Қаз   Рус  Eng

Жоғары аудиторлық палата Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары мемлекеттік аудит органдары басшылары кеңесінің XX сессиясына қатысты

27 қыркүйекте бейнеконференция режимінде Қырғыз Республикасының Есеп палатасы Алмазбек Акматовтың төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары мемлекеттік аудит (Қаржылық бақылау) органдары басшылары кеңесінің XX сессиясы өтті.

Іс-шара пленарлық отырыстан басталды, онда күн тәртібі бекітілді, XIX – XX сессия аралығындағы кезеңде кеңестің қызметі туралы есеп және жоғары қаржылық бақылау органдары үшін мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жұмысы туралы ақпарат тыңдалды.

Түстен кейін Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) мүшесі Рашит Ахметов «Мемлекеттік аудиттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету» тақырыптық сессиясында мемлекеттік аудиттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қазақстандық тәжірибе туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстанның жоғары аудит органы бүгінде ұйымдастырушылық және функционалдық салада да, қаржылық салада да тәуелсіздікке қол жеткізді.

2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес ЖАП жұмысының негізгі басымдықтарының бірі – тәуелсіздік қағидаттарын іске асыру. Атап айтқанда, институционалдық тәуелсіздікті; қаржылық және ұйымдастырушылық тәуелсіздікті қамтамасыз ету; тиімді ұсынымдар әзірлеу және олардың сапалы орындалуы; жүктелген құзыреттерді жүзеге асыру кезінде өкілеттіктер мен функционалдық тәуелсіздікті кеңейту сияқты мақсаттар тұр.

«Жоғары мемлекеттік аудит органының қызметі мемлекеттік қаражаттың үнемді жұмсалуын қамтамасыз етуге, қоғамда мемлекеттің қаржы-экономикалық қызметінің басқарылу тиімділігінің дәрежесі туралы дұрыс түсінік қалыптастыруға тиіс. Тәуелсіздіктің кез келген шектелуі, тіпті елеусіз болса да, аудиттің оң әсерін жоққа шығарады», – деп атап өтті Рашит Ахметов.

Сессия соңында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржылық бақылау органдары басшылары кеңесінің XX сессиясының қорытынды құжаттары қабылданды, сондай-ақ оның келесі өтетін орны анықталды.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/628846?lang=kk 

011023