Қаз   Рус  Eng

15.10.2015

Сенат «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңды қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенатының отырысындамемлекет басшысының бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын орындау аясында әзірленген «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылданды. Бұл заңның ережелері аудитті халықаралық стандарттарға көшіруді қарастырады. Құжат Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілеттігін кеңейтеді.

Атап айтқанда, Есеп комитеті республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау, жинақталған қаржылық есеп берудің (республика деңгейінде) жыл сайынғы аудитін іске асыру, мемлекеттік борышты қалыптастыру және басқаруды бағалау, еліміздің Ұлттық қорының аудиті секілді жаңа міндеттерге ие болады. Есеп комитетіне сондай-ақ қаржы-экономика саласындағы ұлттық қауіпсіздікті анықтау, талдау, бағалау және болжау жөніндегі өкілеттіктер де беріледі. Құжат мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы Үкіметтің құзыретін белгілейді.

Отырыста сондай-ақ заңнамаға мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжат мемлекеттік бюджет қаржысын пайдалану барысында әкімшілік құқық бұзушылық орын алған жағдайда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына әрекет ету саласында өкілеттіктер береді.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» жаңа заң әзірленуіне байланысты мемлекеттік қаржы бақылау мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге мемлекеттік қаржы бақылау мәселелерін реттейтін өзгерістер енгізіледі. Парламентте Есеп комитетінің мүдделерін білдіру құқықтарын іске асыруға бағытталған ережелер көзделіп отыр.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі