18 қараша күні спикер М.Әшімбаевтың төрағалығымен Сенат отырысы өтті

Сенаторлар «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобаларын қарады.

Үш жылдық республикалық бюджет жұқпалы дерт салдарын еңсеруге арналған жалпыұлттық басымдықтарды іске асыруға және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді орындауға бағытталған.

Бюджеттің маңызды міндеттерінің бірі - мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемесін мүлтіксіз орындауы болып табылады. Осыған байланысты үш жылдық кезеңде бюджет шығыстарындағы ең үлкен үлесті әлеуметтік сала шығыстары құрайды. Шығыстардың жалпы көлемінің 50,8%-ы 2022 жылы нақ осы салаға бағытталатын болады. Ал 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 59,8%-ды құрайды.

«Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толығымен орындалатын болады. 3 жыл ішіндегі түсімдердің өсуін ескере отырып, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстарды шамамен үштен бірге ұлғайту жоспарлануда. Жалпы, 2022-24 жылдары әлеуметтік салаға 26,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл құралдар көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, әлеуметтік төлемдерді индекстеу, мұғалімдердің, дәрігерлердің, бюджет қызметкерлерінің басқа да санаттарының жалақысын арттыру және көптеген әлеуметтік нысандар салу туралы сөз болып отыр», – деп атап өтті М.Әшімбаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде экономиканың өсуі мен азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Ұлттық 10 жоба қабылданған болатын. Сенат Төрағасы осы ұлттық жобаларды іске асыру үшін бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Сенат сонымен қатар бюджет кірістерінің өсуін қамтамасыз ету және Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемін қысқарту жөніндегі Үкімет жоспарлаған шараларға қолдау білдірді. Мәулен Әшімбаев бұл мәселелерді сенаторлар бірнеше рет көтергенін еске салды.

«Жалпы, алдағы үшжылдық бюджетті Үкімет үшін үлкен сынақ деуге болады. Себебі, Үкімет экономиканы дамыту қарқынын арттыру және көлеңкелі секторды азайту арқылы бюджеттің кірісін 35 пайызға өсіруді көздеп отыр. Сонымен бірге бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемін қысқарту жоспарланған. Осындай бастамаларды біз, әрине, қолдаймыз», - деді М.Әшімбаев.

Сенаторлар заң жобаларын талқылау барысында Үкімет мүшелерінің алдында инфляцияның өсуіне, оның ішінде отын бағасына, мемлекеттік қарыздың ұлғаюына, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен, интернетпен қамтамасыз етуге, фельдшерлік пункттер желісін кеңейтуге қатысты және басқа да бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

Депутаттар заң жобаларын Сенатта қарау нәтижелері бойынша республикалық бюджетке түзетулер енгізуді ұсынды. Олар, атап айтқанда, автожолдарды қайта жаңарту мен дамытуға, газбен жабдықтауға, су құбыры желілерін салу мен жөндеуге және басқа да шығыстарды ұлғайтуды ұсынып отыр. Бұл шығыстарды Үкімет резервінде көзделген қаражатты қайта бөлу есебінен қаржыландыру көзделген.

Сенаторлар осылайша заң жобасының негізгі ережелеріне қолдау білдірді және қаржының бір бөлігін өңірлердегі нақты проблемаларды шешуге бағыттауды ұсына отырып, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Ал, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды өзгеріссіз қабылдады.

Дереккөз: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5614