Қаз   Рус  Eng

19.09.2015

Есеп комитеті 2015 жылғы 15-18 қыркүйек аралығында Астана қаласында мемлекеттiк қаржылық бақылау жүйесінің қызметкерлерi үшiн шетелдік лекторлардың қатысуымен біліктілікті арттыру семинарларын ұйымдастырды

«Аудит сапасын бақылау» және «Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, бақылау іс-шараларын жоспарлау» деген тақырыптар бойынша семинарлар мемлекеттік қаржылық бақылаудың қолданыстағы жүйесін реформалау және озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік аудитке көшу жөніндегі іс-шаралар шеңберінде өткізілді.

Семинарға Есеп комитетінің, бірқатар облыстардың, Алматы қаласының тексеру комиссияларының, сыртқы істер, ұлттық экономика, инвестициялар және даму, қаржы министрліктерінің ішкі бақылау қызметтерінің қызметкерлері қатысты. Лекторлар ретінде Нидерланды Корольдігі Есеп сотының жетекші мамандары дәріс оқыды.

Тыңдаушылар Нидерланды мемлекеттік аудитжүйесімен, сыртқы және ішкі аудит органдарының өзара іс-қимыл, сондай-ақ жоғары аудит органдарының (ISSAI) халықаралық стандарттарын қолдану тәжірибесімен танысты.

Есеп сотының лекторлары қаржылық есептілік және тиімділік аудитінің сапасына бақылау жүргізу әдіснамасына толығырақ тоқталып өтіп, өз елін мысалға ала отырып аудит сапасына бақылау жүргізуге қазіргі заманғы тәсілдерді ұсынды. Сонымен қатар, аудитті жоспарлау кезіндегі тәуекелдерді бағалау бойынша шеберлік-сыныбын өткізді.

Семинар аяқталған соң өткен материалды меңгеру мәніне тестілеуден табысты өткен қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

Нидерландының Есеп соты Нидерландының жоғары аудит органы болып табылады. 1814 жылы құрылған. Есеп сотының Президенті басқаратын Есеп соты кеңесі Нидерланды Өкілдері палатасының ұсынысы бойынша Корольдік Жарлықпен өмір бойына тағайындалатын үш мүшеден тұрады.

Баспасөз қызметі