10 қараша күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті

Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Ә. Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, қаржы министрі Е. Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы баяндады.

Үкімет басшысы азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеуді, отандық өндірісті қолдауды қамтамасыз етуді, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды тапсырды.

Сондай-ақ, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі А. Цой санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып қала беретінін айтты.

Үкімет басшысы санитариялық талаптар шараларының жаппай сақталуын қамтамасыз етуді, мониторингтік топтардың олардың сақталуын бақылау жөніндегі жұмысының тиімділігін күшейтуді және бұзушыларға қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

Отырыстың үшінші мәселесі бойынша Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды. Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапасын және олардың Парламентке уақтылы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Үкімет отырысында Ұлттық халық санағының алдын ала қорытындылары қаралды. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Н. Айдапкелов халық санағын өткізу жөніндегі жұмыстың аяқталғаны туралы баяндады.

Премьер-Министр қазақстандықтарға ұлттық санаққа белсенді қатысқаны үшін, сондай-ақ ұлттық статистика бюросының қызметкерлеріне және өткізілген жұмысы үшін науқанға тартылған азаматтарға алғыс айтты.

Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/sessions/kr-ukimetinin-otyrysy-10112021-10101610