02.03.2015 Ағымдағы жылдың 26-27 ақпанында Мәскеу қаласында Есеп комитетінің Төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин Ресей Федерациясы Есеп палатасының өкілдерімен жұмыс бабында кездесулер өткізді

Осы кездесулерге қазақстандық тараптан Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің жауапты қызметкерлері, Ресей тарапынан - Есеп палатасының аудиторы Сергей Штогрин, аппарат басшысының орынбасары Елена Шипилева, әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наталья Кузнецова және сыртқы байланыстар департаментінің басшысы Николай Парузин қатысты.

Кездесулер барысында екі елдің жоғары қаржы бақылау органдарының ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, энергетика саласындағы қазақстандық-ресейлік жобалардың іске асырылуын, сондай-ақ кедендік әкелу баждарын есепке жатқызу және бөлу тәртібін бағалау жөніндегі 2014 жылы жүргізілген бірлескен бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша анықталған, өзара іс-қимыл саласын шектеп отырған проблемаларды шешудің жолдары нақтыланды.

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарт шеңберінде ынтымақтастық мәселелеріне, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ЖҚБО өкілдерінен құралған жұмыс тобы тарапынан бірлескен қызметтің тиімділігін арттыруға қажетті сыртқы аудиттің нормативтік және әдіснамалық құжаттарын әзірлеу барысына баса назар аударылды.

Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимылының жай-күйі және оны жетілдірудің перспективалары, сондай-ақ мемлекеттік аудитке көшу кезінде олардың қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесі қаралды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыстарды одан әрі жандандыру, соның ішінде пайдалы тәжірибемен алмасу, сондай-ақ ортақ қызығушылық тудыратын бірлескен, қосарлас бақылау және сараптау-талдау іс-шараларын жүргізу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізді.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі