Қаз   Рус  Eng

21 қазан күні спикер М. Әшімбаевтың төрағалығымен Сенат отырысы өтті

Палата Спикерінің ұсынуымен Сенат депутаттар Расул Рахимовті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындады.

Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады.

Заң жобасын Палатаның отырысында бірінші оқылымда және Комитеттер отырыстарында жан-жақты қарағаннан кейін депутаттар мемлекеттік сатып алуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар топтамасын әзірледі.

Осылайша, сенаторлар бұған дейін заң жобасында белгіленген бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үшін негіздердің санын, осындай сатып алу бойынша Тапсырыс берушінің бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін қысқарту жөніндегі новеллаларды қолдады, бірақ бұл ретте қосымша бір компанияның бір құрылыс объектісінде инжинирингтік қызметтер мен құрылыс-монтаждау жұмыстарын алу, сондай-ақ электрондық дүкенді Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың бәсекеге қабілетті тәсілдеріне енгізу үшін мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін болдырмауды ұсынды. Сенаторлардың пікірінше, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және салынып жатқан объектілердің сапасын жақсарту үшін маңызды.

Сонымен қатар, сенаторлар қоғамның сұраныстарына жедел жауап бере отырып, заң жобасын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа нормалармен толықтырды. Атап айтқанда, депутаттар әрі қарай сақтау айтарлықтай қауіп төндіретін және дереу жоюды қажет ететін оқ-дәрілерді анықтау қағидаларын қалыптастыру мәселесін көтерді.

Сонымен қатар сенаторлар заң жобасына отандық ғылымды дамытуға бағытталған жаңа нормаларды енгізді. Атап айтқанда, базалық қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін ғылыми ұйымдарды тікелей қолдау үшін қаржыландырудың жаңа түрін енгізу арқылы елдің жетекші ғалымдарының еңбегіне ақы төлеу ұсынылады. Бұдан басқа, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұлғайту ұсынылады.

Осылайша, заң жобасын екінші оқылымда қарау қорытындысы бойынша сенаторлар құжатты Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, отырыс барысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, қабылданды.

Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. С. Дүйсембинов Алматы облысында туризмді дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді, ал А. Күрішбаев білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтудің маңыздылығына назар аударды.

Дереккөз: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5489