2021 жылғы 7 қазанда Мемлекет Басшысы Премьер-Министр А. Маминді қабылдады

Мемлекет басшысына экономиканың перспективті салаларына сапалы инвестиция тарту мәселесі жөнінде мәлімет берілді. Үкімет шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін 30 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу және 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің негізгі капиталындағы инвестицияның үлесін 30 пайызға дейін арттыру жұмыстарын жүргізуде.

Премьер-Министр Президентке эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғаны туралы баяндады. Үкіметтің мәліметіне сәйкес соңғы айда еліміз бойынша коронавирус жұқтыру көрсеткіші 1,7 есеге азайған. Аурудың өршу деңгейі – 0,94, жұқпалы аурулар бөлімдерінің 34 пайызында, жан сақтау бөлімшелерінің 32 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысына халықты вакцинациялау бойынша жоспарлы жұмыстың жалғасатыны туралы хабарланды. Асқар Мамин хабарлағандай, бүгінгі таңда бірінші компонентпен 7,7 млн – нан астам адам егілді, екінші компонентпен-6,7 млн.ағымдағы жылдың IV тоқсанында Pfizer вакцинасының 4 млн дозасы жеткізіледі деп күтілуде. Жыл соңына дейін 13,3 млн-нан астам қазақстандық үшін QazVac, Спутник М, Sinopharm, Hayat-Vax, SinoVac және Pfizer препараттарымен вакцинация мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұмауға қарсы вакцина салу жұмыстары жөнінде айтылды. Бүгінге дейін 694 мыңнан астам адам екпе алған. Жалпы 2,5 миллион адамға екпе егу жоспарланып отыр.

Асқар Мамин Президентке астық жинау науқанының барысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар, инфляцияға қарсы қабылданған шаралар кешенін жүзеге асыру туралы да баяндады.

Дереккөз: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-premer-ministr-askar-mamindi-kabyldady-7967