11.02.2016
- Толығырақ
2016 жылғы 11 ақпанда Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті
Ақмола, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Астана қаласы бойынша тексеру комиссияларында Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттары талаптарының сақталуын бақылау бойынша мемлекеттік аудит жүргізудің қорытындысы шығарылды.
2011 жылы облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тексеру комиссиялары құрылғаннан бері олардың қызметінің тиімділігін арттыру және мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін нығайту бойынша ауқымды жұмыстардың атқарылғаны атап өтілді. Тексеру комиссияларының жұмыс істей бастағанына аз уақыт болғанына қарамастан, олар жергілікті жерлердегі сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың толыққанды тәуелсіз органдары болып қалыптасты және олардың қызметтері нәтижелі болып отыр. Сонымен қатар, аудит нәтижесі көрсеткендей, тексеру комиссияларының жұмысында жекелеген кемшіліктер орын алған.
Атап айтқанда, аталған өңірлердің тексеру комиссиялары Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының және Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу қағидаларының бірқатар бұзушылықтарына жол берген.
Бақылаушылардың жұмыс жоспарларында көзделген мәселелердің бақылау актілерінде толық көрсетілмеу, анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді растайтын құжаттардың тиісінше ресімделмеу немесе олардың болмау, объектіні тексеру актісімен таныстыру тәртібінің бұзылу фактілері анықталды.
Ақмола, Қарағанды облыстары және Астана қаласы бойынша тексеру комиссиялары жергілікті атқарушы органға, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға аумақтарды дамыту бағдарламаларын және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларын бағалау қорытындыларын жібермеген.
Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясы тиімділікке бақылау жүргізу кезінде мемлекеттік орган және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің экономиканың дамуына, әлеуметтік салаға, мемлекеттік басқарудың басқа да салаларына ықпал етуіне кешенді талдау жасамаған.
Астана қаласы бойынша тексеру комиссиясы «Дәлел» стандартын бұза отырып, бірқатар жағдайларда көрсетілген бұзушылықтарды растайтын құжаттарды бақылау актісіне тіркемеген.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы жекелеген жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада жауаптылық көзделмеген бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік іс жүргізуді қозғаудың қажеттілігі туралы сараптамалық қорытындылар жасаған.
Аталған өңірлердің тексеру комиссияларының 13 лауазымды адамы Стандарттар мен Қағидалар талаптарының бұзылуына жол бергені үшін қабылдаған шараларға сай тәртіптік жауаптылыққа тартылған.
Есеп комитеті тексеру комиссияларының қызметін жетілдіру және жұмыс тиімділігін арттыру, олардың мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуі кезінде бұзушылықтар мен кемшіліктерді болдырмау мақсатында оларда Стандарттар талаптарының сақталуына бақылау жүргізетіні атап өтілді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Есеп комитеті Ақмола, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Астана қаласы бойынша тексеру комиссияларына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы заңнаманың талаптарын мүлтіксіз сақтау бойынша шаралар қабылдау жөнінде ұсынымдар берді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі