиторлар коллегиясы» кәсібиаудиторлық ұйымдарының өкілдері қатысты.
Есеп комитетінің Төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршиннің кіріспе сөзінде іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің мемлекеттік аудитке көшуін таныстыру рәсімі, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнама жаңалықтарын түсіндіру, Есеп комитетінің Қазақстанда мемлекеттік аудит жүйесінің құрылуы мен дамуындағы қызметі мен рөлін жария ету екенін атап өтті.
Дөңгелек үстелдің модераторы Есеп комитетінің мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім болды.
Іс-шара барысында сыртқы және ішкі мемлекеттік аудит органдарында мемлекеттік аудитті енгізу мәселелері қаралды, олардың негізгі міндеттері талқыланды.
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңның қабылдануына байланысты күшіне енген жаңалықтарға, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілерін қамту үшін Есеп комитеті ресурстарының жетіспеушілігіне байланысты, бюджет қаражатын пайдалану аудитін (арнайы мақсаттағы аудитті) жеке аудиторлық компаниялардың жүргізетіні атап өтілді. Есеп комитеті өз тарапынан аудиторлық ұйымдардың арнайы мақсаттағы аудитінің нәтижелеріне бақылау жүргізетін болады.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сертификатталған мемлекеттік аудиторлар пулын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Мәселен, дөңгелек үстелге қатысушылардың көзқарастары бойынша «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жүйесін енгізу тексерушілердің кәсіби деңгейін және мемлекеттік аудит органдарының қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын арттыруға мүмкіндік береді.
Сертификаттың білімді растап, Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссияның оң қорытындысы алынғаннан кейін берілетіні атап өтілді. 2016 жыл ішінде Ұлттық комиссия мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының екі мыңға жуық қызметкерлеріне сертификаттау жүргізеді деп жоспарлануда.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының Бірыңғай ақпараттық дерекқорын құру мәселелері қаралды. Дерекқор мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, қадағалау және өзге де мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасу, сондай-ақ электронды мемлекеттік аудит жүргізу мақсатында қалыптастырылатыны атап көрсетілді. Бірыңғай дерекқорды пайдалану аудиторлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді, жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелерін жүйелендіруге және талдауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі