7 желтоқсанда Мемлекет басшысы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді

2021 жылғы 7 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті.

Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы реформаларды іске асыру жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов баяндама жасады. Ол әлеуметтік кодекстің әзірленуі, зейнетақы жүйесінің жаңғыртылуы туралы айтты. Аталған мәселе бойынша Президенттің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти де өз пікірін білдірді.

Баяндаманы және қатысушылардың пікірлерін тыңдаған Мемлекет басшысы пандемия әлеуметтік-экономикалық дамудың проблемаларын ашып көрсеткенін және олардың шиеленісе түскенін атап өтті. Президент халық табысының өсу қарқыны баяулап, әлеуметтік теңсіздік мәселесінің ушығуы басты түйткілдердің бірі деп санайды. Оның айтуынша, бүкіл әлемдегідей Қазақстанда да бизнес пен халыққа қолдау көрсету үшін дағдарысқа қарсы әртүрлі шұғыл бастамалар мен шаралар жүзеге асырылды. Бұл тәуекел-қатерлерді азайтуға және еліміздің экономикалық ахуалын тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Жиын барысында Президенттің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы М. Әбілқасымова банк секторының дамуы және құнды қағаздар нарығы туралы тиімді макроэкономикалық саясат бойынша Консультативтік комитеттің есебін ұсынды.

Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын басқару стратегиясының тиімділігін арттыру жөнінде Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев баяндама жасады. Активтерді басқару стратегиясын одан әрі жетілдіру үшін жаңа стратегиялық аллокацияға көшу, инвестициялық үдеріске ESG факторларын енгізу, акциялардың портфельдерін хеджерлеу (нарықтық тәуекел-қатерлерден сақтандыру), сондай-ақ активтерді басқару үдерістерінің цифрландырылуын қамтамасыз ету шаралары ұсынылды.

Ұлттық банктің болжамына сәйкес кепілдендірілген трансферттердің азаюына байланысты 2022-2030 жылдар аралығында Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемі 20 миллиард долларды құрайды. Нәтижесінде Ұлттық қордың активтері 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жетеді. Оның кемінде 50 пайызы инвестициялық табыстан түседі.

Биыл Реформалар жөніндегі жоғары кеңес ел дамуының барлық бағытын қамтитын 20-дан аса мәселені қарастырды.Жиын соңында кеңес мүшелері алдағы 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.

Дерек көзі: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-reformalar-zhonindegi-zhogary-kenestin-otyrysyn-otkizdi-7111645