19.04.2016
- Толығырақ
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің құрылуының 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті
Іс-шараға Парламент Сенатының, Парламент Мәжілісінің вице-спикерлері Сергей Громов пен Гүлмира Исимбаева, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы Ерлан Қошанов, Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова, Есеп комитетінің ардагерлері, облыстардың, Астана және Алматы қалалары тексеру комиссияларының өкілдері қатысты.
Есеп комитетінің ТөрағасыҚозыкөрпешЖаңбыршин Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың атынан келіп түскен құттықтауды оқыды.
Жоғары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы ұжымды Есеп комитетінің құрылуының 20 жылдығымен құттықтады. Ол жоғары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдеріне тоқталып өтті.
Қозыкөрпеш Жаңбыршин Есеп комитеті «Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 19 сәуірдегі Жарлығына сәйкес құрылғанын атап өтті.
Есеп комитеті Төрағасының айтуынша, Елбасының әрдайым көрсеткен қолдауы мен ықыласының арқасында өткен 20 жыл ішінде бюджет қаражатын алушылардың қаржылық тәртібін нығайту, мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиімді отандық жүйесін құруға бағытталған үлкен ұйымдастырушылық, талдамалық, бақылау жұмысы жүргізілген. Әлемдік аудиторлық қоғамдастықпен байланыс жолға қойылып, белсенді түрде дамуда.
Қозыкөрпеш Жаңбыршин, жалпы алғанда, Есеп комитеті өткен 20 жыл ішінде 734 бақылау іс-шарасын жүргізіп, 6064 объектіні тексергенін хабардар етті. Бақылаумен қамтылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің көлемі 26,0 трлн.-нан астам теңгені құраған. Жалпы сомасы 4,0 трлн.-нан астам теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Бюджетке 316,0 млрд.-тан астам теңге қалпына келтірілген. Бұл ретте, Есеп комитетін ұстауға осы кезеңде 9 млрд.-тан сәл астам теңге жұмсалған. Екі онжылдық ішінде жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша Үкіметке және бақылау объектілеріне 2254 ұсыным мен тапсырма жіберілген.
Жиын шеңберінде Парламенттің, Үкіметтің, Қаржы министрлігінің, тексеру комиссияларының өкілдері және Есеп комитетінің ардагерлері құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың отандық жүйесін дамытуға және жетілдіруге ықпал еткен Есеп комитетінің қызметкерлері мен ардагерлеріне, бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдеріне ведомстволық наградаларды табыс ету рәсімі өтті.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі