Есеп комитетінің Астана күніне арналған мерекелік жиналысы өтті
Есеп комитетінің Төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин ұжымды алдағы келе жатқан мерекемен құттықтап, денсаулық, кәсіби табыстар мен жаңа жетістіктер тіледі.
«1997 жылы Мемлекет басшысының астананы көшіру туралы қабылдаған тарихи шешімі халқымыздың өмірінде жаңа дәуірді ашты, еліміздің экономикасының көтерілуі мен қоғамның рухани өркендеуінің символына айналды», - деді Қозыкөрпеш Жаңбыршин.
Жоғары қаржы бақылау органының басшысы Астананың бірегей табысты жоба, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың туындысы екенін атап өтті.
«Тек Мемлекет басшысының, оның даналығы, ерік-жігері мен батылдығының арқасында ғана Астана Еуразияның маңызды саяси, экономикалық, мәдени және ғылыми білім беру орталығына, әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізетін орынға айналды», - деді Есеп комитетінің Төрағасы.
«Бүгін Қазақстанның астанасы – Президентіміздің жүзеге асқан арманына айналған, әлемнің ең озық, қарқынды және әдемі қалаларының бірі, барлық қазақстандықтардың мақтанышы болып табылады», - деп қорытындылады Қ. Жаңбыршин.
Салтанатты іс-шара барысында Есеп комитетінің және «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталығы» РМК-нің бірқатар қызметкерлері мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін –Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен, мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органының рөлін нығайтуға жәрдемдесудегі жоғары жетістіктері, қаржылық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және анықтаудағы белсенді қызметі үшін – «Қаржы бақылау саласының үздігі» төсбелгісімен және Есеп комитеті Төрағасының құрмет грамоталарымен марапатталды.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі