26 қазан күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті

Отырыс барысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С. Шапкенов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А. Мырзахметов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов баяндама жасады.

Үкімет басшысы артта қалған өңірлерге «Еңбек» бағдарламасы және жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде жоспарларды орындау бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Еңбек министрлігі салалық мемлекеттік органдармен, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде экономиканың сапалы және тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін кадрларға қажеттілікті айқындау мәселесін өзектендіруді тапсырды.

Отырыста сондай-ақ елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі А. Цой Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады.

Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік шекарада эпидемологиялық бақылауды күшейтуді тапсырды. Өңірлерде, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауды қамтамасыз ету, сырқаттанушылық деңгейіне мониторинг жүргізу, вакцинация қарқынын арттыру тапсырылды.

Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/sessions/kr-ukimetinin-otyrysy-26102021-2695329